
Қазақстандық кардиологтар 98 жастағы пациентке күрделі операция жасап, зақымданған жүрек қақпақшасын небәрі 45 минутта ауыстырды. Ота кеуде қуысын ашпай, заманауи аз инвазивті әдіспен жасалды.
Операцияны кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының дәрігерлері жүргізді. Науқасқа орталық стеноз диагнозы қойылған. Бұл ауру кезінде жүрек қақпақшасы тарылып, қан айналымы бұзылады. Соның салдарынан жүрекке түсетін салмақ артып, ауыр жүрек жеткіліксіздігі туындауы мүмкін.
Пациенттің жасы ескеріліп, мамандар TAVI технологиясын қолданған. Бұл әдіс зақымданған қақпақшаны кеуде қуысын ашпай және жасанды қан айналымы аппаратын пайдаланбай ауыстыруға мүмкіндік береді. Ол үшін сан аймағына кішкентай тілік жасалып, арнайы құрал арқылы жаңа қақпақша орнатылады.
Институт басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаевтың айтуынша, мұндай технологиялар жасы егде адамдарға да жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге жол ашады. Бұған дейін дәрігерлер 94 және 96 жастағы науқастарға осындай операция жасаған.
Отадан кейін жаңа қақпақша қалыпты жұмыс істеп, қан ағымының көрсеткіштері айтарлықтай жақсарған. Қазір пациент дәрігерлердің бақылауында.
Операцияны Алексей Колесников, Алмат Қалжанов және Нұржан Теменов бастаған мамандар тобы орындады.
Дәрігерлердің айтуынша, кардиология саласындағы заманауи технологиялар егде жастағы науқастарды емдеу мүмкіндігін кеңейтіп, олардың өмір сапасын жақсартуға көмектеседі.
Оқи отырыңыз: Санкт-Петерборда бір тәулікте маймыл шешегін жұқтырған үшінші адам анықталды