
Ақтаулық фотограф Адам Шаповаловтың фотосуреттер топтамасы италиялық Vogue басылымының сайтындағы PhotoVogue платформасы редакторларының іріктеуінен өтті.
Бұл туралы автор әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Ол Наурыз мерекесінде қалада серуендеп жүріп, түсірген фотолары халықаралық жарияланымға шығады деп күтпеген.

Фотографтың объективіне ұлттық бас киім киген егде жастағы қазақ әйелдері іліккен. Ұлттық киімнің ерекшеліктері мен ақ матаның көгілдір аспанмен үйлесіміне назар аудару үшін фотограф өзгеше ракурс таңдаған.
Ол төменнен түсіргендіктен, кейіпкерлерінің жүздері кадрға толықтай дерлік түспеген. Автордың айтуынша, фотосуреттерді модерацияға өз бетінше жіберген. Шаповалов үшін бұл – аталған платформадағы жетінші жарияланым.
Фотограф бұл идеясын өзіндік «бет-бейнесіз портреттер» деп атаған. Оның пікірінше, адамның сыртқы келбеті бейнеленбесе де, бас киімі ол туралы көп сыр шертеді.
Жарияланымның пікірлер бөлімінде қазақстандық оқырмандар авторды құттықтап, жылы естеліктерімен бөлісіп жатыр. Көпшілік фотосуреттердің бойларында ерекше сағыныш сезімін оятып, өздерінің аналары мен әжелерін еске түсіретінін жазған.
«Қандай әдемі, қандай сүйкімді апа!», «Керемет!», «Өте әдемі», – деп пікір қалдырған желі қолданушылары.
Айта кететін жайт, Vogue журналы Қазақстанды үздік туристік бағыттар қатарына қосты.