Пластикалық хирургия нарығы: бет-әлпетті өзгерту қанша тұрады?

Жарияланды
Kursiv қазақстандықтар арасында қандай ота танымал және отандық пластикалық хирургия нарығы қандай екенін анықтап көрді

Алматының белгілі пластикалық хирургия және косметология клиникаларымен сөйлесе келе, олардың бәсекелестіктен неге қорықпайтынын, қазақстандықтардың арасында қандай ота танымал және пластикалық хирургты таңдағанда неге назар аудару қажеттігін, пластикалық ота құны қанша тұратынын білдік.   

Қазақстанда 20 жыл бұрын эстетикалық медицина нарығы мүлдем жоқ еді, қазір сұлулық индустриясы күн санап дамып келеді. Мәселен, 2015 жылдың аяғында ел бойынша 50-ден аса пластикалық хирург болса, «Al-Clinic» пластика және лазерлік хирургия орталығының маманы Данияр Байбосыновтың сөзіне сүйенсек, қазіргі кезде арнайы сертификатқа ие хирургтардың саны 800-ге жетіп қалыпты. 

«Қазақстандағы пластикалық хирургтардың саны аса көп емес. Салыстыру үшін айтсақ, 10 миллион халқы бар Буэнос-Айрес қаласында 10 мыңнан аса пластикалық хирург болса, 8 миллиондық Сеул қаласында 1250 маман жұмыс істейді, ал бүкіл Қазақстанда 800 пластикалық хирург бар», – дейді Данияр Байбосынов.

Қазақстандық мамандардың пайымдауынша, бізде сұлулық саласындағы мамандарға қойылатын талап, шетелдік әріптестеріне, айталық Корея, АҚШ және бразилиялық хирургтарға қарағанда өте жоғары. Қатаң талап мен жоғары бәсекелестік пластикалық хирургтардың біліктілігін көтеріп, технологияларды жетілдіріп, түрлі халықаралық форумдарға қатысып, тәжірибе алмасуға ынталандырады. 

«AMIRA» пластикалық хирургия және косметология клиникасының бас дәрігері Данияр Урмурзиннің айтуынша, Қазақстанның пластикалық хирургия нарығы жақсы дамып келеді.  

«Қазіргі таңда ең қызықты кезеңде тұрмыз, нарықтың негізгі қағидаттары қалыптасып жатыр. Алдағы уақытта пластикалық хирургия нарығының нақты ережелері анықталады деген үміттемін»,– дейді хирург. 

Бүгінде Қазақстанда тиімді бағада сапалы ота жасатуға болады. Айталық, айнала блефаропластика жасату (қабақ пішінін өзгерту –қазақстандықтардың көп жасататын отасы) Корей Республикасымен салыстырғанда, әлдеқайда арзан. Аталмыш ота үшін ол жақта 3 мың доллар сұраса, Қазақстанда 700 долларға жасатуға болады. Егер Ресеймен салыстырсақ, бағада аса үлкен айырмашылық жоқ. Ең танымал операциялардың бірі – маммопластика (омырау пластикасы) туралы айтар болсақ, қандай имплантанттар қолданылғаны мен отаның күрделілігіне байланысты, баға 2-3 мың доллар аралығында тербеліп тұр. Германияда бұндай ота 5-6 мың доллар тұрса, ал Кореяда 10 мың доллардан басталады. 

Данияр Байбосыновтың айтуынша, Түркия, Корея және АҚШ-та пластикалық хирургтың кеңесі 200 доллардан басталса, Қазақстанда 5 мың теңгеге бағаланады. 

1_2.jpg

Фото: Офелия Жакаева

Мамандардың пікірі мен жасалған ота статистикасын негізге ала отырып, қазақстандықтардың арасында ең танымал пластикалық операциялар: 

– блефаропластика (қабақты хирургиялық жолмен өзгерту, оған көз пішінін өзгерту, жасқа байланысты өзгерістер мен қабақтың кем-кетігін жою кіреді)  
– маммопластика (омырау пішінін өзгерту)
– фейслифтинг (бет терісін тарту);
– ринопластика (мұрын пішінін өзгерту мен түрлі кемістігін қалпына келтіру) екеніне көз жеткіздік.

