Туристік фирмалар қазақстандықтарға неліктен Грузияға баруға кеңес бермейді?
Грузия – шетелдік туристер үшін қауіпсіз мемлекет. Десе де, тіпті шетелдіктің өзі байқамауы мүмкін емес экономикалық мәселелері көп.
Грузияның Қара теңіз жағалауындағы курорттардың бағасы соңғы үш жылда қатты шарықтап кетті. Батумиды былай қойып, Кобулети, Шекветили немесе Уреки жағалауындағы 10-12 күндік жазғы демалыс Египет пен Түркия, Хайнань аралдарымен салыстырғанда, орта есеппен 10-15 пайыз қымбат. Оның үстіне грузин отельдері күндік ақыға ары кетсе таңғы ас құнын қосса, ал олардың Түркия мен Египеттегі бәсекелестері міндетті түрде «бәрі кіргізілген» жүйесімен жұмыс істейді. Сондай-ақ, Грузиядағы биылғы демалыстың өзіндік ерекшелігі бар.
Оқиғалар мен ұсыныстар
Православие парламентаралық ассамблеясының пленарлық отырысына ресейлік делегацияның қатысуына қарсылық білдірген Тбилиси тұрғындары маусымның аяғында билікке қарсы шеруге шығып, соның нәтижесінде Ресей Федерациясымен қарым-қатынасы қатты нашарлап кетті. Грузин оппозициясының Ресейге қарсы пікірін жоғары лауазымды шенділер қолдағаны сол еді, Мәскеу 8 шілдеден Ресей мен Грузия қалаларының арасындағы бүкіл әуебайланысқа шектеу қойды. Нәтижесінде ресейлік туристер демалысын Грузияда өкізуден жаппай бас тартты. Біреулерге Тбилисиге жету үшін Владикавказ немесе Ереван арқылы ұшу ұнамаса, ал кейбірі ресейлік БАҚ-та жарияланған «грузин қоғамындағы русофобия» мен орыс тілінде сөйлегені үшін «Ресей азаматтарын ұрып-соғып кететіні» жайлы ақпараттан шындап күдіктенді.
«Грузияда демалу қауіпті» деген пікір Ресейде ғана емес, Қазақстанда да таралды. Қалай дегенмен де, бірнеше туристік фирмалар осы жолдардың авторына Тблиси-Батуми бағытынан бас тартуға кеңес берді. Алматы қаласындағы туристік фирманың өкілі «Әрине, Қазақстанның Ресейден айырмашылығы – оның Грузиямен алауыздығы жоқ. Десе де, өзіңізге қараңызшы: сізді бірден Ресей азаматы деп ойлап қалуға болады. Оның үстіне олар сіздің паспортыңызды сұрап жатпайды. Тәуекелге барудың қажет жоқ, одан да Хайнаньға, Түркияға барыңыз. Біздің компания ол жақта сіздің қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етеді» деген еді.
Тағы бір туристік компанияның осындай пікірдегі өкілі өз клиенттерінің демалысы жайлы өтуі үшін олар «Тблиси-Қара теңіз» бағытындағы барлық турлардан бас тартқандарын айтып қалды. «Егер міндетті түрде Грузияға бару керек болса, онда бірден Батумиге ұшыңыз. Батумидегі әуежай жұмыс істеп тұр. Қала мен демалыс аймақтарында бәрі тыныш. Шетелдік азаматтарға ешкім тиіспейді. Ал Тблисиге барудан бас тартуға тура келеді. Абай болыңыз»,–деп жанашырлық танытқан фирма өкілі, ресейлік туроператорлармен тығыз әріптестік орнатқан бірнеше қазақстандық туристік фирма Грузияға баратын турларды белгісіз мерзімге шегеріп қойғанын айтып қалды.
Түристік фирма өкілдерінің Грузияға бару қауіпті деген ескертпесіне қарамастан, бұл елге өз жолымызбен баруға бел будық. Ең құрығанда Грузияда не болып жатқанын өз көзімізбен көргіміз келді.
«Патша секілді жетесің…»
Орыс тілінде сөйлегенің үшін ұрмақ түгіл, бірауыз ескерту айтпайтыны Тблиси әуежайында-ақ белгілі болды. Терминал ғимаратынан шыға бергеніміз сол еді, Алматыдан келген рейстің соңына ала Стамбұл, Тегеран, Тельавивтен ұшқан ұшақтар қонғанына қарамастан, жан-жақтан қаумалаған таксистер өз қызметін тек орыс тілінде ұсына бастады.
«Бауырым, Тблисиге барасың ба? Жүр, кеттік, аса қымбат емес, бар-жоғы 30 лираға жеткізіп саламын», – деп айғайлап жатты бір таксист. Ал тағы біреуі: «Әй, сен оны тыңдама, көлігіне қара, арба секілді, оған қалай отырасың? Маған отыр, 40 лари, сәл-пәл қымбаттау, әрине, есесіне менің көлігім – люкс, патша секілді жетесің»,– деп өзінің 2000-жылдары шыққан мерседесін сипап қояды. Ақыры таңдауымыз онлайн-сервис арқылы шақырылған таксиге түсіп, ол бізді отельге дейін 22 лариге жеткізіп тастады. (ол кезде 1 доллар 2,85 лариге тең еді).
