
Алматыдағы дәмханалар мен мейрамханаларда жазғы терраса ашу тәртібі өзгерді. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Енді «летник» ашқысы келетін кәсіпкер Алматының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасына өтініш беруі керек. Өтініште нысанның мекенжайы, аумағы, өлшемі мен шекарасы көрсетілуге тиіс.
Жалпыға ортақ аумақтарда «летникті» жер учаскесін жеке меншікке рәсімдемей-ақ уақытша ашуға болады. Алайда ол үшін бірнеше талап сақталуы қажет. Олар:
- «летник» қоғамдық тамақтану орнынан алыс орналаспауы керек;
- нысан ішінен жазғы алаңға шығатын есік болуы керек;
- жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтірмеуі керек;
- толық қоршалмауға тиіс.
Ал көппәтерлі тұрғын үйлердің ауласында жазғы алаң ашу үшін кәсіпкер мүлік иелерінің бірлестігіне немесе басқарушы ұйымға жүгінеді. Шешім пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлар иелерінің жалпы жиналысында қабылданады.
Сонымен қатар жаңа ережеде жазғы алаңдарды жабдықтауға қойылатын талаптар да нақтыланған. Кәсіпкерлер ерекше қажеттілігі бар адамдардың еркін қозғалуына жағдай жасап, шұғыл қызмет көліктерінің өтуіне мүмкіндік беруге тиіс.
Айта кетейік, елде қоғамдық тамақтану орындарының саны артып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде 19 588 тамақтану орны жұмыс істеген. Қоғамдық тамақтану орындарының ең көп саны Алматыда 3 522, Астанада 2 761 және Қарағанды облысында 1 275 тіркелген.