Білім сапасы бойынша Қазақстанның деңгейі қандай?

Жарияланды
Сектордағы орташа жалақы – 233,9 мың теңге

Бізде білім саласы жиі сынға алынады. Оған негіз де бар. Саладағы жемқорлық, лицензия дауы арагідік өршіп тұрады. Одан бөлек көзге көрінбейтін, қолға ілінбейтін проблемалар да шаш етектен.  Әлемнің 1300 жоғары оқу орнын зерттеген QS World University Rankings 2022 халықаралық рейтингіне Қазақстанның 14 университеті ұсынылған және солардың ішіндегі ең жоғарғы орын – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға тиесілі екен (175-орын). Осылайша, еліміздің бірде бір жоғары оқу орны алғашқы жүздікті де маңайлай алмаған.  

Былтыр біздің ел білім жүйесінің сапасы туралы жаһандық рейтингте  93 елдің ішінде 62-орын алған. ТМД елдерінің арасында Қырғызстан (55) мен Ресей (36) бізден жоғары тұр. 

Аталған рейтингке Ресейден 48 университет қатысқан, ішіндегі ең жоғарғы позиция (78-орын) – Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде. Айта кетерлігі, Ресей ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2020 жылы Ресей универлерінде 281 мыңнан астам шетелдік студент білім алған. Соның әрбір бесіншісі – қазақстандық жастар (59,1 мың адам) екен. 

«Қазақстанда білім саласында биыл негізгі капиталға салынған инвестиция қаңтар-қыркүйекте 146,9 млрд теңгені құраған. 2020 жылмен салыстырғанда 12 пайызға азайған. Жалпы алғанда ел бойынша барлық бағытта негізгі капиталға салынған инвестицияның реалды жылдық өсімі 2 пайызды құрады, оның ішінде білім саласының үлесі 2-ден 1,7 пайызға азайған» деп жазады Ranking мониторингтік порталы. 

Білім саласындағы негізгі капиталға салынған инвестицияның жартысынан астамы төрт өңірге тиесілі: Алматы (26,9 млрд тг), Түркістан облысы (20,2 млрд тг), Шымкент (18,5 млрд тг) және Алматы облысы (16,6 млрд тг). Ал Батыс Қазақстан (2,2 млрд тг), Ақтөбе (2,6 млрд тг) және Маңғыстау облыстары (3 млрд тг) білім саласы бойынша аз инвестиция иеленген аймақтар қатарында. 
Ranking екінші тоқсанның қорытындысы бойынша сектордағы орташа айлық номиналды жалақыны да есептеген. Оның мөлшері – 233,9 мың теңге. Сатып алу қабілеті бірден 18,1 пайызға жоғарылаған. 

Осы ретте білім жүйесінің сапасына қатысты министр Асхат Аймағамбетовтың да сөзін келтіре кетсек дейміз. Ведомство басшысы басты проблема ретінде интернетке қолжетімділіктің төмендігін және кадр тапшылығын атаған еді. 

«Біз мектептерді физика, биология, химия заманауи кабинеттерімен жабдықтау және цифрлы ресурспен қамту мәселесін, инфрақұрылым, интернетке сапалы қолжетімділік мәселесін шешу керек. Ауыл балаларының қосымша білім алуына мүмкіндік жасап, олар үшін қолайлы орта қалыптастыру керек. Сонымен қатар білікті педагогтар қатарын арттыру да маңызды. Кадр тапшылығы бірінші кезекте ауылдарда баланың, сыныптың, соған сай жүктеменің де аздығымен байланысты. Аз комплекті мектептерде бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ беретін жағдайлар кездеседі. Оған әбден ескірген кабинеттерді қосыңыз. Мұндай жерде қандай сапа туралы әңгіме болуы мүмкін? Сондықтан біз еңбекақыны көтеру, ауылдарда мектеп-интернаттар құрылысын жүргізу, аралас мамандықтар бойынша педагогтар дайындау, қазіргі мұғалімдердің біліктілігін арттыру және интернетпен қамту бойынша жұмыстар істеп жатырмыз» деп түсіндірген еді білім және ғылым министрі. 

Ал жақында ведомство елімізде педагог дайындайтын жоғары оқу орындарының саны қысқарғанын мәлімдеді. Министрлік басына Аймағамбетов келгелі университеттер ісіне аса қатал қарауға кіріскенін білеміз. Министрдің өзі де сан мен сапа үйлесім табуы керектігін де жиі айтып жүр. Әрі түрлі ақпарат көздерінде отандық ЖОО-лардағы былықтар туралы да аз айтылмайды. Сол тұрғыдан алғанда сапасыз универлер қатарын  бір сиретіп алу артық етпесі белгілі. 

Педагогтерді даярлайтын жоғары оқу орындарының саны 86-дан 50-ге дейін қысқарған. Жалпы педагогикалық бағыттар бойынша лицензияға 138 қосымша қайтарылыпты. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы болашақ педагогтерді даярлау сапасын қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. 

Соңғы екі жылдың ішінде министрлік жоғары оқу орындарына білім беру қызметтерінің сапасын жақсарту үшін түрлі мүмкіндіктер жасады. Мәселен, биыл қыркүйек айынан бастап жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысы жоғарылап, жұмыс істеп жүрген және тәжірибесі мол мамандарды барынша жұмысқа тартуға заң жүзінде рұқсат етілді. 

Сонымен қатар жыл басынан бері білім және ғылым министрлігі еңбек нарығының заманауи сұраныстарына бейімделген 300-ден астам білім беру бағдарламасын әзірлеп шыққан. Академиялық дербестік беріліп, түлектерді сертификаттау жүйесі де енгізілген еді. 

«Болашақта балалармен жұмыс істейтін педагогтердің біліктілік мәселесі біз үшін өте маңызды. Мектептердегі оқушыларды өз ісін жақсы көретін мамандар оқытуы керек. Сондықтан бұл мәселеде педагогтерді даярлайтын жоғары оқу орындарының санына емес, олардың жұмыс сапасына баса назар аударған жөн. Ымыраға келу деген болмайды. Елімізде болашақ мұғалімдерді сапалы даярлайтын жоғары оқу орындары бар. Алайда, кейбір университеттердегі тексеру нәтижелері көңіл көншітпейді және университеттердің барлығы бірдей талаптарға сәйкес келе бермейтінін көрсетеді. Министрлік білім беру қызметтерінің сапасын сәйкестендіруге уақыт береді. Егер жоғары оқу орны сапаны жақсарту бойынша жұмыс жүргізбесе, біз қатаң шаралар қабылдаймыз. Атап айтсақ, лицензиядан айырамыз. Мысалы, қазіргі таңда елімізде педагогтерді дайындайтын жоғары оқу орындары аз. Есесіне педагогтерді бәсекеге қабілетті университеттер дайындайды. Уақыт өте келе бұл оң нәтиже береді» дейді министрліктегі білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.
 

Сондай-ақ оқыңыз