Коронавирустан жазылған соң қалай күтіну керек?
Коронавирус инфекциясымен ауырған адамның қай-қайсысына да оңалту шаралары қажет. Осы орайда өкпе жұмысын қалай қалпына келтіруге болады, оксигенотерапия деген не, тыныс алу гимнастикасын дұрыс жасау жолдары туралы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру департаментінің басшысы профессор Сауле Касенова айтып берді.
Сауле Лайыққызының айтуынша, оңалту вирустық инфекцияның ауырлық деңгейіне байланысты, паценттердің басым бөлігіне қажет.
COVID-19 жеңіл түріне шалдыққан адам (КТ-ға сәйкес, өкпе 30%-ға дейін зақымданған) аізасын қалпына келтіруге 1-3 ай кетуі мүмкін. Көбінесе дәрі ішуді керегі жоқ. Бұл ретте дәрігер пациенттің жағдайын (ентігу, тершеңдік, әлсіздік, жүрек соғысының жиілеуі) және талдаудың нәтижелерін бағалайды.
Оңалту шараларына:
• тыныс алу гимнастикасы,
• күн тәртібін сақтау,
• ұйқыны қандыру,
• таза ауада секілді пациент өз бетінше орындай алатын жаттығулар кіреді.
Кей жағдайларда қосымша дәрі-дәрмек, мәселен, жүрек соғысын азайту, ентігуді төмендету және т.б. үшін тағайындалады.
Аурудың орта дәрежесінде, яғни өкпе 30-дан 50%-ға дейін зақымданған жағдайда, оңалту 6 айға дейін жалғасуы мүмкін. Жоғарыда келтірілген іс-шаралардан басқа, аурудан айыққан пациентке дәрігер қанды сұйылтатын препарат тағайындайды. Қан кету сынды кері әсерін ескеріп, оларды 45 күннен артық қабылдауға болмайды.
КВИ-нің ІІІ деңгейімен ауырғанда, өкпе 50-ден 75%-ға дейін зақымданады. Бұл жағдайда өкпемен қатар, жүрек, бауыр, бүйрек, ми да зақымданады. Сондықтан мұндай пациенттерді стационардан шыққаннан кейін пульмонолог, кардиолог, гастроэнтеролог, нефролог, невропатолог және психотерапевт бақылауға алады. Оңалту шаралары барлық зақымданған ағзалардың қызметін қалпына келтіруді қоса отырып, кешенді өтеді. Бұл шаралар кемінде бір жыл уақытты алады.
Вирус адамға тыныс алу жолдары арқылы кіреді. Ағзадағы тыныс алу және газ алмасу қызметін өкпе жүзеге асырады. Сырқат өте ауыр өтсе, онда бұл ағза қанды оттегімен қанықтыру қызметін жоғалтып, функционалдық және құрылымдық өзгерістерге шалдығады. Ауыр ентігу микро- немесе макротромбозға әкеледі.
Сондықтан аурудың күрделі түрін емдеу пациенттің күйін, стационар жағдайында тексерудің мәліметтерін күн сайын, кейде тіпті сағат сайын бақылауды талап етеді. Өкпенің жұмысын қалпына келтіру үшін иммундық қабыну мен қанның қоюлануын емдеу қажет. Оңалту кезінде емхана дәрігері немесе бейінді маманның бақылауымен дәрі препараттары тағайындалады.
COVID-19 инфекциясынан өкпенің ауыр зақымдануы процестің өкпе тінінде кейде 100%-ға дейін таралуына әкеп соғады. Көбіне, өкпенің толық зақымдану жағдайында фиброздың – альвеоляраралық кеңістіктегі тығыз дәнекер тіннің дамуы байқалады. Бұл өкпе бөліктері, өкінішке орай, тыныс алу процесінен тыс қалады. Ендігі міндет – өкпенің зақымдалмаған бөлігінің тек өзі үшін ғана емес, зақымданған бөлігі үшін де жұмыс істеуіне мүмкіндік беру. Оңалту шараларының дер кезінде басталуы кешені тыныс алу ағзаларының қызметі мен құрылымын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Алайда егер өкпеде фиброзды тін жиналып қалған болса, онда пациентке оксигенотерапия жасау қажет, өйткені бұл терапия ағзаның оттегімен қанығу процесін өтеуге көмектеседі.
«Тыныс алу ағзаларының резерві мен орын толтырушы мүмкіндіктері жеткілікті екенін айта кеткім келеді. Менің клиникалық тәжірибемде, түрлі себептермен бір өкпесінен айрылған адамдар толыққанды өмір сүреді жұмыс істеп, отбасын құрып, әйелдер бала сүйіп жатады», – дейді профессор
Оксигенотерапия – оттегінің көмегімен емдеу. Егер ағзада аз да болса оттегі жетіспесе, бас ауырып, шаршап, дене қимылы мен ойлау белсенділігі төмендеп, иммунитеттің әлсіреуіне әкелетін гипоксияның дамитыны белгілі. Ағзада оттегі жетіспеушілігін атмосфералық ауадан оттегі бөліп шығаратын қондырғы – оттегі концентраторының көмегімен қалпына келтіруге болады. Концентрацияланған оттегі ингаляциясы КВИ-мен ауырған барлық науқастарға көбінесе емделу кезеңінде жасалады, өйткені аурудың ең алғашқы көрінісі қандағы оттегінің пайыздық құрамын сипаттайтын көрсеткіш – оттегінің сатурациясының төмендеуі.