Ең танымал пластикалық ота – блефаропластиканың құны 80 мың теңгеден басталып, отаның күрделілігіне байланысты 350 мыңға дейін жетеді. Орташа құны – 200-300 мың теңге аралығында. 

Қазақстандық қыз-келіншектер құп көретін тағы бір ота – липосакция құны –100-350 мың теңге. Бетті жасарту оталарының бағасы 500 мыңнан басталып, 2 миллион теңгеге дейін жетеді. Құлақ қалқанының кем-кетігін түзету (отопластика) құны – 150 мың теңгеден басталады. Ал ринопластика жасату құны 150 мыңнан басталып,1 миллионға жетіп жығылады. Маммопластика жасатуға 500 000-2000 000 теңге қажет болса, іш майын алу (абдоминопластика)  500 мыңнан 1,3 млн теңгеге дейін барады. Бөксені өсіру 1 млн теңге тұрады. 

Пластикалық хирург Данияр Алмасбекұлының айтуынша, Қазақстанда кең таралған оталарға: блефаропластика, маммопластика, фейслифтинг, липосакция (май қабатын хирургиялық жолмен алу), липофилинг (пациенттің май тіндерін ауыстыру арқылы денедегі және беттегі кем-кетікті түзету), ринопластика және отопластика кіреді. 

«Блефаропластика жасайтын әйелдердің қатары көп. Бұл сән Корей елінен келді деп айтпас едім. Бүгінде көптеген азиялық қыздар еуропалық көз қиығын қалайды. Қазір бұл сәнде. Жалпы, әйел адамының сырт келбеті өз көңілінен шықпаса, оны сәл-пәл түзеткені дұрыс деп есептеймін. Әлемде эстетикалық медицинаның көмегімен әйелдер ұзақ уақыт әдемі және тартымды кейпін сақтай алады. Мәселен, менің әйелім 3 пластикалық ота жасатты, оған қарсы болмадым. Мен әр адам өзін бақытты сезінгенін қалаймын»,– дейді Данияр Байбосынов.

Сұлулық саласының мамандары клиника мен пластикалық ота жасайтын хирург таңдаған кезде дәрігер мен клиниканың сертификаты бар-жоғына, хирургтың жұмыс тәжірибесіне, оның бұрын жасаған жұмыстарына, баға саясатына көңіл аударып, сонымен қатар, дәрігерден міндетті түрде кеңес алуды ұсынады.
 
«Дәрігермен кеңесу – ең маңызды факторлардың бірі. Ота жасағысы келген адам хирургпен бетпе-бет жүздескенде, оған бұл істі сеніп тапсыру керек пе, жоқ па, соны түсінеді. Отаның құнына келер болсақ, жақсы ота міндетті түрде қымбат тұруы керек деп айтпас едім. Ем-шараның ең арзанын таңдауды да ұсынбаймын. Сертификаты бар, тәжірибелі дәрігерде ота жасату шамамен 250 мың теңге тұрады. Нарықтағы орташа баға 200-300 мың теңге болуы мүмкін. Біздің клиникада блефаропластиканың мынандай түрлерін жасайды: жоғарғы блефаропластика (құны 350 000 теңгеден бастап), көз қиығын еуропаландыру (құны 350 000 теңгеден бастап), төменгі блефаропластика (құны от 350 000 тенге), төменгі қабақтың трансконъюктивті блефаропластикасы (құны 300 000 теңгеден бастап), эпикантопластика (200 000 теңгеден), бүйір кантопластикасы (құны: 350 000 теңгеден бастап) және сангапури – жоғары қабақты отасыз өзгерту (құны 300 000 теңге)», – дейді Данияр Байбосынов.

Сондай-ақ, хирург пластикалық отаға бармас бұрын «барлық тәуекелдерді ескере отырып, күтілетін нәтиже мен шынайы жағдайды таразылау керектігін» ескертеді.   

