Маргарин, дайын тағамдар: азық-түлік құрамындағы зиянды майларды қалай білуге болады

Жарияланды 12 Қараша 2026 17:28

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Олеся Бассарова

Олеся Бассарова

General News бөлімінің тілшісі
трансжиры
Фото: unsplash, бильд-редактор: Дастан Шанай

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті өнеркәсіптік трансмайлардың денсаулыққа зияны туралы ескертіп, азық-түлік сатып алғанда өнім құрамынан қандай заттарды іздеу керегін түсіндірді.

Трансмайлар – дайын тағам өнімдерінің құрамында жиі кездесетін май қышқылдарының ерекше түрі. Өнеркәсіптік трансмайлардың негізгі көздерінің бірі – ішінара гидрогенделген өсімдік майлары. Олар маргариннің, спредтердің, сондай-ақ аспаздық және басқа да май қоспаларының кейбір түрлерін өндіруде қолданылады.

Денсаулыққа төнетін қауіпті азайту үшін комитет мамандары сатып алушыларға өнімнің заттаңбасын мұқият оқып, әсіресе май өнімдерінің құрамын тексеруге кеңес береді.

Атап айтқанда, өнім құрамында ішінара гидрогенделген өсімдік майларының бар-жоғына назар аударып, өнеркәсіптік трансмайлары бар тағамдарды мүмкіндігінше шектеген жөн.

Мамандар олардың орнына қанықпаған май қышқылдарына бай тағамдарды таңдауды ұсынады. Сондай-ақ үй жағдайында ас әзірлегенде құрамында қанықпаған май қышқылдары мол өсімдік майларын пайдаланған дұрыс.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымына сәйкес, трансмай қышқылдары тәуліктік тағам рационының жалпы калориясының 1%-ынан аспауы керек. Мысалы, тәулігіне 2000 килокалория тұтынатын адам үшін бұл көрсеткіш 2,2 грамнан аз болуы тиіс. Ал мамандар өнеркәсіптік трансмайларды тағам рационынан мүлдем алып тастауға кеңес береді.

Санитариялық дәрігерлер өнім қаптамасындағы құрамды мұқият оқып, азық-түлікті саналы түрде таңдауды әдетке айналдыру дұрыс тамақтану мен тағам қауіпсіздігінің маңызды бөлігі екенін еске салады.

Тағы да оқыңыз: Тойып тамақтану асқазан обырына әкелуі мүмкін – онкологтар ескертті

Сондай-ақ оқыңыз