Ақтаудағы яхташылар клубты сақтап қалу мен теңіз туризмін дамыту үшін барын салуда. Жергілікті әкімдік даулы мәселені шешуге тіпті қала тұрғындарын да тартып, қарт Каспийдің жағасында орналасқан жалғыз яхта клубының тағдырын елмен бірлесе шешпек.
«Бриз» яхта клубы Ақтауда 80-жылдардан бері жұмыс істеп келеді. Ал 90-жылдардың басында клуб заңды тұлға ретінде тіркелген кезде, өзі тұрған жерді (0,46 га) жалға алу туралы келісім-шарт жасаған. Бұрындары жалға алу уақыты әр 10 жыл сайын ұзартылып отырған еді. Клубтың ғимаратын бұзу туралы әңгіме өткен жылдың қараша айында шыққан, жағалауды кеңейту мәселесіне қатысты өткен қоғамдық тыңдау кезінде клуб ғимараты құрылысқа кедергі келтіретіні айтылған еді. Дәл сол уақытта клуб басшылығы қала әкімдігіне жер телімін жалға алу уақытын ұзарту туралы өтініш берген.
«Біз үш ай бойы жауап ала алмай, жалға алу уақытын ұзарта ма, жоқ па, соны біле алмай дал болдық. Қаланың сәулетшілерімен кездесуде маған ғимараттың сыртқы келбеті нашар, оны жөндеу керектігін айтты», – дейді «Бриз» яхта клубының командоры Сергей Кулькин.
Жағалаудың қалалық әкімдік жасаған жобасында яхта клубы ғимаратының орнына бастырма мен гүлзар салынады деп жоспарланыпты. Десе де, яхталар өз орнында қалған. Клуб ғимараты жобада қарастырылмағанын білген кезде, яхташылар баспасөз өкілдеріне жүгінеді.
«Қала билігі ғимаратты жайдан-жай алып тастай алмайды, сондықтан жағалауға клуб арқылы өтетін жолды 8 метрге дейін кеңейт деген шарт қоя бастайды. Бұл ғимаратты бұзу керек деген сөз»,– деп пайымдайды Сергей Кулькин.
Бүгінде яхта клубының ғимаратында 2 каюта компаниясы, яхта жөндейтін шеберхана, құрал-жабдықтар мен мотор сақтайтын қойма орналасқан. Соңғысын байлауда тұрған қайықтан міндетті түрде шешіп алу қажет, өйткені клуб шекаралық аймақта орналасқандықтан, теңізге түн уағында рұқсатсыз және бақылаусыз шығудың алдын алуы керек.
Клуб мүшелері 30 жыл ішінде өз күштерімен жағалау аймағын абаттандырып, қаладағы жалғыз әмбебап айлақты тұрғызған. Айта кету керек, Ақтау және Құрық порттарындағы айлақтар режимдік нысан болғандықтан, ол жаққа шағын кемелер тоқтай алмайды. Ал «Бриз» яхта клубы жақында ғана теңіз картасына енгізіліп, әлемдік қауымдастық мойындаған.
Бұл ғимаратты қалдырған күннің өзінде, ол яхта клубы мүшелерінің есебінен жөнделетін көрінеді.
«Бізді алаңдатып отырғаны – белгісіздік. Әкімдікке осымен үшінші жобамызды ұсындық, онда клуб ғимараты өзгергенімен, өз орнында қалады. Ал жергілікті билік өз жобасын жүзеге асырғысы келеді, олардың жобасында яхта клубының ғимараты мүлдем жоқ», – дейді Сергей Кулькин.
Туризмнің дамуына салынған тұсау
Клуб мүшесі және кәсіпкер Андрей Чулаков 20 жылдан бері қайық, яхта жалға беру және серуенге арналған катамаран жасаумен айналысып келеді. Сонымен қатар, кәсіпкер осынша жыл яхталарға арналған тұрақ салуға қол жеткізе алмай келеді. Өйткені қазіргі кезде Қазақстан – теңізге шығатын жолы болса да, жеке яхта порты жоқ жалғыз мемлекет.
Біраз жыл шетелде жұмыс істеп келген Андрей Чулаков су туризмін қалай дамыту керектігін жақсы біледі. Құрлық туризміне қарағанда, оған арнайы база мен инфрақұрылым: кеме, қайық, моторлар мен желкендер, кеме жөндейтін жер мен су көлігі тоқтайтын айлақ қажет.