Әңгіме барысында жүргізуші Ресеймен әуе байланысы үзіле салысымен, таксистер бағаны бірден көтеріп жібергенін айтады. «Путиннің шешіміне дейін Ресейден Тбилисиге күніне 25 рейс ұшып келетін. Түсінесіз бе? Сол кезде күніне әуежайдан ары-бері 15 рет қатынайтын едім. Қазір күніне 5-6 рет барып келсем, шүкір деймін. Оның үстіне доллардың құны да шарықтап барады. 20 маусымға дейін 1 доллар 2,75-2,76 лариге тең еді. Қазіргі жағдайды өздеріңіз көріп отырсыздар. Бензин де, азық-түлік те күннен-күнге қымбаттап барады»,–деп күйінеді таксист.
Ресейліктердің орнына – арабтар
Тблисидің Авлабари алаңында орналасқан шағын отель мен Батумидың Жаңа бульварындағы қонақ үйдің иелері Ресейден ғана емес, Қазақстаннан да келетін туристердің күрт азаюы салдарынан кәсіпкерлер қандай қиындықтарға тап болғанын айтып берді.
«Шамамен 2010 жылдан бастап, Грузияға Ресей мен Қазақстаннан келетін туристердің саны еселеп өсті. Шағын отелімізге толықтай орыстар орналасқан күндер де көп болды. Қазақстаннан келетіндер сирек болса да, 2-3 аптада біреуі тоқтайтын еді. Қазір бәрі сап тыйылды», – дейді отель басқарушысы. Грузияның Ресеймен ара-қатынасы бұзылған соң, отель тұрғындарының құрамы да өзгерген. «Жақында Франция, Швеция, тіпті Жапониядан қонақтар келді. Кейінгі кезде Тблисида арабтар көбейіп кетті. Алайда оларға қызмет көрсету оңай емес. Әсіресе бүкіл отбасымен келіп тоқтаса, тіптен қиын. Мәселен, дастарханға таңғы асқа шошқа еті қосылған тағамдар қойылатыны оларға ұнамайды»,– дейді Лиза Кобиашвили.
Маусым айында Авлабари алаңында орналасқан қонақүйлерден ыңғайлы номерді алдын-ала брондау тіптен мүмкін болмаса, қазір Тбилисидің тарихи орталығынан бос номерді еш қиындықсыз табуға болады. Ал алда – тамыз айы – Грузияға туристер ең көп келетін кезең. Дәл осы кезеңде бронның жоқтығы Батумидің Жаңа бульварындағы пәтерін жалға беретін Георгий Табунияны қатты алаңдатады.
«Бұрын-соңды бұндай жағдай болмаған еді, соңғы жылдары пәтерімнің бос тұрған кезі жоқ. Біреуі кетсе, келесісі келіп жататын. Жыл бойы осылайтұғын. Бізде субтропиктік климат, сондықтан қыс болмайды. Қазір жағдай тіптен қиындап, пәтерім үш аптадан бері бос тұр. Соның салдарына мен жалдық ақыны төмендетуге мәжбүрмін. Егер маусым айында күніне 100 лираға (шамамен 13,5 мың теңге – «Курсив») өткізсем, тамызда күніне 75 лира деген баға қойып отырмын. Тіпті 50 лираға дейін төмендетуге тура келетін де шығар. Әзірге үйде жасалған шарап сатып, жан бағып отырмын. Сауд Арабиясы мен БАЭ-ден келушілердің қатары көбейген соң, бұнда да сауда болмай тұр»,– дейді Георгий Табуния. Оның айтуынша, тек чурчхелаға ғана сұраныс жоғары. Грузиндердің жаңғақ пен қою жүзім шырынынан жасалатын ұлттық тәттісі бір ай бұрын 2,3 лари тұрса, қазір 3,5 лариден арзанын таппайсыз. «Жағдай бұдан әрі қиындай түссе, чурчхела жасаумен айналысатын шығармын»,– деп пайымдайды ол.
Күзді күтіп жүр
Грузияның Ресеймен қарым-қатынасы ушыққан соң, Тблисиді елдің танымал курорттары – Уреки, Кобулети және Батумимен байланыстыратын жоғары жылдамдықты Stadler пойызына билет пайда бола бастады. Ал бірнеше ай бұрын ресейлік және қазақстандық туристік компаниялардың барлығы саяхатқа 40 күн қалғанда ғана сатып алуға болатынын ескерткен еді.
Осы ретте айта кету керек, Гризияның ешбір тұрғыны елдегі жағдайға ресейліктерді мүлдем кінәламайды. Керісінше, екі апталық сапар барысында тілдескен кісілердің бәрі орыстар мен қазақтарды өз елдерінде қонақжайлықпен күтетіндерін, олардың қауіпсіздігіне толық кепілдік беретіндерін айтады.
«Ресейге, орыс тіліне, онымен одақтас мемлекет – Қазақстанға қарсы шығып жатыр» дегендерге еш сенбеңіздер, бұл өтірік. Бұл жақта елдің бәрі орыс тілінде еркін сөйлейді. Ресейден сескенетін себебіміз, ол жеріміздің 20 пайызын басып алды деп есептейміз. Уақыт өте келе Абхазия мен Цхинвалиді қайтарады деген үміттеміз. Бізге аяғымызда тұрып, экономикамызды көтеріп алуымыз. Сондықтан сіздерді құшақ жая күтеміз, бізге қонақ көп келген сайын, еліміз гүлдене түседі», – деп пайымдайды бізді Тбилисидің тарихи орындарымен таныстырған тарихшы Борис Шубладзе. Сонымен қатар, ол күзде өтетін парламент сайлауы Грузияның ішкі және сыртқы саясатын түбегейлі өзгертеді деген ойда. «Әрі-беріден соң, бізге чурхчхела мен шарап шығарудан басқа салаларды дамытатын кез келді», – деп тұжырымдайды Борис Шубладзе.