Қазақстандықтар ескірген көлігін қайда және қалай өткізіп, ақшасын ала алады?

Жарияланды
Утилизация ережесімен таныс болыңыз

Қазір Қазақстанда 18 кәсіпорын автокөлік қалдықтары мен ескірген техникаларды қабылдаумен айналысады. Кәсіпорын ескі көлікті қабылдап, иесіне ақша ұсынады. 2016 жылдан 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін қазақстандықтар 142,8 мың ескі көліктерін утилизацияға өткізген. Биыл 19,1 мың көлік қабылданған. Оның 8,5 мыңына жеңілдік сертификаты ұсынылса, 10 мыңнан астамына ақша берілген. 

Қолданыстан шыққан көлік құралдарын қабылдаудың жаңа шарттарына сәйкес, 2020 жылдың 1 маусымынан бастап М1 (жеңіл көліктер) санатындағы машина үшін берілетін төлем айлық есептік көрсеткішке байланысты болады, енді I категориядағы (толық жиынтық) жеңіл көлік үшін 72 АЕК (200 016 теңге), ал II категориядағы (толық емес жиынтық) көлік үшін 54 АЕК (150 012 теңге) төленеді.

Бұрын бүлінбеген машина өткізгендерге 150 мың, ал бөлшектелген, бірақ құжаты түгел автокөлік өткізгендерге 48 мың теңге берілетін. Ал енді бұл төлем үш есе артты, ең бастысы машинаның шанағы, қозғалтқышы мен қорабы орнында болуы керек. Өтемақы екі күнде төленеді.

Көлікті утилизацияға беру үшін алдымен Recycle.kz сайтынан электронды кезек алу керек. Оған үш құжатыңызды қоса жүктейсіз: 

  • Түпнұсқаны міндетті түрде қоса отырып жеке куәліктің көшірмесі; 
  • Утилизацияға жіберілетін көлік құралын есептен шығару туралы анықтама; 
  •  Банк есепшоты туралы анықтама (ақша қолма-қол берілмейді, екінші деңгейлі банк карточкасына аударылады). 

Өтініш үш күн ішінде қарастырылады. 

Келесі жағдайларда қосымша құжаттар қажет болуы мүмкін: 

  • Сенімді адамға көлікті беру үшін – сенімхат; 
  • Көлік құралы қожайынын ауыстыру – меншік құқығын растайтын құжат; 
  • Көлік иесінің аты, әкесінің аты, фамилиясын ауыстыру – иесінің жеке басын куәландыратын құжат. 

Заңды тұлғалар үшін жіберуге тиіс құжаттар көлемі бұдан да көп: 

  • Машинаны кәдеге жаратуға беруге уәкілетті жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (түпнұсқасын міндетті түрде ұсына отырып);
  •  Мемлекеттік тіркеу және есепке алу ережелерінің 4-қосымшасына сәйкес, утилизацияға жіберілетін көлік құралын есептен шығару туралы куәлік;
  •  Қазақстан Республикасының egov.kz электрондық үкімет порталынан заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы, ұсынылған күнге дейін 10 күнтізбелік күннен ерте емес мерзімде берілген куәлік;
  • Заңды тұлғаның бірінші басшысы мен бас бухгалтері қол қойған өкілдің атына жазылған сенімхат;
  • Қаражат төлеу үшін – банктік шоттың бар екендігі туралы анықтама.
  • Қажет болған жағдайда қосымша құжаттар сұралуы мүмкін.

Осы көрсетілген құжаттарын және көлігін алып азамат 18 кәсіпорынның кез-келгеніне бара алады. 200 016 теңге көлемінде өтемақы алу үшін көлік көлікте болуы тиіс: 

  • Шанақ; 
  • Радиатор; 
  • Капот; 
  • Жүк салғыш қақпағы; 
  • Тіркемесі бар қозғалтқыш; 
  • Беріліс қорабы; 
  • Аккумулятор; 
  • Кардан біліктерінің стандартты саны; 
  • Дөңгелектер (стандартты саны); 
  • Тарату қорабы (егер өндіруші ұсынған болса); 
  • Сору жүйесінің агрегаттары мен бөліктері; 
  • Дөңгелекті қорғайтын жабындар; 
  • Есіктер; 
  • Сұйық отынға, сығылған газға және жұмыс сұйықтығына арналған цистерналар мен бөшкелер. 

150 012 теңге мөлшеріндегі өтемақыны алу әлдеқайда оңай. Ол үшін көлік шанағы, қозғалтқышы және қорабы болса болғаны. 

Ал жүк автомобильдері мен автобустарын тек отандық өндірілген жаңа автомобильдерді сатып алу кезінде жеңілдікке құқық беретін сертификаттарға ауыстыруға болады. Талапқа сәйкес М2, М3 және N1, N2, N3 санаттарындағы көлік құралдары қабылданады. Сонымен қатар, олардың жасына, моделіне ешқандай шектеулер жоқ. Жүк көлігі мен автобус толық жиынтықта болуы тиіс. Жеңілдік сомасы категориясына байланысты 550-750 мың теңге аралығында болмақ. 

Қазақстанда дәл қазір 18 көлік қабылдау пункттері жұмыс істейді. Олардың мекен-жайы төмендегідей: 

tablica.jpg

Сондай-ақ оқыңыз