
АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Стаффт пен оның қызы Амелия Нұрлан имамның шаңырағында қонақта болды. Дипломат пен оның қызы қазақтың «төр көрсету» дәстүрімен танысты.
АҚШ елшілігі әлеуметтік желідегі парақшасында қонақта болған сәттердің видеосын жариялап, Нұрлан имамға алғыс білдірді.
«Елші Стаффт пен оның қызы Амелияны қазақ халқының жылылығын, қонақжайлығын және мәдени байлығын бейнелейтін әдемі дәстүр – «төр көрсетуге» шақырғаныңыз үшін рақмет, Нұрлан имам», – делінген жазбада.
Видеодан елші мен оның қызының қазақтың ұлттық нақыштағы шапанын киіп, дастарқан басында отырғанын көруге болады.
Төр көрсету – қазақ халқының сыйластық пен қонақжайлыққа негізделген дәстүрлерінің бірі. Үй иелері құрметті қонақтарын шаңырағына шақырып, арнайы дастарқан жайып, төрден орын берген.