Мүтәліптің компаниясы 1,2 млрд долларлық облигацияларын өтеу мерзімін ұзартты

Жарияланды 20 Қараша 2026 12:51

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Коллаж: kursiv.media

Қазақстандағы ең ірі тау-кен актив – ERG-дің 39,3 пайызын сатып алған кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліптің Nature energy solutions Ltd. компаниясы облигациялық бағдарламасының шарттарына өзгеріс енгізді.

AIX биржасында жарияланған құжатқа сәйкес, Nature energy solutions 1,2 млрд долларлық облигацияларының өтеу мерзімін жарты жылға ұзартқан сыңайлы. 2026 жылдың мамырында шығарылған облигациялар 6 айлық болатын.

Жаңа құжатта облигациялардың айналым мерзімі бір жыл: 2026 жылғы 18 мамырдан 2027 жылғы 18 мамырға дейін деп көрсетілген.

Астанада тіркелген бұл компанияның негізгі қызмет бағыты – табиғи газды көтерме сату. Ол әрқайсысы 1 000 доллар тұратын 1 200 000 облигация шығарған.

Қаржы шарттар бойынша облигацияларға жылдық 8% сыйақы есептеледі. Кестеге сәйкес, купондық төлем 2027 жылғы 18- 23 мамыр аралығында жүргізілмек. Тартылған қаражат эмитенттің бизнесін қаржыландыруға бағытталады.

Шығарылым шарттарында инвесторлардың құқығын қорғауға бағытталған бірқатар қатаң шектеулер бекітілген. Облигация ұстаушылардың алдын ала жазбаша келісімінсіз компанияға жаңа қарыз тарту, кепілдік беру, дивиденд төлеу немесе бөлу, акционерлер мен түпкілікті бенефициарлық иелер құрамын өзгертуге тыйым салынады.

Сондай-ақ Nature energy solutions Ltd.-дегі үлесті және шығарылым қаражатына сатып алынған активтер мен акцияларды сату, беру, кепілге қою немесе сенімгерлік басқаруға тапсыруға, активтерінің 10%-ынан асатын ірі мәмілелер жасасуға, қайта ұйымдасуға немесе таратылуға да ұстаушылардың жазбаша рұқсаты қажет. Байланысты тараптармен мәмілелер тек нарықтық шарттарда жасалуға тиіс.

Мамыр айында кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп Nature Energy Solutions Ltd. компаниясы арқылы Патох Шодиев пен Александр Машкевичтің мұрагерлерінің үлестерін сатып алып, холдингтің 39,3% акциясына иелік етті. Қазіргі уақытта ERG акцияларының 40%-ы Қазақстан Республикасының Үкіметіне, ал 20,7%-ы Ибрагимовтар отбасына тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз