
Ерлан Көкеев Нұрлан Өнербаев пен Марат Омаров арасында туған «Анашым» әнінің төңірегіндегі дауға қатысты пікір білдірді.
Ол екі ағасын да – танымал әнші Нұрлан Өнербаевты да, сазгер Марат Омаровты да жақсы көретінін айтып, авторлық құқыққа қатысты өз ойын айтқан.
«Кейде өмір адамды қиын таңдаудың алдына қояды екен. Екі жақта да өзіңе жақын, жаныңа қымбат адамдар. Екеуін де сыйлайсың, екеуін де жақсы көресің… Бұл суретте менің жанымда отырған — қазақтың халық әртісі, қадірлі ағам Нұрлан Өнербаев. Нұрлан ағамен сыйластығымыз сонау 90-жылдардан басталған», – деп жазды Ерлан Көкеев.
Айтуынша, Марат Омаровпен байланысының орны бөлек. Жұбайы Анарамен шаңырақ көтерген тойында Марат ағасының анасы ақ батасын беріпті. Сол аяулы ананың батасы Көкеевтер отбасының әлі күнге жүрегінде сақталған. Балалары да бір-бірімен дос.
«Соңғы күндері «Анашым» әнінің төңірегіндегі әңгімені естіп, көңілім құлазыды. Мен ешкімге төрелік айтпаймын. Бірақ композитор ретінде бұл мәселе маған да таныс. Менің де халыққа кеңінен танылған әндерім бар. Өкінішке қарай, оларды орындаған кезде авторы аталмайтын жағдайлар аз емес. Тіпті сол әндерді мен жазғанымды көпшілік біле бермейді», – деді Ерлан Көкеев.
Сондықтан ол автор еңбегінің елеусіз қалуын, мұның қандай сезім тудыратынын жақсы түсінетінін айтты.
«Автор әнге жан бітірсе, орындаушы оған қанат бітіреді. Екеуінің де еңбегі құрметке лайық! Менің бар тілегім — өнердегі түсініспеушілік адамдар арасындағы көп жылғы сыйластыққа сызат түсірмесе екен. Бір қызығы, осы әңгіменің өзегі — «Анашым» әні. Ана туралы әннің айналасындағы дау маған өз шаңырағымызға бата берген аяулы ананы еске салды… Ана батасынан артық қандай байлық бар?!» – деді ол.
Ерлан Көкеевтің айтуынша, Нұрлан ағасы да, Марат ағасы қымбат жандар. Екеуінің де өнерін, отбасын қадірлейді.
«Әннің тағдыры кімнің қолында — автордың ба, орындаушының ба? Әлде екеуінің еңбегін бір-бірінен бөліп қарауға болмай ма?» – деп сауал тастады әнші.
Айта кететін жайт, Марат Омаров пен Нұрлан Өнербаева арасында «Анашым» әніне қатысты түсінбеушілік туындады. Композитордың сөзінше, Нұрлан Өнербаевқа әнді орындауға тыйым салынбаған. Алайда туынды авторларының әншіге өкпесі бар. Ол әншіден әннің авторын хабарлауды ескерткен. Оның айтуынша, осы ескертуден кейін Нұрлан Өнербаев әнді орындамай кеткен.