«E-Өтініш» ақпараттық жүйесімен жұмыс істеуді білесіз бе?
Азаматтарға арналған үкімет мамандары мемлекеттік органдардың қызметкерлерін «E-Өтініш» ақпараттық жүйесімен жұмыс істеуді үйретуде. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ баспасөз қызметі хабарлады.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын дамыту аясындағы жұмыстардың бірі – «E-Өтініш» ақпараттық жүйесін енгізу. Оның негізгі қағидаты – қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтудың шарты ретінде халықпен кері байланыстың тиімді арналарын орнату.
«E-Өтініш»ақпараттық жүйесінің жобасын енгізу бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мамандары барлық мемлекеттік органдар қызметкерлері арасында оқытулар жүргізуде.
«Біздің мамандар Алматы қаласы әкімі аппаратының, прокуратураның, орталық және аймақтық мемлекеттік органдар және басқармалардың, фронт-офистер мен бэк офистердің өкілдерімен оқыту өткізді. Сонымен қатар, оффлайн, сондай-ақ онлайн форматта өткізген оқытуларына ІМАД, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру Департаменті, ТЖД, Экономикалық тергеу департаменті, ҰҚК Академиясы, азаматтық авиация академиясы, МҚАД, көліктік бақылау инспекциясы, ҰҚК Шекара Академиясы, ҚазҚСҒЗИ, Азаматтық авиация саласындағы өңіраралық инспекция, ҰБО АҚ, мемлекеттік қызмет Департаменті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жөніндегі агенттік, Мемлекеттік кірістер комитеті, полиция департаменті, санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті және т.б. мекемелердің 1 мыңнан астам өкілдері қатысып, «E-Өтініш» ақпараттық жүйесімен жұмыс істеуді үйренді», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының директоры Ермек Бекжүнісов.
«Жүзеге асырылып жатқан «Электронды өтініш» жүйесі «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін бүкіл мемлекеттік органдардың арасында бірыңғай ақпараттық алаң жасауды көздейді. Онда азаматтардың өтініштерін қарау жүйесі де тиімді жасалады. Түрлі мекемелердің бюрократиялық әрекеттерінің жолы кесіледі, қағазбастылыққа жол берілмей, екіжақты жауапкершілік артады», – деп қосты ол.
Цифрлық технологияның міндеті – әр деңгейдің құзыретіне қарай бизнес-үдерістердің тиімді алгоритмін қа¬лып¬тастыру, мәселелерді сұрыптау және оны тиісті деңгейде шешім қабылдауға жіберу.
Яғни, өтініш берушінің мәселесінен оны тікелей шешуге тиісті атқарушы да, хат иесі де хабардар болады деген сөз.
Осылайша, электронды өтініш беруші түрлі инстанцияларға жүгірмей-ақ кешенді көмек алатын болады.