Қазақстандықтардың жартысына жуығы қашықтан оқуға қарсы
DEMOSCOPE қоғамдық пікір бюросы жүргізген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, материалдық-техникалық жағдай жасалмағаны, білім беру жүйесінің жаңа оқу жылына дайын болмағаны үшін қашықтан оқыту формасына қазақстандықтардың көңілі толмайды. Сонымен қатар, сауалнама қорытындысына сәйкес, интернетке қолжетімділік әртүрлі болған соң, оқушылар арасында аймақтық теңсіздіктің артқанын байқауға болады.
Сауалнамаға қатысқан азаматтардың үштен бірінен көбі қашықтан оқытуды амалсыздан жасалған шара деп қабылдап, сабырмен қарайды екен. Дегенмен жаңа оқу жылының қамына билік жақсырақ дайындалуы керек еді деп пайымдайды.
«Қазақстанда қашықтан оқыту» тақырыбында жүргізілген сауалнама 2020 жылы 6-9 қазан аралығында 14 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) тұратын, 18 жастан асқан 1100 адам қатысты. Қатысушылардың 25%-ы ер азаматтар, 75%-ы әйелдер.
«Халық арасында қызу талқыланған, көпшілікті алаңдатқан мәселелердің бірі – қашықтан оқыту жайы. DEMOSCOPE бюросы жүргізген сауалнама қорытындысынан халықтың онлайн-оқыту жайлы пікірінің әртүрлі екенін көруге болады. Коронавирустың жаппай таралуына жол бермес үшін амалсыздан жасалған шара екенін түсінген халық биліктен нәтижелі жұмыстар күтеді. Респонденттердің көпшілігі, нақтырақ айтсақ 43%-ы, қашықтан оқуға түпкілікті қарсы. 38%-ы түсіністікпен қарайды, алайда жаңа оқу жылына билік жақсырақ дайындалуы керек еді дейді. Онлайн форматты қажетті шара деп қабылдап, бірауыздан қолдайтындар – 16%. Сауалнама деректеріне сәйкес, азаматтардың басым көпшілігі онлайн-оқытудың тиімділігін «орташадан төмен» (42%) және «орташа» (41%) деп бағалайды. 12% қатысушы «өте жоғары» деп баға берді», – делінген сауалнама нәтижесінде.
Мұғалімдер, оқушылар және білім саласындағы сарапшылардың қатысуымен өткізілген PaperLab-тің зерттеуі қашықтан оқыту формасы еліміздің білім беру жүйесіне жағымсыз әсер ететінін растады. Онлайн-мектептердегі білімді бағалау формальды сипатқа ие. Баға оқушылардың еңбегіне қарап емес, алдыңғы үш тоқсандағы бағалардың деңгейінде қойылды. Осылайша мұғалімдер оқушылардың қорытынды бағаларына қашықтан оқытудың жағымсыз әсерін болдырмауға немесе азайтуға тырысқаны анық.
Елдегі қашықтан оқыту деңгейінің төмендігі биліктің, мұғалімдердің, оқушылардың, ата-аналардың білім берудің жаңа формасына дайын болмауынан және материалдық-техникалық қиындықтармен байланысты болса керек.
DEMOSCOPE дерегіне сәйкес, қатысушылардың үштен бір бөлігі (30%) қашықтан оқытудың басты кемшілігі – балалар, мұғалімдер және ата-аналар үшін стресс деп санайды. 28% техникалық қиындықтар мен интернет жылдамдығының төмендігі оқуға кедергі келтіреді деп жауап берді. Облыстар бойынша сараласақ, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының тұрғындарында (сәйкесінше 44%, 39% және 40%) техникалық қиындықтар және интернетке байланысты мәселер көп болған.
19% респондентің пікірінше, онлайн-оқытудың басты кемшілігі – білім сапасының төмендігі. 9% оқушылардың көбінде компьютердің жоқтығын қашықтан оқытудың басты кемшілігі деп санайды.
Онлайн-оқытудың ең маңызды факторларының бірі – интернетке қосылу сапасы. DEMOSCOPE зерттеуінің нәтижелері көрсеткендей, сауалнамаға қатысқан азаматтардың жартысы (49%) үйіндегі интернеттің сапасын «орташа, кейде қиындықтар туындайды» деді. Төрттен бірінде (25%) интерет сапасы нашар, жалпы олар тұратын аймақта интернетке қосылу қиын екен.
Салыстырмалы түрде алсақ, интернеттің жылдамдығының төмендігін басқа аймақтарға қарағанда (35%) Алматы, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының тұрғындары атап өтті. Респонденттердің 22%-нда интернетке қосылу жылдамдығы жақсы. Интернет сапасын жоғары бағалардың ең жоғары пайызы (38%) Нұр-Сұлтан мен Қызылорда облысында. Бұл көрсеткіш пандемия кезінде сапалы білім алу халықтық барлығына теңдей қолжетімді болмағанын көрсетеді.
Азаматтардың 42%-ы қашықтан білім беруді ұйымдастыру саласындағы мемлекеттік органдардың жұмысын орташа деп бағалады. Олардың ойынша, кейбір мәселелер шешілмеген күйінде қалған. Респонденттердің 13%-ы білім беруге жауаптылар өте жақсы жұмыс жасады деп санайды. 36% нашар, Білім министрлігі онлайн оқуға дайын болмады деген ойымен бөлісті.
Қоғамдық көңіл-күйдің маңызды индикаторы – азаматтардың үкімет тарапынан қабылданып жатқан шараларға қарым-қатынасы. «Жаһандық коронавирус пандемиясы жағдайында білім берудің қандай формасын оңтайлы деп санайсыз?» деген сұраққа берген респонденттердің жауабын теңдей екіге бөліп қарауға болады. 35% адамдарға өздеріне ыңғайлы оқыту формасын таңдау құқығын беру қажет дейді. 33% онлайн-оқытуды қолдайды, олар амалсыздан қолға алынған шара деп санайды. 29%-ы онлайн форматқа күмәнмен қарады. Бұрынғыдай мектеп пен университетке барған дұрыс, сауатсыздық коронавирусқа қарағанда қауіптірек дейді олар.
Зерттеуде Қазақстан бойынша стационарлық телефон нөмерлерінің абоненттік қоры пайдаланылды. Іріктеу ықтималдығы 95%, статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 3%-дан аспайды.