«Кез-келген ота – тәуекел. Егер пациент тәуекелге дене бітімін тіксе, дәрігер өз абыройын тігеді. Менің жұмысымды 5-6 жылдан бері әлеуметтік желі арқылы бақылап келе жатқан пациенттерім бар. Мен істеген ота нәтижелерін көріп, пікірлерді оқыған соң ғана, маған келеді. Негізі күніне 8-10 ота жасауға шамам келеді. Бірақ бұл жұмыс сапасына әсер етуі мүмкін. Адам деген темір емес, шаршайды. Сондықтан мен күніне тек 3 отадан ғана жасаймын. Саны аз болса да, сапасы жоғары, пациенттерім де риза. Пациенттердің рұқсатымен, кейде өзім жасаған отадан тікелей эфир жүргіземін. Соның ішінде ең қиыны әпкеме жасаған ота болды. Қатты уайымдадым, дегенмен бәрі сәтті шықты, – деп әңгімелейді Данияр Байбосынов. 

Хирургтың айтуынша, қазіргі кезде отаға дайындық ұзаққа созылмайды. 

«Бүгінде пластикалық отаға тез дайындала аласыз. Талдау нәтижелері 3 сағаттың ішінде дайын болады. Әдетте, ондай талдауларға 1 күн кететін. Көптеген пациенттер оңалту кезеңінің де ұзаққа созылмағанын қалайды, алайда, негізгі сауықтыру уақыты 2 аптаға дейін созылады. Өз абыройына мән беретін жақсы клиникалардың барлығы тұрақты түрде дамып, құрал-жабдықтарын, технологияларын жаңартып отырады. Нәтижесінде оңалту кезеңі де біраз қысқарды. Менің білуімше, бұл кезең соңғы 10 жылда 10 есе азайғаны анық», – дейді пластикалық хирург.

Ота үшін жауапкершілік кімге жүктеледі деген сауалға Байбосынов «екі тарапқа да» деп жауап берді. 

«Әр отаның алдында пациенттер арнайы келісім-шартқа қол қояды. Егер ота нәтижесі пациенттің көңілінен шықпаса, біз кеткен олқылықты жөндейміз. Әркімнің ағзасы әртүрлі, сондықтан  бар жауапкершілікті өз мойнымызға ала алмаймыз. Міндеттер де теңдей бөлінеді. Негізінен пациенттер айтқаныңды екі етпейді, дегенмен араларында режим сақтамайтындары да бар. Олар үшін неге біз жауап беруіміз керек? Мысалы, кейбірі кір қолдарымен тіккен жіпті ұстайды. Айталық, блефаропластикадан соң, бірден кітап оқуға болмайды. Бізде мынадай оқиға болған еді, отадан соң екінші күні пациент кітап оқып жатқанда, кітап бетіне түсіп кетіп, тігісі тарқап кеткен. Оған қоса алкоголь ішуге болмайды, – дейді Данияр Байбосынов.

«AMIRA» пластикалық хирургия және косметология клиникасының бас дәрігері, пластикалық хирург Данияр Урмурзиннің айтуынша, танымалдық тұрғысынан алғансақ, «Қазақстанда блефаропластика мен маммопластика бәсекелесіп тұр».  

–Рейтинг бойынша үшінші орында липосакция (денедегі артық май қабатын алу) тұр. Ал танымалдық бойынша 4-і келе жатқан – обдоминопластика, яғни имплантант арқылы кейбір дене мүшелерінің пішінін өзгерту, – деп түсіндірді Данияр Урмурзин.

Сонымен қатар, хируртың айтуынша, ота құны Қазақстанда Ресеймен салыстырғанда, әлдеқайда арзан.  

«Бұл негізінен жасалатын ота саны мен мамандардың тәжірибесі, ота жасау техникасына байланысты. Нәтижесі өте жақсы шыққан оталардың саны көп. Біздің клиникаға келер болсақ, бағалары қалта көтерерлік, барлығы сайтта жарияланған. Соңғы жылда бізге сенім артқан пациенттеріміздің саны 1000-нан асты, – дейді Данияр Урмурзин.  

