2 млрд теңгеден асқан екі комедия: Қазақстандағы ең кассалы 10 фильм анықталды

Жарияланды 29 Қараша 2026 13:20

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
фото: NY

Қазақстан киносының кассасында үш жыл тұрған рекордты қарашада екі фильм қатар жаңартты. 2023 жылы 1,835 млрд теңге жинаған «Таптым-ау сені» енді үшінші орында. Одан озған «Заманback 2» мен «Бажа кинода» фильмдерінің әрқайсысы 2 млрд теңгеден астам жинады.

фото: Kursiv Media

«Бажа кинода» алғашқы миллиардын сегіз күнде жинады

Екі фильм де прокатқа сәтті шықты. «Бажа кинода» алғашқы миллиард теңгесін сегіз күнде жинаса, «Заманback 2»-ге бұл межеге жету үшін тоғыз күн қажет болды. Ал 2 млрд теңгеге бірінші болып «Заманback 2» жетті.

«Бажа кинода» да кейін 2 млрд теңгеден асты. Екі фильмнің соңғы түсімі теңгесіне дейін белгілі болғанда, қайсысы алда тұрғаны анықталады.

Бір оқиғаның екі бөлімі де топ-10-ға кірді

2024 жылы шыққан алғашқы «Zamanback» 1,480 млрд теңге жинап, сегізінші орында тұр. Жалғасының кассасы одан кемінде 520 млн теңгеге көп. Ал төртінші және бесінші орындардағы «Ыстық ұя» мен «Дәстүрдің» арасы шамамен 25 млн теңге. «Дәстүр» мен алтыншы орындағы «Патруль. Последний приказдың» арасындағы айырма одан да аз, шамамен 3 млн теңге.

Топ-10-ды 1,301 млрд теңге жинаған «Брат или брак 3» түйіндейді. Рейтинг Қазақстан кинотеатрларындағы билет сатылымынан түскен жалпы сома бойынша жасалды.

Сондай-ақ оқыңыз