Айдос Бүркітбаев, сәулетші: Келешекте Қазақстанда заманауи ескерткіштер жасағымыз келеді
Бірі – халыққа етене ыстық көрінген Шәмші Қалдаяқов ескерткіші болса, бірі – ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш. Кейіпкеріміз осы екі жұмысқа тікелей авторлық жасаған. Бұдан басқа да бірқатар мүсіндер жасап, көптің көңілінен шығып жүрген сәулетшімен сұхбат құрған едік.
– Жазушы, компазитор, ақын болсын қай-қайсы да әр шығармасын дүниеге әкелер алдында тереңнен толғанады. Ұзақ уақытын жұмсайды. Олардың шығарманы қалай ойлап, қалай шығаратынын былайғы жұрт ептеп болса да біледі. Ал кезекті дүниесін ойластырар алдында мүсінші қалай толғанады?
– Алдымен қандай бағытта, қандай тақырыпта жасағысы келеді, соған орай зерттеу жасаймыз. Білім жинаймыз. Мәселен, Абай Құнанбаев ескерткішін жасайтын болсақ, ол кісі жайлы тереңірек ізденуге тура келеді. Әр мүсіншінің өзіндік қолтаңбасы болады. Әрбірі соның шеңберінде әрекет етеді. Бір кейіпкерді сомдап шығу үшін оның түр-сипатын білу ғана жеткіліксіз. Ол кісі немен айналысқан, қандай жетістікке жеткен, қандай ойлар айтқан, нені мақсат қылған, соның бәрін ескерткіштің бойына сыйғызуға тырысамыз. Абай мен Мағжанды екеуі де ақын ғой деп, бір типте, бір стилде жасай салуға болмайды. Әрқайсы өз ерекшелігімен көрінуі тиіс. Біз сол үшін еңбектенеміз. Талдықорған қаласында Айша Ғалымбаева деген кісінің мүсінін жасадық. Әбілхан Қастеев қазақтан шыққан тұңғыш суретші болса, Айша апайымыз қазақта әйелдер арасынан шыққан алғашқы кәсіби суретші. Біз сол кісіні сомдау үшін іс-қимылын, өмір жолын түгел біліп шықтық. Сонда ғана біздің көз алдымызда ескерткіштің нобайы пайда болды. Адамдар ойлайды, соншалықты зерттемей ақ жасауға болады деп. Шын мәнінде ескерткіштің бойындағы қажетсіз титімдей детальдің өзі-ақ сол жұмысты жоққа шығарып тұрады.
– Алматыда біраз ескерткіштің авторы атандыңыз. Соларды жасау барысында бұрынғы ескіше стилді алмастыру, жаңашылдық енгізу ойыңызда болды ма?
– Қазақстанда заманауи мүсіндер өте аз. Олар әлдеқашан дәстүрлі бағыттан шығып кеткен. Жұмыстары креативке толы. Мәселен, әшейін бір үлкен шарды жасай алады. Оның өзі бір мағына беріп тұрады. Адамдарға көңіл-күй сыйлайды. Сосын қыз бен жігіт қозғалып келіп қосылатын ескерткіштер бар. Келешекте бізде де сондай жұмыстар пайда болады деп ойлаймын.
– Бір ескерткіштің эскизін сызудан бастап, жасап, біржола тұғырына қондыруға дейін қанша уақыт жұмсалады?
– Бір жылдай уақыт кетеді. Әуелі ескерткіштің тұратын жерін анықтаймыз. Көшеге қойыла ма, әлде ғимараттың алдына ма? Сол мәселе шешілгеннен кейін сол жерге қандай ескерткіш жарасымды болатынын ойластырамыз. Көз алдымызға елестетеміз. Кей жерлерге тікесінен тұрған мүсіндер жарасады. Кей орындар үшін отырған мүсіндер өте үйлесімді. Соның бәрін ескеру керек.
