Анаңызға қазір қоңырау шалыңыз – Сәкен Майғазиев марқұм анасын еске алды

Жарияланды 23 Қараша 2026 17:04

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General news бөлімінің аға журналисі s.ostemir@kursiv.media
instagram.com/saken_maigaziyev, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Сәкен Майғазиев марқұм анасының қырқын беріп, оның өнегелі өмірі туралы баяндап берді.

Әнші аналары бар адамдарға дәл қазір қоңырау шалып, хәлін білуге шақырды. Анасы көзі тірісінде әнші ұлына «разымын» деп бірнеше мәрте айтып, батасын берген. Сондықтан ол өзін бақытты перзентпін деп есептейді.

«Сонда да, әттеген-ай, неге қасында ұзағырақ болмадым деген өкініш өзегімді өртейді екен. Сол себепті сіздерге айтатыным, аналарыңызды көбірек таспаға түсіріңіздер, жаһанға жарияламасаңыз да, ұрпақ үшін естелік болып қалады», – деп кеңес берді әнші.

Сәкен Майғазиев анасының ғибратты ғұмырын, өнегелі өмірін қазақ әйелдеріне тіледі.

«Біздің әпкелерімізге, қарындастырымызға, келіндерімізге, адал жарларымызға Алла-Тағала нәсіп етсін деп тілеймін. Ата-енесінің ақ батасын алып, әдемі өмір сүрген біздің анамыз оң құрсақ көтергеннен бөлек, Майғазы мен Шәкиден тараған төрт ұлдың бала-шағасының баршасын бауырына басты. Құшағына алды. Анамыздың өмірі өнегелі еді. Өлеңмен өрілтіп, шариғаттан шертіп отырып, тарихты толғап тамаша дүниелерді айтып кетті. Оны естелік ретінде таспаға түсіріп алдым», – деді Сәкен Майғазиев.

Сондай-ақ, әнші осы уақытқа дейін қайғысына ортақтасып келген адамдарға алғыс білдірді.

«Қырық күн бойы бізді қолдап келгендеріңізге, қайғымызға ортақтасып, жеңілдеткендеріңізге мың рахмет. Жаназа кезінен бастап, жарғақ құлағы жастыққа тимей, жанымыздан табылып жүрген жақындарымызға мың алғыс», – деді Сәкен Майғазиев.

Айта кететін жайт, бұдан қырық күн бұрын әншінің анасы Ұлтай Мырзамбекқызы дүниеден өткен еді.

Сондай-ақ оқыңыз