Өнімділіктің өзіңізге қолайлы әдісін табу жолдары

Жарияланды
Түрлі тәсілді қолданудан шаршаған болсаңыз

Бәріміз күнімізді берекелі өткізгіміз келеді. Өнімділікті қайтсе арттыруға болады деп бас қатыратынымыз да содан. Ендеше, осы материалда сізге 20 кеңес әзірлеп қойдық. Назарға алатын болсаңыз, өміріңізге өзгеріс енгізу жеңілдей түседі. 

1.    Мақсатты дұрыс қоя біліңіз. Ол үшін SMART жүйесін қолдануға болады. Мақсатыңыз нақты болсын. Нәтижесі қандай болуы керек, сіз нені қалайсыз — соны нақтылаңыз. Одан соң, мақсатыңыздың параметрлерін бекітіңіз. Яғни сол арқылы нәтижені бағалауға мүмкіндік болуы керек. Үшіншіден, мақсатыңыз құр қиял емес, расында іске асырылатын болсын. Реалист болыңыз. Одан соң, маңызын білу үшін өзіңізден үнемі «Бұл маған не үшін керек?» деп сұрауды әдетке айналдырыңыз. Мақсаттың мәні орындалуында болғандықтан, уақытпен тікелей байланыста болу керек. Яғни белгілі бір мерзімді бекітіңіз. Сонда ғана орындалу ықтималы артады.  

2.    Істің барысы маңызды. Көбіміз мақсат қойғанда нәтижені ғана алға тартамыз. Айталық, «арықтаймын». Бұл мақсат болғанымен, оған кірісіп кету қиын. Себебі нақтылық жетіспейді. Оның орнына қандай процесстер қажет болса, соларға маңыз берсеңіз, оңайырақ жетесіз. Ол дегеніміз, арықтағысы келген адам «жаттығу залына жазылып, аптасына 5 рет барамын» деп мақсат қою. 

3.    GTD тәсілін қолданыңыз. Бұл әдістің мәні — бітпеген істің бәрін аяқтап, осылайша миды босату. Өйткені аяқталған шаруалар басымыздан шықпай қояды. Ол үшін істеу керектің бәрін тізіп, жазу керек. Тіпті маңызы жоқ, ұсақ шаруалардың өзін тізімге қосыңыз. Сонда мидың бір бұрышында босқа орын алып тұрмайды. Әрі жазу арқылы қайсысы нақты орындалғанына баға беріп отырасыз.  

4.    Қолыңыз тимей жатса, демек өнімді жұмыс істеп жатырмын деп ойлау қате. Себебі сіз үнемі бірдеңемен айналысып жүруіңіз мүмкін. Бірақ одан келіп-кетері аз болса, өнімділік төмен деген сөз. Сол үшін жасап жүргеніңіздің қаншалықты маңызды екенін ойлаңыз. Мақсатыңызға жетуге жақындатар жол ма, жоқ па? Егер пайдасы болмаса, бекер уақыт шығындамаңыз. 

5.    Күнтізбені қолдану. To-do тізім жасаған жақсы, әрине. Бірақ күнтізбемен жоспарлаудың артықшылығы сол іске кірісудің нақты мерзімі мен уақытын көрсетіп тұрады. Оның көмегімен апталық, айлық жоспарлар жасау оңайырақ. 

6.    Басыңызды көп іспен қатырмаңыз. Бір уақытта бірнеше нәрсе істеу әбден мүмкін. Бірақ оның нәтижесі жағымды бола бермейді. Ғылымда дәлелденген мынадай дүние бар: көп іспен бір уақытта айналысу өнімділікті азайтады. Көп іс тындырдым деген бір сәттік қуаныш кеудені кернейді. Бірақ ұзаққа бармайды. Әрі жанып кетуіңіз мүмкін. Сондықтан шаруаларды бірінен кейін бірін істеуге әдеттеніңіз.  

7.    Маңызына қарай бөліңіз. Ол үшін Эйзенхауер матрицасы қолайлы. Барлық ойға алған істерді төрт топқа бөліңіз: маңызды әрі уақыты тығыз, маңызы, бірақ тығыз емес, маңызы жоқ, бірақ уақыты тығыз және маңызы да жоқ, уақыты да тығыз емес. Осылай жасап көрсеңіз, бәрі айқындала түседі.      

8.    Шаруаларды топтастыру. Маңызды деген істер санын қысқартыңыз. Бір күнде қырып-жоямын деп барлық маңызды шаруаны бекітіп қойған жөн емес. Олай ете берсеңіз, эмоционал түрде де, кәсіби де жанып кету қаупі жоғары. Сондықтан бір күнге ең көп дегенде үш істі бекітіңіз. Арасына оңай орындалатынын қосыңыз. Демалуды да ұмытпаңыз.  
9.    Дедлайнмен жұмыс. Егер сіз бәрін таяғанда істейтін болсаңыз, онда өзіңіз үшін бөлек дедлайн қойыңыз. Яғни негізі жұмысты жұма күні тапсыруыңыз керек болса, сәрсенбі бітіруім керек деңіз. 