– Осыншама ұзақ еңбектің еңбекақысы көңілден шыға ма? Жалпы, Қазақстанда ескерткіш авторы атанып ақшалы болу мүмкін бе?
– Меніңше, соншалықты керемет табысты болу мүмкін емес. Былай, жеткілікті. Дәл осы бағыттан айнымай еңбек етіп жүріп, сол жұмыстың қаламақысына өзін, отбасын асырай алуға болады. Дегенмен сол ақша қажеттіліктерге молынан жетіп, бизнес ашуға артылып қалады деп айтуға келмейді. Көп жұмыс істеп, күреп ақша тапсақ ол да мүмкін шығар. Бірақ біз өнер адамы болғандықтан ақшаның ізіне түспейміз. Біз үшін ең бастысы бірінші кезекте – өнер. Ақшаның соңына түсіп елді алдауға, халтураға жол беруге болмайды. Бұл ретте керемет ескерткіштердің барлығын өзім жасап жатқан жоқпын. Топта бес жігітпіз. Үш мүсінші, бір дизайнер, бір суретші. Бірге жүргенімізге бес жылдай уақыт болып қалды. Бесеуміз де – Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегіміз. Тек ескерткіш ғана емес, құрылыс, дизайн, суретшілік, қысқасы бейнелеуге байланысты кез-келген жұмыспен айналысамыз. Тапсырыс түсіп жатса түрлі нысандардың келешек бейнесінің эскизін сызып береміз.
– Елімізде ескерткіш жасайтын материал қайдан әкелінеді? Олардың құны қанша?
– Ескерткіш негізінен қола металынан жасалады. Оны Қарағандыда сатады. Бірақ көбіне сапасына қызығып, ресейлік металдарды әкеліп пайдаланып жатады. Осыдан екі жыл бұрын қола металының бір келісі 6500 теңге шамасында еді. Бойы мен салмағына қарай бір ескерткіштің өзіне 3-4 тонна қола қажет болады. Екі жарым метрлік жұмыстар 3 тоннадай болып қалады. Бес метрлік жұмыстар 7 тоннаға жуықтайды. Алып ескерткіштерді Алматының шетіндегі үлкен цехта жасаймыз. Бүкіл процесс сол жерде жүреді. Біржола аяқталған соң дайын күйінде сол жерден алып кетеді.
– Бейнелеу өнері саласына деген қызығушылық қашан туындады? Болашағыңызды да осы саламен байланыстырасыз ба?
– Сурет салуға 6-7 сыныптан бастап қызықтым. Бейнелеу өнері сабағында сыныптастарыма сурет салып беруші едім. Сөйтіп жүріп қызығушылық оянды. Әуелі өнер академиясының мектебінде 3 жыл, колледжінде 3 жыл, сосын академияда 5 жыл, барлығы 11 жыл білім алыппын. Болашақта да осы саламен жүруге ниеттіміз.
– Алматы дегенде еске түсе кететін, немесе сол ескерткіш арқылы Алматыны есіне алатындай қандай ескерткіш тұрғызылуы керек деп ойлайсыз?
– Қалалық әкімдікке 2-3 жоба алып бардық. Ішінде үлкен, кешенді жобалар да, кішігірім жобалар да болды. Бәрі де қаланың символына айналуға лайықты жобалар. Біреуінің бюджеті тым үлкен, соған сай ауқымы да өте кең жұмыс болып кетті. Тағы бірі талапқа сай келмей қалды. Үшіншісі көңілден шығып, бекітілген. Алайда карантин енгізіліп, ол жұмыс та әзірге басталмай жатыр. Десе де жұмысымыз тоқтамайды. Жас кезімізде, бойымызда күш-қайрат бар да осындай мағыналы, әдемі ескерткіштер жасап қалғым келеді. Ескерткіш – мәңгілік нәрсе ғой. Сондықтан артымызда келешек ұрпақтың игілігіне жарайтын құнды, рухани естеліктер қалдырғанымыз жөн.