Желтоқсанда отандық 15 фильм прокатқа шығады: кинотеатрларда орын жете ме

Жарияланды 23 Қараша 2026 11:39

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Фото: kursiv.media архиві

Желтоқсан айында кинотеатрларда 15 отандық фильмнің премьерасы жоспарланып отыр. Бір айдың ішінде мұндай көлемдегі жергілікті туындының прокатқа шығуы кинотеатрларда экран мен техникалық мүмкіндіктерге қатысты қиындық туғызуы мүмкін. Бұл туралы Chaplin кинотеатрлар желісінде жұмыс істейтін Дмитрий Кириенко мәлімдеді.

Оның сөзінше, қазақстандық киноөндіріс жыл соңына дейін дайын болған фильмдердің барлығын прокатқа шығаруға асығып жатқандай әсер қалдырады. Соның салдарынан кинотеатрлар экрандағы орын тапшылығымен қатар, фильмдерді көрсетуге қажетті серверлік қуат мәселесіне де тап болған.

«Кинотеатрлар бұрын-соңды тек экрандағы орын тапшылығымен ғана емес, серверлік қуаттың жетіспеушілігімен де бетпе-бет келіп отыр», – деп жазды Кириенко.

Желтоқсанда қандай қазақстандық фильмдер шығады

Кириенконың мәліметінше, 3 желтоқсанда бірден үш комедия көрерменге жол тартады. Олардың қатарында сәтсіз күйеу жігіт туралы «Бұл махаббат», құмар ойынға әуес күйеу жайлы «Операция үй» және белгілі актер Рүстем Жаныамановтың «Көзіме шөп салма» фильмі бар.

Ал 10 желтоқсанда бірден алты отандық туындының премьерасы жоспарланған:

  • «Айуандар» – Ернар Нұрғалиевтің «Паразиттер» фильміне ұқсас желіде түсірілген әлеуметтік комедиясы;
  • «Знакомьтесь, Батыр» – Қарағандыдағы піл туралы жеңіл ертегі;
  • «Миллиард» – Қайрат Әділгерей қатысатын комедия;
  • «Байдың баласы 2» – алғашқы бөлімінің жалғасы;
  • «Подъезд № 2» – жаңа жыл тақырыбындағы комедия;
  • «Айыптама» – Нұрлан Қоянбаевтың комедиясы.

Бұған қоса, 26 қарашада «Kindik», «Toqildaq» және «Ұмытпа» драмалары, сондай-ақ «Психолог» комедиясы прокатқа шыққан. Алдағы уақытта желтоқсан айындағы премьералар тізімі тағы толықтырылуы мүмкін.

Фильмдердің көптігі көрермен назарын бөліп жіберуі мүмкін…

Дмитрий Кириенконың пікірінше, бір айда отандық фильмдердің тым көп шығуы олардың өзара бәсекесін күшейтеді. Әсіресе жарнамасы мен көрерменге алдын ала таныстырылуына жеткілікті уақыт бөлінбеген, атауы мен постері әлі дайын емес жобалардың назардан тыс қалу қаупі бар.

«Жарияланған фильмдер саны мен олардың арасындағы бәсекені ескерсек, барлық жоба көрермен сұранысына ие болып қана қоймай, ең болмағанда жұрттың назарына іліге ала ма деген сұрақ туындайды», – деп атап өтті ол.

Кириенконың есебінше, желтоқсандағы барлық отандық премьераны көру үшін бір көрермен кинотеатрға шамамен 25 рет баруы керек. Бұл айдағы жұмыс күндерінің санынан да көп.

Тағы да оқыңыз: «Заманback» комедиясы прокатта 2 млрд теңге жинады

Сондай-ақ оқыңыз