2_4.jpg

Фото: Олег Спивак

Мәселен, ең танымал деген ота түрлерінің құнын қарастырып көрсек, «AMIRA» пластикалық хирургия және косметология клиникасында жоғары қабаққа блефаропластика жасату – 150 000 теңге, төменгісі – 190 000 теңге, айналма блефаропластика – 300 000 теңге, қабақты еуропаландыру– 170 000 тенге, трансконъюктивтік блефаропластика – 150 000 теңге тұрса, липосакция құны  35 000 мыңнан басталып, 600 000 теңгеге жетеді, ал  ринопластика бағасы 350 000850000 теңге аралығында, мұрын ұшын өзгерту 150 000 теңге тұрады, бетке толық лифтинг жасату – 820 000-1 180 000 теңге. 

«Менің маманданған бағытым – түрлі тіндерді адам денесінің әр аймағына орналастыру, атап айтсақ: липотрасфилинг, блефаропластика, отопластика, маммопластика, блютеопластика (бөксе пішінін өзгерту– «Къ»). Өз тәжірибеме сүйене отырып, нешетүрлі ерекше ота жасалды деп айта аламын. Мәселен, клиникамызда жасалатын оталардың басым бөлігінде пластикалық хирургтардың жеке қолтаңбасы бар, сондай-ақ, пластикалық хирургияның тиімді тәсілдері қолданылады, – дейді маман.   

Сонымен қатар пластикалық клиника мен хирург таңдаған кезде, неге баса назар аудару қажеттігін де айтып өтті. 

«Ең бірінші ота жасауға рұқсат беретін құжаттары бар екеніне көз жеткізіп, одан кейін хирургпен тікелей жүздесіп, оның жасалатын ота тұрғысындағы біліктілігін пайымдап, оған қоса, қауіп-қатер мен асқынудың алдын алу жолдарын нақтылау қажет. Өз-өзіне сенімді, тәжірибелі маман бұл тұрғыда өзін сенімді ұстайды. Хирург отаны пациент қауіпсіздігі мен тиімділікті негізге ала отырып жасайтынына көз жеткізген жөн, – деп пайымдайды Д.Урмурзин. 

«Надиалан Aesthetic»  пластикалық хирургия және косметология клиникасының басшысы, пластикалық хирур Дмитрий Пактың сөзіне сүйенсек, Қазақстандағы ең танылмал пластикалық оталар: блефаропластика, маммопластика және ринопластика екен. 

3_2.jpg

Фото: Офелия Жакаева

«Соңғы кездері липофилинг (өз майы арқылы жасарту) отасының танымалдығы артып келеді. Айталық, біздің клиникада осы отаны жасағысы келетін пациенттердің қатары көп. Клиенттеріміздің пікіріне қарасақ, жақсы нәтижеге қол жеткізіп жатырмыз, – дейді Дмитрий Пак. 

Оның айтуынша, Қазақстандағы пластикалық хирургия нарығының баға саясаты АҚШ, Корея, Бразилияға қарағанда өзгеше. 

«Бұл әрине, өмір сүру деңгейіне байланысты. Тіпті Алматының клиникаларын өзара салыстырар болсақ, оларда баға айырмашылығы үлкен екенін байқауға болады. Бір отаға неге екі түрлі баға қойылғанын пациенттер түсінбейді. Баға бірнеше факторлардан қалыптасатынын түсіну керек. Мәселен, ең негізгі 2 фактор: хирургтың от жасау тәсілі мен клиниканың материалдық шығыны,– деп түсіндірді маман. 

«Надиалан Aesthetic» клиникасында ең көп жасалатын оталардың құнына көз жүгіртер болсақ,  блефаропластика – 170-300 мың теңге,  маммопластика – 778 000 тенгеден бастап  1,5 млн теңгеге дейін, ринопластика 350 000 теңгеден басталады, бет терісін тарту 1 млн теңгенің айналасында, іш майын алу  580 000 тенге тұрады. 

Сондай-ақ, Дмитрий Пак пластикалық хирург пен клиника таңдауда неге мән беру керектігі жайлы айтып берді.  

