Ресурстар

Аз қамтылған отбасыларға 2 пайыздық ипотека беріледі

Тұрмысы төмен отбасыларға 2 пайызбен тұрғын үй беретін бағдарлама мамырдың аяғында басталады

Тұрмысы төмен отбасыларды тұрғын үймен қамтуға бағытталған бағдарлама мамырдың соңында басталады деп жоспарланып отыр. Оған 4 және оданда көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасылар қатыса алады. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президентінің «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасын жүзеге асыруды бақылайтын Қоғамдық кеңес отырысының кулуарында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің»  басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді. 

Бұл бағдарламаға көп балалы отбасылармен қатар, мүмкіндігі шектеулі баласы бар, балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған жесір аналар мен жалғызбасты әкелер де құжат өткізе алады. Ләззат Ибрагимованың айтуынша, 12 миллион теңге көлемінде қарыз алу үшін отбасының ортақ табысы айына 88 450 теңге болуы тиіс. Сонда алғашқы 8 жыл бойы айына 60 мың теңге төлесе, келесі 11 жылда төлем 44 мың теңге көлемінде қалыптасады. Аталмыш бағдарлама аясында пәтерді жаңа салынған тұрғын үйлерден алуға болады. Дегенмен, бағдарламаға қатысушылардың таңдау мүмкіндігі мол болуы үшін қайталама нарықтан да, жер үйлерді де алуға рұқсат берілген. 

«Көп балалы отбасылар астанамыздың маңайындағы үйлерге үлкен қызығушылық танытады деген ойдамын. Оның үстіне бағдарлама аясында тек Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент сынды ірі мегаполистерде ғана емес, облыс орталықтары, аудандар мен моноқалалардан үй алуға мүмкіндік қарастырылған. Қазіргі кезде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде осы бағдарлама бойынша сұраныс көп. Аталмыш бағдарлама бойынша несие жылдық пайызы ең төмен – 2 пайыз болғандықтан, көп балалы және тұрмысы төмен отбасылар тағатсыздана күтіп жүр. Дәл осы бағдарламада алғашқы жарна да 10 пайызға дейін төмендетілген, 10 миллион теңгенің пәтерін алу үшін 1 200 мың теңге жинағы болса жеткілікті», –деп атап өтті Ибрагимова. 

Банк төрағасының айтуынша, бағдарлама аясында биыл 50 млрд теңге алу алу жоспарланған, ол 6 мыңға жуық қазақстандықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.