Әскери байланысшылар кәсіби мерекелерін атап өтуде

Жарияланды
19 жыл ішінде 600 офицер-байланысшы бітіріп шыққан

Бүгін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери байланысшылары кәсіби мерекелерін атап өтуде. Бұл туралы РЭжБӘИИ баспасөз қызметі хабарлады. 

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты еліміздегі әскери байланысшыларды дайындайтын жалғыз оқу орны. Ол 2001 жылы құрылып, 2002 жылдан бастап 5 жылдық бағдарлама бойынша байланысшы-курсанттарды оқуға қабылдай бастады.

 
Әскери институт қабырғасында офицер-байланысшы мамандар «Байланысты ұйымдастыру» және «Байланыстың әскери техникасы» аталатын екі кафедрада дайындалады. Кафедра жанында заманауи зертханалық база пайдалануға берілген. Институт аумағында курсанттар практикалық және тактикалық-саптық сабақтарда мамандығы бойынша қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалана отырып, тәжірибе жинақтау үшін оқу-жаттығуға арналған стационарлық байланыс торабы орналастырылған.  

Оқытушылардың кәсіби-педагогикалық дайындық деңгейлері жоғары, әскери бөлімдерде инженерлік-техникалық лауазымдарда әскери тәжірибе жинақтаған. Олар біліктіліктерін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде және Санкт-Петербург қаласындағы С.Буденный атындағы Байланыс академиясында арттырып отырады.

Оқыту барысында заманауи мультимедиялық проекторлар мен жеке компьютерлерде бағдарламалық оқыту жүргізіледі. Әскери институттағы жаңа үлгідегі технологиялардың арқасында мүнда жоғары дәрежелі әскери мамандар дайындалады. Оқуды бітірген соң бакалавр атағы беріліп, әскерімізде бар қару-жарақ құралдарын еркін қолдану қабілетін меңгеріп шығады.

Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымының әскери кадрларды бірлесіп дайындау бағдарламасы бойынша былтырғы жылдан бері Қырғызстан мемлекетінің өкілдері де «Байланыстың әскери техникасы» мамандығы бойынша білім алуда. 

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты құрылған 19 жыл ішінде 600 офицер-байланысшы бітіріп шыққан. Бүгінде олар еліміздің Қарулы Күштерінде және өзге де әскери құрылымдарында әскери борыштарын абыроймен атқарып келеді.

 

Сондай-ақ оқыңыз