«Клиниканың ресми құжаттарын сұрап, оның қызметі мен жұмысы туралы пікірлерді оқып, медициналық талаптарды орындауын ескеріп, хирургтың кәсіби біліктілігіне назар аудару керек. Міндетті түрде келісім-шарттағы екі тараптың жауапкершілігі туралы жазылған бөлігін жан-жақты зерттеу керек.  
«Бүгінгі күні кейбір клиникаларда бұл оталар конвейер секілді, үздіксіз жасалады. Ал келесі хирургтың жасайтын отасы өте көп емес, сондықтан, оның да сапасы жақсы. Хирург отаға қаншалықты аз уақыт жұмсаса – сәтсіз шығатын отаның де үлесі жоғары. Ал отаны асықпай жасаса, оның нәтижесі де жоғары болатыны анық, – деп түсіндірді маман. 

Әр пациенттің хирург туралы пікірі әртүрлі. Егер ол ота нәтижесіне көңілі толатын болса, оны жасаған маман жайлы жақсы пікір айтатыны анық. 

Жасалған отаның 3-5 пайызының кем-кетігін жөндеу қажеттігі туындауы – кез-келген клиника үшін қалыпты статистика. 

Дмитрий Пак Қазақстанда пластикалық хирургия нарығында бәсекелестік жақсы дамыған деп есептейді. 

«Егер ресми статистикаға сүйенетін болсақ, бір Алматының өзінде қазіргі кезде 80-ге жуық пластикалық хирург жұмыс істейді, Ал Астанада олардың саны 10-нан аспайды, сондықтан ол жақта бәсекелестік те төмен», – дейді маман. 

Жоғары категориялы дәрігер, Москва deLuxe пластикалық хирургия клиникасының хирургі Владимир Крючковтың айтуынша, Қазақстандағы «сұлулық нарығы» қарқынды дамып келеді. 

4_2.jpg

Фото: Олег Спивак

«Жан сұлулығы екінші орынға сырғып, елдің бәрі сырт келбетімен, дене мүсінімен алысып әлек. Бұл дұрыс емес секілді. Меніңше, бұл – Батыстың ықпалы. Адамдардың өмірі, көзқарасы өзгеріп жатыр, эстетикалық сұлулық алдыңғы қатарға шығып, сәйкесінше, пластикалық хирургия нарығы қарқын алып келеді, – дейді Владимир Крючков.

Маманның сөзіне сүйенсек, Қазақстанның пластикалық хируругия нарығы бәсекеге қабілетті. «Біз де дамып, өсіп жатырмыз, өзгелерден техникалық тұрғыда артта қалдық деп айтпас едім. Тек белгілі бір құрал-жабдықтарды пайдалануда айырмашылық бар шығар. Бұл елдерде олар жақсы дамыған», – дейді Владимир Крючков. 

Ол пластикалық хирургиядағы баға қолжетімді болуы керек деп санайды. 

Москва deluxe-те блефаропластиканы айнала жасату 270 мың теңге тұрады, ал маммопластика құны 780 000-990 000 теңге аралығында. 

Владимир Кручков жас қыздарды өз кемшіліктеріне аса қатты мән бермеуге шақырады:

«Клиникаға жас қыздар келіп, пластикалық отаны бірінен соң бірі жасатуы – олардың эстетикалық сұлулыққа аса қатты мән беретінін білдіреді. Мен әркез қыздарға өздеріңді рухани дамытыңдар және өте сұлу екендеріңді ұмытпаңдар деймін».

ХХ ғасырдың белгілі модельері Габриэль Бонер Шанель «өз-өзіңді күту жүректен басталуы керек, олай болмаған жағдайда ешқандай да косметика көмектеспейді» деген екен.

Жалпы алғанда, пластикалық хирургия нарығы жыл сайын дамып келеді, алдағы уақытта да бұл үрдіс сақталмақ. Бұл ретте әлемдегі эстетикалық медицина нарығының құрылымы да өзгеріп жатыр. Ресей және қазақстандық БАҚ-тың жазуы бойынша,  Орта Азиядағы пластикалық хирургия көшбасшылары – Қытай мен Корей Республикасы болып тұр.

Сондай-ақ оқыңыз