Тоғжан Қожалы гендер-патиден бас тартуға шақырды

Жарияланды 25 Қараша 2026 11:08

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General news бөлімінің аға журналисі s.ostemir@kursiv.media
Unsplash, бильд-редактор: Дастан Шанай

Кәсіпкер, қоғам белсендісі Тоғжан Қожалы гендер-патиден бас тартуға шақырды.

Сонымен қатар ол қазақ тойында торттың алғашқы тілімін кімге беру керегін күйеу жігітке таңдатуға да қарсы.

«Асабаның елдің көзінше алғашқы тілімді анаңа бересің бе, әлде жарыңа ма деп сұрағаны маған ұнамайды. Анасының да, жарының да өз орны бар. Екеуін не үшін көпшіліктің алдында бәсекеге түсіреміз? Қазаққа бұл – жат нәрсе.  Бір қарағанда әзіл сияқты, бірақ бірінің көңіліне тиіп кетуі мүмкін. Тиеді де», – деді Тоғжан Қожалы.

Оның пікірінше, қазақ тойының мәні – екі әулеттің құда болып, жақындасуы. Беташарда келін жаңа туыстарымен танысады, үлкендер жас жұбайларға бата береді. Осындай күні жігітке «қайсысы саған жақын?» деген сауал қою салтымызға жат.

«Оның үстіне, мұның кімге қандай пайдасы бар? Гендер-патиге де осы тұрғыдан қараймын. Бірі ұл, бірі қыз болсын деп екі топқа бөлініп, кімнің тілегі орындалғанын жұрт алдында көрсетудің не қажеті бар? Қазақ қуанышты хабарды «Сүйінші!» деп жеткізген. Меніңше, ең маңыздысы – әр бала өскенде ата-анасынан «Сені асыға күттік, келгеніңе қуандық» деген сөзді ести алуы», – деп түйіндейді Тоғжан Қожалы.

Айта кететін жайт, Қасым-Жомарт Тоқаев президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрамын жаңарту туралы жарлыққа қол қойды. Оның құрамында Тоғжан Қожалы да бар.

Сондай-ақ оқыңыз