Спектакль билеттерін сатқан алаяқтардың әрекеті әшкере болды

Жарияланды
Алты қаланың тұрғындары жалған билет алуға ақша аударған

dramtheatrkz.ru фишингтік интернет-ресурсы драмалық театрдың ресми сайты ретінде көрсетіліп, өнерсүйер қауымға билет сатумен айналысқан. Қазақстандық әлеуметтік желілерде жарнамасы кеңінен таралып, жеке сайты болғандықтан алаяқтардың қитұрқы қадамдары тұрғындар тарапынан еш күдік пен күмән тудырмаған көрінеді. Билеттердің жалған екенін «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ KZ-CERT қызметі анықтады. 

«Интернет-ресурстың басты бетінде спектакльдердің афишалары мен олар туралы барлық ақпарат көрсетілген. Тіпті, қойылымдардағы рөлдерді сомдайтын актерлар туралы да мәліметтер бар. Қалаған спектакльді таңдап, «Сатып алу» батырмасын басқан кезде интернет қолданушысына келесідей форма толтыру ұсынылады: Толық аты-жөні, телефон нөмірі, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Шымкент және Павлодар қалаларының бірін, спектакль көрсетілетін уақыт пен орынды таңдау. Актерлердің өнерін тамашалауды қалаған адам белгіленген форманы толтырған соң экранда билет бағасы – 16500 теңге шығады. Кейін банк картасының реквизиттерін, CVV-кодты сұрайды. Қажетті мәліметтердің барлығы берілген соң картадан ақша шешіліп алынады, бірақ ешқандай билет берілмейді», – дейді KZ-CERT қызметі. 

Сарапшылар Ресейдің Гончаров атындағы драмалық театры ретінде жалған көрсетілген тағы бір фишингтік интернет-ресурстың барын анықтады. Белгілі болғандай, бұл жалған сайттар барлық ақпаратты Ресей Федерациясы Санкт-Петербург қаласы «Приют комедианта» драма театрының сайтынан көшіріп, салып отырған.  

Қазір алаяқтардың интернет ресурсы Қазақстан аумағында бұғатталды. Бірақ жалған билет сатушылардың әрекетінен нақты қанша адамның зардап шеккені әзірше белгісіз. 
KZ-CERT қызметі осындай жалған сайттардың құрығына түсіп қалмас үшін домендік атына мән беруге кеңес береді.

Алаяқтық ресурстарда ұйымның немесе компанияның ресми атына қосымша символдар жалғанатын көрінеді. Сондай-ақ, банк картасының мәліметтерін, әсіресе CVV/CVC-код пен банктан келетін смс-кодтарды ешкімге хабарламау керектігін еске салды. Алданып, ақшасыз қалған жағдайда тұрғындар тәулік бойы 1400 нөміріне тегін хабарласып, көмек сұрай алады. 
 

Сондай-ақ оқыңыз