Оксигенотерапияның нәтижесінде науқастарда ентігу азаяды, жүрек, бүйрек, бауыр қызметі қалпына келеді, метаболизм өнімдерімен улану төмендейді. Оттегі қоспаларымен қаныққан ингаляция сауығу процесін жылдамдатуға мүмкіндік береді.
«Бірақ баллонды оттегіні пайдалануға болмайды, ол адам өміріне қауіпті болуы мүмкін. Оттегімен демалу кезінде міндетті түрде жиынтықта бар ылғалдағышты пайдалану керек. Мұрын канюлясының көмегімен жасалатын ингаляция жеке пайдаланылуы тиіс. Аппаратта уақытымен фильтр ауыстырылуы тиіс», – дейді дәрігер.
Коронавирус инфекциясымен ауырып шыққан науқастар терең тыныс алу кезінде қиындық сезінеді, сондықтан дәрігер тыныс алу гимнастикаларының ең қарапайым кешендерін жасауға кеңес береді. Бірден күрделі жаттығулар жасауға болмайды. Мысалы, терең демалу, мүмкіндігінше ауаны 2-3 секунд ұстап тұру, ал ауаны шығаруды 5-6 секундқа дейін ұзартуға тырысу керек. Ерінді түтікше секілді жиюға болады. Екінші нұсқа – ішпен демалу. Тыныс алу жаттығуларын денсаулық жағдайына қарай күніне бірнеше рет жасауға болады.
Аурудың жіті кезеңінде ингаляцияны үйде жасауға болмайды: өйткені вирустың бөлшектері қоршаған кеңістікте таралып жатады және ол отбасы мүшелерінің жұқтыру қаупі бар.
Кез келген ауру – ағза үшін стресс, сонымен бірге ол кезде адамның тәбеті де жоғалады. Сауығу үшін адам ағзасына тағаммен келетін энергияны қалпына келтіру қажет. Коронавирус инфекциясы кезінде жоғалған тәбет, иіс мен дәмді сезіну қалпына келеді. Ас мәзіріне сорпа, ақ және қызыл ет, жеміс, көкөністі жеткілікті мөлшерде қосу қажет. Жаңғақ, жасыл шөп пайдалы. Егер асқазан-ішек жолдарының асқынған аурулары болмаса, қымыз, шұбат секілді ұлттық сусындарды ішуді де естен шығармаған дұрыс.
Дерт меңдеген кезде, әсіресе орта және ауыр деңгейдегі пациенттерде депрессия өршиді. Коронавирус кезінде науқастың кеудесі ауырсынып, кенеттен тыныс алу проблемасы пайда болады. Осыдан қорқыныш пайда туындайды. Оттегінің жетіспеушілігінен қол да дірілдеуі мүмкін. Сондықтан бұндай жағдайда дәрігер тыныштандыратын препарат тағайындауға мәжбүр болады. Одан әрі психологтың және аурудан жазылған адамдардың көмегі қажет.
Тыныс алу гимнастикасының сабақтары топта 1,5 метр арақашықтықты сақтай отырып жүргізіледі. Өз бетінше жүре алмайтын кісідерге мейіргерлер палаталарда жаттығу жасауға көмектеседі.
Ауыр сырқатқа шалдыққан адамдарда, әсіресе өкпенің жасанды желдетуі жасалғандарда назар аудару, есте сақтау және дұрыс ойлау секілді функциялардың төмендеуі байқалады. Бұл проблема бірнеше апта немесе айда шешіледі, бірақ кей адамдарда ол ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Ми қызметін қалпына келтіруге дене қимылының жаттығулары көмектесе алады. Олар жеңіл болғанымен, күнделікті айналысу керек. Миға арналған жұмбақтар шешу, кітап оқу, ақпаратты есте сақтау секілді жаттығулар қажет. Тізім, ескертпе, телефонның дыбысы сияқты есте сақтау заттарды пайдалану керек. Жасалатын істерді кезең-кезеңмен жоспарлау қажет. Туған-туыс мен достардан көмек сұрауға ұялмау керек.
Оңалту шараларын жүргізіп жатқан кезде монша мен саунаға барудан бас тартыңыз. Ауырған арқа мен өкпе өте сезімтал келеді, сондықтан ағза қызған соң, сәл бір салқын тиетіндей болса, ол қайтадан пневмонияға әкелуі мүмкін. Науқасқа банкі мен қыша қағазын салуға болмайды. Сонымен қатар өзіне виброаккустикалық қол массажерының көмегімен арқаға массаж жасауға да болмайды.