«Қазіргі кезде яхта клубы – жағалау базасы, ол азды-көпті теңіз туризмін дамытып келеді. Шенеуніктер жоғары мінберлерден туризмді дамыту керек дегенімен, өздері қолда бар дүниенің түбіне жетіп жатыр. Кейде қолдарыңнан түк келмесе, жап-жақсы жұмыс істеп тұрған нәрсеге тиіспеңдер дегім келеді», – дейді «Курсивке» берген сұхбатында Андрей Чулаков.
Өткен жылы жергілікті әкімдіктің талабы бойынша, тұрғындар үшін клуб арқылы өтетін жол ашылған. Сондықтан Андрей Чулаков жағалауды абаттандыру жобасына жұмыс істеп тұрған клубты кіргізген жеңіл болады деп тұжырымдайды. Өйткені тұрғындар мен қала қонақтарына жағалауға клуб аймағы арқылы өтіп, яхталарды тамашалаған қызық болмақ.
«Егер ғимаратты бұзса, қайық пен желкенді, басқа да құрал-жабдықтарды қайда сақтаймыз? Бізге бір жерде бас қосып, жиналып тұру керек. Бізде дайверлер мен яхташылар оқып-жаттығады, оған қоса ғимаратта карталар, түрлі суреттер сақтаулы. Мәселен, клуб мүшелері «Шоқан Уәлиханов» яхтасымен жер бетін айналып шыққан. Егер ғимаратты бұзып тастаса, қайығымызбен құмда қаламыз», – деп ашынады Чулаков мырза.
Клуб аймағында тұрған яхталардың басым бөлігі клуб мүшелеріне тиесілі. Сондай-ақ кеме-қайығын өздері күзете алмайтындар да осы айлаққа кемелерін қояды.
«Теңізге қайықты ала салып, жайдан-жай шыға салмайсың. Теңізге шығу үшін полиция, ҰҚК, әкімдік пен шекарашылардың құжаттарына қол қоюың керек. Басқасын айтпаған күннің өзінде, құжаттардың ішінде жабық аймақ тұрағымен келісім-шарт болуы керек, онсыз шекарашылар теңізге шығуға рұқсат бермейді», – деп нақтылайды А.Чулаков. Оның айтуынша, яхта клубындағыдай күзетілетін кеме тұрағы басқа жақта жоқ. Сондай-ақ, жаңа яхта клубын салатын жер де қарастырылмаған.
Халықтың таңдауы
Сергей Кулькин сәуір айында үшінші рет қала әкімінің атына жобаның экскизін қарастыру жөнінде өтініш тастаған. Ал жергілікті билік оны халықтық дауысқа салуды жөн көреді. Тұрғындар не яхта клубының, не әкімдіктің нұсқасын таңдауы керек. Айта кетейік, әкімдік нұсқасында клубтың ғимараты мүлдем жоқ.
Сонымен қатар, дауысқа салардан біраз бұрын қалалық әкімдікте брифинг өткен еді, сол кезде әкімдік өкілдері яхта клубының ғимаратына тиіспейміз деп мәлімдеген. Ақтау қалалық сәулет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Маңғыстау Қылышбеков ғимарат бұзылмайды, тек оның сыртқы келбетін ретке келтіру керек деген болатын. Егер ғимаратты бұзу жоспарда жоқ болса, тұрғындардың таңдауына ұсынылған эскизді жобаға неліктен яхташылар клубының ғимараты енгізілмеген деген сауал басы ашық күйінде қалды.
Бір жылдан соң не болмақ?
Материалды баспаға дайындау барысында яхта клубы орналасқан жерді жалға алу мерзімін тағы бір жылға ұзартқаны белгілі болды.
«Жалға беру уақытын бұдан әрі соза алмаймыз, өйткені жағалауды абаттандыру туралы жобалық-сметалық құжат қабылданған, ол бойынша бұрынғыдай 10 жылға жалға беруге мүмкіндік жоқ, – деп айтып өтті қалалық жер қатынасы басқармасының басшысы Жандос Роман.
Ал бір жылдан соң қала әкімдігі мен яхта клубының басшылығы бір келісімге келе алмаса, не болатыны әзірге белгісіз.
«Қазір біздің ешқандай құқығымыз жоқ. Су туризмінің болашағын көргің келеді, инвестор тапсақ дейміз. Бірақ жерді жалға алу келісім-шарты бір-ақ жылға жасалса, бұл жобаға кім қызығушылық танытып, қаржы құяды?» – деп сауал тастайды яхта клубының басшысы.