
Құлыбаевтар әулетіне тиесілі «Қазақстан халық банкі» АҚ мен еншілес ұйымдарының 9 айдағы таза пайдасы 727 млрд теңгені құрады. Бұл 2025 жылдың қаңтар-қазан айларымен салыстырғанда 10% аз. Былтыр топ 9 айда 810 млрд теңге таза пайда тапқан.
Аралық шоғырландырылған қаржы есебіне сәйкес, қаржы ұйымының активтері мен клиент қаражаты өсуді жалғастырғанымен, қатаң ережелер мен депозиттерге төленетін шығынның артуы табыстың бір бөлігінен қақты.
Қаржы тобы шағын және орта бизнес, корпоративтік банкингпен қатар сақтандыру, лизинг, брокерлік қызмет, активтерді басқару және лайфстайл бағыттарын қамтиды.
Таза пайда неге азайды?
Топтың несиелерден түсетін кірісі тоғыз айда шамамен 2,2 трлн теңгеге жетіп, былтырғыдан 11% шамасында артқан.
Бұған клиенттерге берілген несиелердің өсуі себеп болған. Бірақ депозиттер мен өзге қаражаттар бойынша төленетін пайыздық шығыстар шамамен 1,2 трлн теңгеге дейін көбейіп, 19% шамасында өскен.
Өйткені клиенттердің салымдары мен мөлшерлемелері өсті, әрі теңгелік депозиттердің үлесі артты. Соның салдарынан несие шығындарына дейінгі таза пайыздық кіріс 1 трлн теңге шамасында қалып, 3% шамасында ғана өскен.
Қызмет ақысы мен комиссиядан түсетін таза кіріс шамамен 90 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 12% шамасында кеміді.
Мұнда бөлшек несиелеуге қатысты талаптардың күшеюі аясында BNPL транзакциялық кірісінің азаюы және кейбір банктік қызметтерге қосылған құн салығының енгізілуі рөл ойнады.
Десе де үшінші тоқсанда төлем карталары бизнесінің өсуі есебінен бұл кіріс екінші тоқсанға қарағанда 7,5% шамасында артты.
Реттеушінің ең төменгі резервтік талаптарының күшеюінен таза пайыздық маржа 7,2%-дан 6,9%-ға төмендеді (бұл өзгеріс болмағанда 7,2% болар еді).
Ал резервтік талаптардың әсері есептелмесе, таза пайда небәрі 2% шамасында ғана азаяр еді.
Активтер, несие мен депозиттер
Жыл басынан бері банктің жалпы активтері 8% шамасында өсіп, шамамен 22,5 трлн теңгеге жетті. Клиенттерге берілген несиелер өткен жылмен салыстырғанда жалпы мәнде 10%, таза мәнде 9,6% шамасында көбейді.
Жыл басынан бері жалпы несие қоржыны шамамен 4,5% (тұрақты валютада — 8,5%), таза несие қоржыны шамамен 3,8% (тұрақты валютада — 7,4%) өсіп, шамамен 13,6 трлн теңге болды.
Сонымен қатар проблемалық бөлшек несиелерді коллекторларға сатуға мораторийдің сақталуы мен бөлшек несие өсімінің баяулауына байланысты 3-кезеңдегі несиелер үлесі 9,2%-ға жетті.
Клиенттердің салымдары шамамен 14,8 трлн теңгеге жетіп, жыл басынан бері 3,4% шамасында өсті.
Бір жылда заңды тұлғалар депозиттері 2,3%, жеке тұлғалар депозиттері 6,7% шамасында артты.
Ал жалпы депозиттер ішінде теңгелік салымдардың үлесі жыл басындағы 71,7%-дан 74,5%-ға дейін ұлғайды.
Halyk Bank-тің айналымдағы жай акцияларының 61,92%-ы «АЛМЭКС» холдингтік тобына тиесілі. «АЛМЭКС» холдингі Динара мен Тимур Құлыбаевтарға тиесілі.
Тағы 34,94%-ы The Bank of New York Mellon арқылы номиналды ұсаушылардың қолында. Бұл банк аталған пакеттің түпкі меншік иесі дегенді білдірмейді: номиналды ұстаушы акцияларды инвесторлардың атынан есепке алады. Өзге ұстаушылардың үлесі — 3,14%.