
Әнші Ақбота Керімбекова үлкен ұлының ажырасуы және бұрынғы келінімен қарым-қатынасы туралы айтты. Бұл туралы ол Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында жеткізді.
Өнер иесінің сөзінше, қазір келінімен араласпайды, ал немересін көре алмай жүр.
Әншінің айтуынша, ұлы отбасымен екі жаққа кеткеннен кейін келінімен байланысы үзілген. Ол немересін әкесінің туыстарынан алыстатпау керегін айтып, бала тәрбиесіне екі жақ та араласуы маңызды екенін айтқан.
«Үлкен ұлым ажырасып кетті. Қазір келініммен араласпаймын, өзі де араласқысы келмейді. Неге қазіргі жастар ажырасқан кезде баланы әкесінің туыстарына көрсетпейді? Ата-әжесі де немересіне көмектескісі келеді ғой. Баланың әкесінің де, оның отбасының да орны бөлек», – деді әнші.
Ақбота Керімбекова ұлы мен келінінің айырылысуына бөлек тұру мәселесі себеп болғанын түсіндірді.
Оның сөзінше, келіні жеке тұрғысы келген, алайда бала әжесінің қасында қалуды қалаған. Әншінің анасы үлкен ұлын сәби кезінен бауырына басып өсірген.
«Келін бөлек шыққысы келді, ал бала бармаймын деді. Бәрі содан басталды. Ұлыма да бөлек шықсаңдар шығыңдар, бірақ ажыраспаңдар деп айттық. Екеуінің шешіміне араласып, біраз тырыстық. Бірақ өз таңдауларын жасады, қазір әрқайсысы өз өмірін сүріп жатыр», – деді ол.
Әнші немересін сағынатынын да жасырмады.
Оның айтуынша, бұрынғы келіні өзін бұғаттап тастағандықтан, қазір онымен байланыса алмайды. Керімбекова уақыт өте жағдай реттеледі деп үміттенетінін жеткізді.