«Абу-Даби Плазаны» салып жатқан бас мердігер компания жабылмақ
Қазақстан астанасының қақ төрінде салынып жатқан «Абу-Даби Плазаның» бас мердігері – Arabtec Holding қаржылай қиындыққа байланысты жабылады. Компания жарты жылда 794 млн дирхам (92,8 млрд теңге) шығынға батыпты. Нарықтағы тұрақсыздық пен шығынның қордалануы себепті компания акционерлері 30 қыркүйек күнгі жалпы жиналыста осындай шешімге келген. Arabtec Holding төрағасы бұндай шешімге COVID-19 пандемиясының салдары себеп болды деп мәлімеді.
Arabtec төрағасы Уәлид әл Мұхарраб әл Мұхайридің айтуынша, компания жобаларына көп жылғы сәтсіздіктерден кейін, коронавирустың экономикалық зардабы қатты тиген көрінеді.
«Компания қаржысы мен операцияларын қайта құрылымдау, заңды және коммерциялық құқығын қалпы келтіруге қанша тырысқанымызбен, Arabtec дәрменсіз күйде тұр», – деді ол.
Оның айтуынша компания алдағы апталарда реттеуші органдар және мүдделі тараптармен жан-жақты жұмыс істейтін болады.
Arabtec Holding негізі 1975 жылы қаланған, осы жылдар ішінде ол Таяу Шығыстағы ең ірі құрылыс алпауытына айналды. Сонымен қатар компания Абу-Дабидегі жасанды аралға Луврдың бөлімшесін салумен аты шыққан. Жалпы аталмыш компания 240-қа жуық жобаны жүзеге асырған. Оның ішінде әлемдегі ең биік зәулім ғимарат –Бурдж-Халифа бар.
Айта кетейік, Arabtec Holding – Нұр-Сұлтан қаласындағы «Абу-Даби Плаза» кешенінің бас мердігері. Бұл нысанды тапсыру мерзімі 5 рет кейінге шегеріліп, соңғы рет 2020 жылдың желтоқсанында бітеді деп жоспарланған.
Ең биік ғимараттың соңғы қабаты салынып қойған. Оң қапталындағы қасбетін шынылау да аяқталып қалған.
Сол жағалауда орналасқан «Абу-Даби Плазаның» жалпы аумағы 500 мың шаршы мертден асады. Көпсалалы кешен екі қабатты сауда үйімен біріктіліген биіктігі әртүрлі 5 мұнарадан тұрады.