Білім және ғылым министрі түлектерді табанды болуға шақырды

Жарияланды
Министр мысал ретінде өзін келтірді

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқушылар мен ата-аналарды, ұстаздарды оқу жылының аяқталуымен құттықтады, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрінің баспасөз қызметі. 

«Барлығымыз үшін биылғы 25 мамыр ерекше форматта өтіп жатыр. Әлемдік пандемия біздің күнделікті өмірімізді түбегейлі өзгертті. Биылғы оқу жылы 4 миллионнан астам оқушы мен студенттің есінде қашықтан оқыту форматына көшумен сақталады. Қысқа уақыттың ішінде барлығыңыз жұмысты дұрыс ұйымдастыра білдіңіздер. Бұл – мұғалімдердің, ата-аналардың, оқушылардың бірлескен әрекетінің нәтижесі деп білемін. Бүгін мен әрқайсыңызға жеке-жеке үндеу тастағым келіп отыр. Сіздер жаңа жағдайда жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, ерлік таныттыңыздар. Ұстаздарға деген алғысымды бір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сіздер қиын жағдайға қарамастан, оқушыларды білім нәрімен сусындатып, оқыту барысында тынымсыз еңбек еттіңіздер. Сіздердің арқаларыңызда төртінші тоқсан толықтай қашықтан оқыту форматында өтті, бұл – білім саласында бұрын-соңды болмаған оқиға», – деді Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. 

Сонымен қатар министр, қиын кезде балаларына тіреу бола білген ата-аналардың да еңбегі өлшеусіз екенін атап өтті.

«Сіздердің қолдауларыңыз, балаларыңызға үйде отырып білім алуға жағдай жасауларыңыз қашықтан оқытуды ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Иә, сын көп айтылды, дегенмен сіздер түсіністік танытып, жеңіл қабылдадыңыздар. Сол үшін сіздерге алғыс айтамын. Оқушыларға деген ризашылығым шексіз. Олар жауапкершілікті ата-аналарымен теңдей бөлісіп, тәртіпті және алғыр бола білді. Енді, міне, білімге деген құштарлықты жоғалтпай, оқу жылын ойдағыдай аяқтап жатыр. Бұл – шын мәнінде ересек адамдарға тән қасиет», – деді министр. 

Министр, 2020 жылдың түлектеріне жеке тоқталды. 

«Әркім болашағының жарқын болғанын армандайды. Сіздер мықты ғалым, табысты кәсіпкер ғана емес, адамгершілігі мол, жақсы адам, биік тұлға болатындарыңызға сенімдімін. Тәуекелге бару арқылы ғана әркім өзі армандаған мамандықтың иесі бола алады. Ең бастысы, мүмкіндіктерді пайдалана білу керек. Еш қорықпаңыздар. Алған беттен қайтпау – өте маңызды екенін білемін. Нақты қадам жасап, ойыңыздағыны іске асыру қажет. Мәселен, мен мектеп бітірген соң бірден грантқа түсе алмадым. Одан ұялудың қажеті жоқ. Менің алдымда екі таңдау тұрды: біріншісі – ақылы түрде оқу, екіншісі –  бір жыл дайындалып, кейін Ұлттық бірыңғай тестілеуді қайта тапсыру. Сол кезде бір жыл дайындалып, тестті қайта тапсырамын деп шештім. Бір жыл уақытымды табанды дайындық пен жұмысқа арнадым. Нәтижесінде келесі жылы армандаған грантқа қол жеткіздім», – деді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ Асхат биылғы тестілеуден қорқудың қажеті жоқ екенін, бұл жай ғана сынақ, оның үстіне бұл түлектер үшін ең жеңіл емтиханның бірі болатынын айтты. 

Сондай-ақ оқыңыз