Қазақстанда қатерлі ісікпен күресу үшін 3D-модельдер өсіріліп жатыр

Жарияланды 24 Қараша 2026 17:26

Олеся Бассарова

Олеся Бассарова

General News бөлімінің тілшісі
Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General news бөлімінің аға журналисі s.ostemir@kursiv.media
ученые ищут решение устойчивости рака
Фото: unsplash, бильд-редактор: Дастан Шанай

Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық пен Назарбаев Университетінің ғалымдары қуық қатерлі ісігі жасушаларының химиотерапияға не себепті бой бермейтінін зерттеп жатыр.

Шамамен 60 пациенттің биоматериалдары негізінде жасалған зертханалық модельдерде мамандар ісікті дәрілік препараттардан қорғайтын TAM-рецепторларын бұғаттау мүмкіндігін сынауда.

Аурудың ерекшеліктерін анықтау үшін қазақстандық зерттеушілер заманауи зертханалық әдістерді қолданады. Атап айтқанда, пациенттердің ісік тіндерінен алынған үлгілер негізінде үш өлшемді жасушалық модельдер өсіріледі.

Ғалымдар осы модельдер арқылы қатерлі ісік жасушаларының мінез-құлқын бақылайды. Олардың дәрілік препараттарға реакциясын зерттейді және ісіктің емге төзімділігін төмендету жолдарын іздестіреді.

фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мамандар TAM-рецепторлары деп аталатын ақуыздар тобына ерекше назар аударып отыр. Болжам бойынша, дәл осы ақуыздар қатерлі ісік жасушаларының қорғаныс механизмін қалыптастыруға көмектеседі. Алдын ала алынған деректер кейбір ақуыздардың деңгейі, аурудың агрессивтілігі және ісіктің химиотерапияға сезімталдығының төмендеуі арасында байланыс бар екенін көрсеткен.

Қазір зертханада осы ақуыздарды бұғаттау арқылы стандартты емнің тиімділігін арттыруға бола ма деген мәселе тексеріліп жатыр.

Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың онкоурологы Жанқуат Көбеевтің айтуынша, жаңа тәсілді клиникалық тәжірибеге енгізуге әзірге ерте. Қазіргі уақытта жоба биологиялық үлгілер мен зертханалық модельдер негізінде доклиникалық кезеңнен өтуде. Оның пациенттерді емдеудегі тиімділігін әлі де зерттеу қажет.

Сонымен қатар ғалымдар ісік тінінен биопсия алмай-ақ, зәр талдауы арқылы ісіктің биологиялық қасиеттерін анықтау мүмкіндігін де зерттеп жатыр.

Айта кететін жайт, биыл тоғыз айда Қазақстанда 3 млн-нан астам адам онкологиялық скринингтен өтіп, олардың 3 мыңнан астамынан қатерлі ісік анықталған.

Сондай-ақ оқыңыз