Екібастұзда 12 жасар жеткіншек бауырының еміне қажетті қаражат тауып жүр

Жарияланды
Арулат Мұхаметқалидың бар арманы - бауыры Бекарысты екі аяғынан тік тұрғызу

Екібастұздық жеткіншектің бауыры, алты жасар Бекарыс, осыдан 4 жыл бұрын үшінші қабаттағы терезеден құлап, жүйке жүйесін зақымдап алған. Сол уақыттан бері ата-анасы шарқ ұрып, талай елдің емханасының табалдырығын тоздырса да дертке дауа таппайды. Тек қырғызстандық дәрігерлер ғана оларға үміт отын сыйлапты. 

«Біз Израиль, Оңтүстік Корея, Қытайдағы бірнеше емханаға бардық, бірақ дәрігерлер көмектесе алмайтынын айтып, кері қайтарды. Қырғызстандағы емдеу мекемелерінің бірінде өткен 4 курстан соң ғана баламыз күліп, айналасындағы адамдармен байланыс орната бастады. Әр емге бару үшін бірнеше айлап ақша жинап, таныстардан қарыз сұрауымызға тура келеді», – дейді Екібастұзда тұратын көпбалалы ана Сәния Рахимова

Ата-анасының қаржыдан қиналғанын көрген Арулат оларға көмектесіп, қолдау көрсеткісі келеді. Сөйтіп, маникюр жасауға қызығушылығы туындап, оны табыс табудың көзіне айналдырады. 

«Жаз кезінде анам тырнақ жасайтын шеберді үйге шақырды. Сол кезде сырттай бақылап отырып, қызығушылығым туындады. «Неге маған да осылай істеп көрмеске?» деген ой келді», – дейді жеткіншектің өзі. 

Алдына осындай мақсат қойған Арулат жергілікті кәсіби мамандардың бірінің шеберлік сағатынан өтіп, тырнақ әрлеудің қыр-сырын үйреннді. Бүгінде Арулаттың арнайы сертификаты да бар. 

Сабақтан, спорттық секциядан қолы қалт ете қалған кезде, жеткіншек тапсырыстар қабылдап, қыз-келіншектерге қызмет көрсетеді. 

Әкесі әуелде ұлының бұл ісіне қарсы болғанмен, кейін райынан қайтыпты. Тіпті, 200 мың теңге көлемінде несие алып, маникюр жасауға қажетті дүниенің бәрін сатып әперіпті. Енді Арулат күніне бірнеше аруға сұлулық сыйлай алады. 

«Маған Арулаттың жұмыстары өте ұнайды. Осы саладағы кәсіби мамандардан еш кем емес. Үнемі ізденіп, жаңа дизайндарды ұсынатынын жоғары бағалаймын», – дейді тұрақты тұтынушылардың бірі Айым Қинаятова. 

Арулаттың қолақысы да нарықтағы бағадан анағұрлым төмен. Қызметі үшін 1500 теңге алады. 

«Менің басты арманым – бауырымның еміне қажет қаржы жинап, оны аяқтан нық тұрғызу. Бекарыстың мектепке барып, жоғары оқу орнына түсіп, отбасын құрғанын көруді қалаймын. Ата-анам ақшадан қиналмаса екен деймін», – дейді Арулат.
 

Сондай-ақ оқыңыз