
Француз актері Жерар Депардье актриса Шарлотта Арнуды зорлады деген айыппен қылмыстық сотқа тартылды.
Актер 2018 жылдың 7 тамызында болған оқиғаға қатысты сот алдында жауап береді.
22 жастағы Шарлотта Арну 2018 жылғы 7 және 13 тамызда актердің Париждегі үйіне театр қойылымына арналған мәтінді бірге жаттауға барған. Ол сол кезде 69 жаста болған Депардье өзіне бірнеше рет харассмент көрсетіп, зорлағанын айтқан.
77 жастағы Депардье 2025 жылғы тамызда бес жылдық тергеуден кейін шығарылған істі сотқа жіберу туралы қаулыға шағым түсірген еді. Қорғаушылары зорлау фактісін растайтын дәлел жоқ екенін айтып, айыптауды жоққа шығарған. Париж апелляциялық соты актердің ісін сотқа жіберу туралы шешімді өзгертпеді.
Бес жылдық тергеуден кейін тергеу судьясы актерді қылмыстық сотқа жіберу туралы шешім қабылдаған.
Судьяның пайымдауынша, Депардье психологиялық қысым көрсетіп, Арнуды қарсылық білдіруге немесе қашып кетуге мүмкіндік бермейтін дәрменсіз күйге түсірген. Сондай-ақ актер әйелдің ерікті әрі анық келісімін алмаған.
Соңғы сегіз жылда Депардьеге қатысты басқа да айыптаулар мен шағымдар түскен. 2025 жылғы мамырда Парижде тағы бір актриса оның үстінен арыз берген. Ол 2018 жылы Францияда «Thalasso» фильмін түсіру кезінде актер мен жазушы Мишель Уэльбектің қатысуымен топ болып зорлау оқиғасы болғанын мәлімдеген.
Депардье бұған дейін де сот алдында жауап берген. 2025 жылғы мамырда ол 2021 жылы «Les Volets verts» фильмінің түсірілімі кезінде екі әйелге жыныстық харассменті үшін кінәлі деп танылған.