
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова Түркістан облысында суару машиналарына субсидия бөлуде болған заң бұзу мәселесіне қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, субсидия алуға өтінімдерді қарау және қаражат аудару процесі толық электронды форматқа көшірілген.
«Субсидия тек белгіленген талаптарға сай келетін және расталған өтінімдер бойынша беріледі. Өтінімдерді қарау кезінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен біріктірілген базалардағы мәліметтер пайдаланылады. Осылайша, өтініш берушілерден мемлекеттік базаларда бар ақпаратты қайта сұрату қажеттілігі азайған»,- деді Хатепова құрылтайдағы брифингте.
Ведомство бұл тәсіл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға бағытталғанын атап өтті.
Сондай-ақ министрлік бұған дейін жемқорлық тәуекелі жоғары деп танылған кейбір субсидия түрлерін алып тастаған. Олардың қатарында селекциялық жұмыстар мен құдық қазуға қатысты субсидиялар бар.
Вице-министр тергеу органдары қосымша түсіндіру немесе ақпарат қажет еткен жағдайда, тергеумен бірлесіп жұмыс істеуге және анықталған деректерді ұсынуға дайын екенін жеткізді.
Еске салсақ, бүгін ҚМА Түркістан облысында 1,1 млрд теңге ауыл шаруашылығы субсидиясын жымқырғандарды анықтады. Күдікті іс жүзінде әкелінбеген 37 суару машинасына жалған құжат рәсімдеп, бюджет ақшасын өзіне қарасты компаниялардың шотына аударып отырған.