Псориаз жұға ма – дәрігер аурудың белгілері мен емдеу жолдарын түсіндірді

Жарияланды 20 Қараша 2026 10:37

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Терісінде қызыл дақтар мен ақ қабыршақтар пайда болған адамды көргенде, кейбіреулер онымен араласудан тартынып жатады. Алайда псориаз жұқпалы ауру емес және науқаспен күнделікті қарым-қатынас жасау арқылы таралмайды. Дерматолог Гүлжан Мейірманова аурудың белгілері мен ерекшеліктерін түсіндіріп, псориазбен ауыратын адамдарға қалай қолдау көрсету керегін айтты.

Псориаздың негізгі белгілері қандай

Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының дерматолог дәрігері Гүлжан Мейірманованың айтуынша, псориаз – иммундық жүйе қызметінің бұзылуына байланысты пайда болатын созылмалы ауру.

Оның кең таралған түрлерінің бірі – түйіндақты псориаз. Бұл кезде теріде шекарасы анық, қызыл түсті, беті күміс түстес ақ қабыршақтармен жабылған дақтар пайда болады.

Көбіне мұндай өзгерістер шынтақта, тізеде, бастың шашты бөлігінде және бел тұсында байқалады.

Псориаз адамнан-адамға жұға ма

Псориаздың жұқпайтынын есте ұстаған жөн. Ол бір адамнан екінші адамға жанасу, құшақтасу немесе ортақ тұрмыстық заттарды пайдалану арқылы берілмейді.

Сондықтан псориазбен ауыратын адамдармен араласудан, бірге жұмыс істеуден немесе бір ортада болудан қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, айналасындағы адамдардың түсіністігі мен қолдауы науқастың өзіне деген сенімін арттыруға көмектеседі.

Псориаз кезінде нені ескеру керек

Маман теріде бөртпе немесе қабыршақтану байқалған жағдайда дерматологқа қаралуға кеңес береді. Сондай-ақ ауруды бақылауда ұстау үшін мына талаптарды орындаған жөн:

  • өз бетіңізше емделмей, дәрігерге жүгініңіз;
  • теріні үнемі ылғалдандырып жүріңіз;
  • теріні жарақаттап алудан сақтаныңыз;
  • дәрігер тағайындаған емді үзбей жалғастырыңыз.

Псориаз – ұзақ уақыт бақылауды қажет ететін ауру. Дұрыс ем мен жақындардың қолдауы адамның өмір сапасын сақтауға көмектеседі.

Сондай-ақ оқыңыз