Шымкентте мұғалімді қалай жұмысқа алады?

Жарияланды (жаңартылды )
Шыңғыс Мұқан HR процесс туралы

Бүгінгі таңда білім саласы жемқорлыққа белшеден батып отыр. Бұл сөзге дәлел ретінде еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мына деректерін келтіре аламыз. Осы жылдың бірінші тоқсанының өзінде білім саласында 106 жемқорлық фактісі тіркелген. Соның ішінде тендерлік жемқорлық кең етек алып отырғаны анықталды. Мәселен Шымкент қалалық Білім басқармасы 1979 келісімшарттың 1935-інде  тауар бағасын негізсіз көтерген. 1000 теңгенің А4 қағазын 4000 теңгеге алғаны туралы дерек анықталды. 

Қазір Қазақстанда білім саласына қатысты 20 мыңға жуық ұйым бар. Енді соның бәрін қаржыландыру және қаржылық басқару қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр? Одан бөлек, білім бөлімдері мен білім басқармаларындағы   лауазымды қызметтерге білім саласына қатысы жоқ адамдарды тағайындау фактілері де жиі кездеседі. Бұл да — өз алдына  «ақшамен шешу» фактісі. Осыдан келе орта білім саласында жемқорлық неге көбейді? Алдын алуға бола ма? Оның жолдары қандай деген сұрақ туындайды. Осы ретте бұл мәселе талқыға салынған отырыстан ақпарат ұсынып отырмыз. ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты AdalBilim жобалық офисінің алаңында тікелей эфирде осы және өзге де сұрақтар талқыға түскен еді.

Эфир модераторлығы әдеттегідей, М.Нәрікбаев атындағы KAZGUU университеті Басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджанда болды. Ал спикерлерге келсек, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев, Павлодар облысының білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы, ADAL BILIM жобалық офисінің сарапшысы Нұрлан Баймұрзаев тікелей эфирде ойын ортаға салып, пікір білдірді. Шыңғыс Мұқан Шымкент қаласында қолға алынып жатқан HR процестің артықшылығын жіпке тізді.     

Спикердің айтуынша, қолға алынып жатқан жаңа процесс білім саласындағы біраз «былықтың» бетін ашып, тіпті болашақтағысының алдын алуы мүмкін.

«Мектеп директорларын жұмысқа алған кезде және оларды өз кезегінде мұғалімдерден пара алу арқылы жемқорлыққа жол беріледі деген пікір бар. Сондықтан мектеп директорларын іріктеуді қолға алып отырмыз. Ешқандай «велосипед» ойлап табудың керегі жоқ. Білім және ғылым министрінің жеті этаптан тұратын бұйрығы бар. Әр үміткер құжатын тапсырған соң тексеріледі. Конкурсқа қатысушылардың білігі бағаланады. Артынша тестілеуден, мемлекеттік білім ұйымдарының қамқоршылық кеңесінен өтеді. Былайша айтқанда, директордың жобасын мұғалімдер мен ата-аналардан құралған топ қарап, ұсынады»,– дейді Шыңғыс Мұқан.  

Бұдан соң, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары мұғалімдерді таңдау процесінің қалай өтетінін тәптіштеп түсіндіріп берді. Сөзін сол күйі ұсынып отырмыз.

 «Бұл жерден шығатын мәселе: көбіне таныс үміткердің жобасын ғана ұсынуы мүмкін. Тәжірибелі, жанып тұрған директорларды қамқоршылық кеңес өткізбей тастаған кездер болды. Одан гөрі білетін адам басшы болсын дейді. Соңғы кезең – әңгімелесу. Ал енді мұғалімдерді жұмысқа қабылдауға келсек. Бұрын мектеп директоры тағайындайтын. Бұл жолы директоры мен білім басқармасы арасында келісімшарт жасалды. HR процесс қосылып, мұғалімдер таңдалады. Осылайша таңдалған үміткерді директор жұмысқа қабылдауы керек. Бізде бұл процесс тамыздан бері қосылды. Порталда ашық бос орындар жарияланып, онлайн түрде өтініш жіберіледі. Комиссия мүшесі кездейсоқ әдіспен таңдалады. Жалпы саны тоғыз кезеңнен өтеді. Яғни Шымкентте мұғалім болу оңай болмайды деген сөз». 

HR процестің артықшылығы – үміткер құжаттарын тапсырғанда, сандық көрсеткішін сайт 75 балға дейін анықтап береді. Айталық, өтілі бакалаврға – 5, магистратура – 7, доктор 9 балл дегендей беріледі. Бәрі ескеріледі. Екі айдағы нәтиже мынадай: білім беру басқармасымен 148 мектеп келісімшартқа отырды. 4126 адам пайдаланған. Жалпы жарияланған бос жұмыс орындары – 368. Конкурстық комиссия 460 рет өткен. 665 үміткер қатысқан. Соның ішінде 313 мұғалім HR процесс арқылы жұмысқа алынған. Енді 55 бос орын бар екен. 

«Жыл соңына дейін мектеп директорлары Білім және ғылым министрінің пәрменімен аттестациядан өткелі жатыр. Содан жоғары балл жинағандардың айлығы екі есе өседі. Қазір базалық айлық –151 мың теңге. 70 пайыз ұпай жинаса, 50 пайызға көтеріледі. Ал тиісті балл жинай алмай қалғандары, өз есебінен қайтадан тест тапсыруына болады. Одан өте алмаса, директорлықтан босатылады. Бұл — тек Шымкенттегі емес, жалпы білім саласындағы реформаның айқын көрінісі. Солай ғана «тазартуға» болады. Сонымен бірге жемқорлыққа қатысты фактілер айқын көрініп жатса, біз оны бақылау ұстап отырмыз, шара қабылдаймыз.   

HR процесс – дамып кеткеннен емес, мәжбүрлеп келген жағдай. Егер мұғалімдер не директорлар ақша беріп жұмысқа орналасады екен деген әңгіме шықпаса, ол әлеуметтік-мәдени нормаға айналып кетпесе, бізге бұл процесс қажет болмас еді. Ал Еңбек заңы бойынша, кадр таңдау, жұмысқа алу – бірінші басшының міндеті. Біз таңдап береміз, бірақ таңдау кезінде мықты мамандармен қоса, директор да қатысады. Сөйтіп соңында комиссия қорытынды балл шығарады. Одан кейін директор бұйрығымен жұмысқа алады. Мысалы өзім екі жыл Америкада оқыдым. Ол жақта ақшамен мәселе шешу – нонсенс. Олар мұны түсіне алмайды. Сондықтан оларға HR процесс тіпті қажет емес. Бәлкім, біздікі мінсіз әрекет емес болар. Білім және ғылым министрлігі бәріне ортақ кадр таңдау процесін автоматтандырудың жолын көрсетіп қалар. Біздікі – талпыныс»,– деп ойын түйіндеді спикер.

Өзге қатысушылардың ортаға салған ойын келесі материалымыздан оқи аласыздар. Спикерлердің орта білім саласын жемқорлықтан тазартуға қатысты тұщымды ойлары ойландырып тастады. Бастысы, талқыдан кейін нақты қадамға түрткі болса болғаны.    
       

Сондай-ақ оқыңыз