
Биылғы бірінші жарты жылда ірі компаниялар мен мемлекеттік ұйымдар қазақстандық жеткізушілерден 7,5 трлн теңгенің тауары мен қызметін сатып алған. Бұл жалпы сатып алу көлемінің жартысынан астамын құрайды. Ал сатып алынған тауарлар ішіндегі отандық өнімнің үлесі шамамен 33%-ға жеткен.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, отандық өндірушілерден сатып алынатын тауарлар тізімі жыл сайын жаңартылып отырады.
«Қазір онда 5 мыңнан астам тауар түрі бар. Сонымен қатар қазақстандық өндірушілермен 169 мыңға жуық келісімшарт жасалған. Отандық өндірісті дамытуға офтейк-келісімшарттар да ықпал етіп отыр. 2023 жылдан бері тау-кен компаниялары қазақстандық кәсіпорындармен жалпы құны 800 млрд теңгеге 104 келісімшарт жасасқан. Мұнай-газ саласында тағы 109 келісімшартқа қол қойылған. Ал «Самұрық-Қазына» қорының жаңа өндірістерді іске қосу бағдарламасы аясында 657 млрд теңгеге 1,4 мыңнан астам офтейк-келісімшарт жасалған», – деді Нағаспаев үкімет сағатында.
Министрдің сөзінше, мұндай келісімдер бұрын Қазақстанда өндірілмеген тауарларды шығаруға және жаңа кәсіпорындар ашуға мүмкіндік береді. Мәселен, KSP Steel компаниясы мұнай-газ саласына арналған құбыр өндірісін іске қосқан. Жобаның құны – 7,5 млрд теңге. Ал Asia Trafo энергетика саласына қажетті трансформаторлар мен реакторлар шығаратын 40 млрд теңгелік зауыт салған.
Бұдан бөлек, тау-кен металлургия саласында шөміштер, роликті тіректер, қысым датчиктері, ажыратқыштар мен радиобайланыс құралдарын өндіретін жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамаларға 400 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 3 мыңнан аса жұмыс орны ашылған.
Ұлттық жоба аясында жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 705 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобаларда отандық өнімге басымдық беріледі. Тапсырыстар электронды платформа арқылы бақыланады. Қазір жүйеге 200-ден астам қазақстандық өндіруші тіркеліп, 3 мыңға жуық тапсырыс орналастырылған.