Әлеуметтік төлемдерге арналған бюджет: қарашаға дейін қанша қаржы игерілді 

Жарияланды 19 Қараша 2026 11:22

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Үкімет әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру арқылы 290 млрд теңгені үнемдемек
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарашаға дейін қанша қаражатты игеріп үлгерді/ kursiv.media архиві

2026 жылы зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге республикалық бюджеттен 6,7 трлн теңгеден астам қаржы қарастырылған. 1 қарашадағы жағдай бойынша оның басым бөлігі игерілген. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бюджеттің атқарылуы жөніндегі мәліметінде көрсетілген.

Зейнетақы мен жәрдемақыға қанша ақша жұмсалды

Министрлік дерегінше, жыл басында зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге 6 трлн 727,7 млрд теңге жоспарланған. 1 қарашаға дейін оның 5 трлн 565 млрд теңгеден астамы игерілген. Игерілмеген сома шамамен 2 млн теңге.

Ал зейнетақы мен жәрдемақы төлеу қызметтерін ұйымдастыруға 22,9 млрд теңге бөлінген. Оның 16,4 млрд теңгесі жұмсалған. Бұл бағыттағы қаражаттың орындалу көрсеткіші – 89%.

Әлеуметтік қорғау нысандарының құрылысына қанша қаржы бөлінді

Әлеуметтік қорғау ұйымдарының ғимараттарын салу және реконструкциялау жұмыстарына 11,38 млрд теңге қарастырылған. 1 қарашаға дейін оның 9,65 млрд теңгесі игерілген. Яғни, жоспарланған қаражаттың шамамен 1,73 млрд теңгесі әлі жұмсалмаған.

Мүгедектігі бар адамдарға қандай көмек көрсетілді

Мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз етуге 1,03 млрд теңге бөлінген. Министрлік бұл қаражатты толық игерген.

Сондай-ақ есту қабілеті бұзылған балаларды кохлеарлық имплантациядан кейін бейімдеуге 679,1 млн теңге қарастырылған. Бұл бағыттағы қаржы да толық жұмсалған.

Министрліктің жалпы бюджеті

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2026 жылға арналған жалпы бюджеті 6 трлн 778,2 млрд теңгені құрайды. 1 қарашаға дейін нақты кассалық шығын 5 трлн 603,7 млрд теңгеге жеткен. Ведомство бюджетінің орындалуы 99,96% болған.

Сондай-ақ оқыңыз