Қарақат Әбілдина Канада сапарында шытырман оқиғаға тап болды

Жарияланды 23 Қараша 2026 12:17

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General news бөлімінің аға журналисі s.ostemir@kursiv.media
instagram.com/karakat_a, бильд-редактор: Дастан Шанай

Әнші Қарақат Әбілдина Канада сапарында күтпеген жерден шытырман оқиғаға тап болды.

Құжатын Ыстанбұл әуежайындағы кассалардың бірінде ұмытып кетіп, Астанаға ұшатын рейстен кешігіп қалған. Қасындағы балалары мен күйеуі мұны тастап, елге ұшуға мәжбүр болыпты. Сондықтан Ташкент арқылы Астанаға жетуге тура келген. Бір жарым тәулік бойы әуе кезіп, Торонто-Ыстанбұл-Ташкент-Астана бағыттымен ұшқан.  

«Торонтодан он бес сағат ұшып, Ыстанбұлға жеттік. Ыстанбұлда он сағат отырдық. Транзитпен әрі қарай Астанаға ұшуға. Енді ұшамын деп жатқан кезде төлқұжатымды таппай қалдым. Оны бір кассаға тастап кетіппін. Тура отырғызатын кезде, төлқұжатымды іздеп, қазір әкеле қоямын деп жүгіріп барып, әуежайдың бірінші қабатынан екінші қабатына көтерілдім», – деп баяндады оқиғасын әнші.

Оның айтуынша, әуежайдың үлкендігінен стадионды он мәрте айналып шыққандай күйге түскен. Содан екі-үш секундқа кешігіп, борд жабылғаннан кейін жеткен. Ол Ыстанбұл әуежайында жападан-жалғыз қалып қойған.

«Шәкірттерім де, Қыдекең де (жұбайы Қыдырәлі Болманов – ред), бәрі ұшып кетеді. Мұндай жағдайда ешкім ештеңе істей алмайды. Мен қалып қойдым. Қатты шаршап тұрмын. Мүлде ұйықтаған жоқпын. Ертең мен екі жерде өнер көрсетуім керек. Соған үлгеру үшін Ташкент арқылы ұшатын болдым», – деді әнші.

Бірнеше сағаттан соң, Қарақат Әбілдина Астанаға жеткенін, бірақ қанша шаршаса да, демалмастан, жұмыстарына жүгіретінін айтты.

Әнші мұның алдында дайын асқа тік қасық болатын адамдардың көптігіне қайран қалған еді.

Сондай-ақ оқыңыз