10.    Уақыты тығыз емес істерге күніне бір сағатыңызды бөліңіз. Күнде-күнде маңызды әрі уақыты тығыз шаруаларды істеп жүре берсеңіз, маңызды, бірақ уақыты тығыз емес істер кейінге қала береді. Мысалы, бастаған кітапты аяқтауыңыз керек делік. Ол үшін осындай шаруаларға күніне кемі бір сағат бөлуді әдетке айналдырыңыз. Бұл сізді қуантып, шаршауыңызды басады. 

11.    Қателесуден қорықпаңыз. Жалпы қорқыныш сезімі адамды бір орыннан тапжылтпайды. Сондықтан онымен күресіп, қателерді дамуға деген бір қадам деп ұққан жөн. Сәтсіздікке сынбаңыз. Одан қайта, сараптап, неге олай болғанын анықтаңыз. Сөйтіп келесіде оны қайталамаңыз. Сонда келешекте жеңіске жетесіз.  

12.    Біреуге өзіңізді сынатыңыз. Жұмыста болса, басшыңыздан кері байланыс сұраңыз. Сыннан қорқудың қажеті жоқ. Біле білсеңіз,бұл сізді дамыта түседі. Ал енді мақтау сөз естісеңіз, жұмысқа құлшынысыңыз тіпті арта түседі. 

13.    Машықтарды дамыту. Үнемі ізденіп, өзіңізді дамытып жүрмесеңіз, қазір бар қабілетіңізбен алысқа шаппайсыз. Себебі ерте ме, кеш пе ішіңіз пысып кетеді. Жаңа нәрселермен танысудан қашпаңыз. Бұрын істеп көрмегенді көріңіз. 

14.    Айналаңызды тазартыңыз. Адам баласы «жұрт не дейді?» деп ойлаумен жүреді. Өзгелердің ой-пікірі, эмоциясына тәуелді болады. Ондайда арылу үшін айналаңызды тазарту керек. Айталық, үнемі негатив сөз айтатын не пессимист ой ойлайтын адам болса, одан алшағырақ жүруге тырысыңыз. Себебі күндердің күнінде оның сол қасиеті сізге де жұғып кетуі мүмкін. 

15.    Ақылды адамдармен жолдас болыңыз. Орта өте маңызды. Дамуға әсер ететін бірден-бір фактор. Сондықтан айналаңызға жақсыларды жиыңыз. Өзіңізден жоғары адамдармен жүрсеңіз, соларға жетуге талпынасыз. 

16.    Өзгелердің жетістігін аңдымаңыз. Бұл өзіңізге кері әсер етеді. Іштарлықты қойыңыз. Досыңыз кәсіп бастап, табысқа кенеліп жатса, қызғанбаңыз. Артын аңдып, не істеп, не қойғанын бақыламаңыз. Оның орнына өзіңізді жетістікке апарар жолға түсіңіз. 

17.    Көмек сұраудан ұялмаңыз. «Өзім, өзім» дей берген де жөн емес. Себебі біз қоғамбыз. Қол ұшын созуын сұраудың еш әбестігі жоқ. Бәрін иығыңызға арта берсеңіз, морт сынуыңыз мүмкін. 

18.    Өнімділікті арттырудың өзіндік тәсілін табыңыз. Әркім өз шамасын жақсы біледі. Біреудің тайм-менеджменті біреуге сәйкес келмеуі — қалыпты жағдай. Сондықтан сізге нақты пайдалы, тиімді түрін табуыңыз керек. 

19.     Тұрмыстық мәселелерден миыңызды босатыңыз. Күнде «ертең не кием?» деп жүрмес үшін бір аптаға гардероб капсула жасаңыз. «Қандай тамақ істейм?» демеудің бір жолы — апталық меню жасау. Азық-түлікке баратын арнайы күн, үй тазалайтын бөлек күнді бекітіңіз. Сонда осы мәселелер миыңыздан шығады. Сөйтіп бар назарыңыз жұмыста болады. 

20.    Қай уақытта жақсырақ жұмыс істейсіз, соны анықтаңыз. Әркімнің белсенділігі әр түрлі. Мысалы, біреу барлық маңызды істі түске дейін істеп тастағанды жақсы көреді. Ал енді бірінің шабыты түнде ашылады. Өзіңізді өзіңізден артық білетін ешкім болмағандықтан, барынша тиімді уақытты белгілеңіз. Ең маңыздыларын сол кезге жоспарлаңыз.     
 

Сондай-ақ оқыңыз