Көкжайлауда демалыс орнын салуға қарсылық көрсеткендер оның жаппай құрылыс алаңына айналып кетуінен қауіптенеді

Жарияланды
Жобаның 2011 жылғы алғашқы техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес ол жерде 300 үй-жайдың салынуы қарастырылған

18 қазан күні «Таусар Қоры» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ажар Жандосова Көкжайлауда тау-шаңғы курорттық аймағын салуға қарсы болғандар келешекте ол жерде көптеген коттедж бой көтеруі мүмкіндігінен қауіптенетінін мәлімдеді.

Көкжайлауда ТШК салу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел барысындағы бейресми әңгімелерінің бірінде А.Жандосова журналистерге: «Бұл – Алматыдағы коттедж салынбаған жалғыз аймақ. Ол жерге инфрақұрылым жүргізіліп, жол салынып, байланыс орнатылған сәтте-ақ, жекеменшік коттедждер салына бастайды деп күдіктеніп жүргенімізді баяғыдан-ақ айтып келеміз», – деді.

Оның айтуынша, бұндай пікірдің туындауына ол жерге үлкен электр станциясының салынып жатқаны себеп болып тұр. Оның қуаттылығы болашақ курорттың қажеттіліктерін қамтымақ түгіл, ресей сарапшыларының тұжырымдауынша, Ресейдегі Сочи олимпиадасына арналып салынған тура осындай қуат өндіруші стансаның қуаттылығынан да асып түседі.

«Қазір әкімдік ол жерде ешқандай жеке тұрғын үй салынбайды, тек қоғамдық аймақтар ғана болады деп отыр. Біз бұл сөзге сене алмаймыз, өйткені өздері «бұл  шағын стансаны болашақ үшін салып жатырмыз» деп отырған жоқ па? Ол жерде болашақта не болуы мүмкін? Бүкіл шатқалда   құрылыс жүретін шығар», – деп тұжырымдайды қоғам белсендісі.

Көкжайлауда жеке коттедждер салынуы мүмкіндігі жайлы өз күдігін бұрынырақта Көкжайлауда құрылыс жүргізуге қарсылардың бірі, қоғамдық белсенді Абай Ерекенов те білдірген еді. Оның айтуынша,  жобаның 2011 жылғы алғашқы техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес әрқайсысында 1000 шаршы метр жер телімі бар 300 үй-жай салынуы қарастырылған.

Жақында жобаның жаңа техникалық-экономикалық негіздемесі ұсынылды, онда құрылыс алаңы 10 есеге қысқарып, 6 гектарды құраған, шаңғы трассасының жалпы саны – 64-тен 24 шақырымға қысқарса, олардың жалпы ұзындығы – 60 шақырымнан 20-ға дейін қысқарған. Шаңғышыларға арналған шатқалдарға қар үюге арналған 3 көлдің орнына біреуін ғана жасау жоспарланыпты. Енді жобаның құны 200 млн долларға бағаланып отыр, бұрын курортты салуға 1,5 млдр доллар қажет делінген еді. Алайда бұл сомаға  инфрақұрылымға қажетті шығын кірмеген.

«Петицияға қол қойғандар біздегі  туризмнің, әсіресе тау-шаңғы туризмінің дамуына қарсы емес, алайда оның тура Көкжайлауда орналасқанын қаламайды. Алматының айналасында түрлі 18 шаңғы курорты бар, міне соларды дамытып, соларға қаржы салуға болады. Одан басқа да қолайлы аймақтар жетерлік. Біздің сарапшылар қазіргі кезде әлемдегі ең үлкен құндылық – адам аяғы тимеген тұмса табиғат екенін айтады. Бүгінде сол тұмса табиғаттың тапшылығы сезіледі. Біз оны мақтан тұтып, қорғауға міндеттіміз, соның жемісін болашақта көреміз, – деп атап өтті Қоғамдық қор директоры.

Оның айтуынша, Көкжайлауда тау-шаңғы курортын салуға қарсылар (бүгінде 17 862 қазақстандықтың қолы жиналған) қазіргі кезде Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу дайындап, бұл үндеуде аталмыш жобаның жүзеге асырылуына вето қойып, тыйым салуын сұрап отыр.

Жоба бойынша кезекті қоғамдық тыңдау Алматыда 4 қараша күні өтеді, әкімдіктің жоспары бойынша, құрылыс 2020 жылы басталуы керек.

Сондай-ақ оқыңыз