Қазақстан медициналық бетперде мен өзге де құралдарға 1,5 млрд теңге бөледі
Үкіметтің қорынан медициналық бетперде мен қорғаныс құралдарына 1,5 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы 30-қаңтар күні вице-премьер Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, ауырып қалған жағдайда тұрғындарға медициналық көмек қажет болса – қаржы да, құралдар да дайын. Медициналық бетперде тапшылығы тұрғындардың дүрлігіп, кейбір дәріханалардан жаппай сатып алуына байланысты. Осы орайда, вице-премьер дәріханаларда бетперде жоқ болса, бірден хабарлауды ұсынды.
«Біздің адамдар бірден үрейге беріліп, қорап-қорабымен сатып ала бастайды. Оның еш қажеті жоқ. Медициналық бетперде жеткілікті. Егер қандайда бір дәріханалардан табылмай жатса, бізге хабарлаңыздан, бірден жеткіземіз»,– деді Сапарбаев.
Вице-премьер қазақстандық студенттерді Қытайдан алып келу бойынша да шаралар қолға алынғанын айтып өтті. Елге қайтқысы келген студенттерге Қазақстан арнайы ұшақ дайындап қойған. Сондай-ақ, студенттердің каникулдарын ұзарту мәселесі де қарастырылып жатыр.
«Ең бастысы – Қытай тарабымен келісімге келу, өйткені екі ел арасында қол қойылған халықаралық келісімдер бар, біз соның аясында жұмыс істеуіміз керек», – деді вице-премьер.
Сонымен қатар, қазақстандық туристер де елге оралып жатыр. «Қытайда жүрген 680 турист туралы айтсақ, олардың жартысы елге келді. Алдағы бір-екі күнде қалғандары да Қазақстанға оралуы тиіс», – деп атап өтті Сапарбаев.
Ал Қытайдан келген кісілердің бәрі 14 күн бойы карантинде болады.
«Егер денсаулығы жақсы болса, қан алып, сараптама жүргізген соң, олар ауруханадан шығарылады. Арасында аурулары анықталса, емдейміз. Әуежайда оларға медициналық қызметкерлерден басқа ешкім жоламайды. Оларды арнайы автобуспен осы клиникаға апарады», – деді Сапарбаев.