Қай облыс тұрғындарының депозитте сақтаған қаржысы көп?
Аймақ тұрғындарының екінші деңгейлі банктердегі депозитте сақтайтын қаржысы бойынша, Қарағанды облысы көш бастап тұр. Бұл – жарты миллиардтан аса қаражат. Ал халық саны тығыз оңтүстік облыс тұрғындарының жинағы бұдан әлдеқайда аз.
Кімде қанша қаржы бар?
Ұлттық банктің Қостанай облыстық бөлімі деректеріне сүйенсек, банктердегі депозиттердің жалпы көлемі мамырдағы жағдай бойынша, 10,3 трлн теңгені құраған. Бұған ағымдағы есепшоттар мен бейрезидеттердің есепшоттары кірмеген.
Осы қаражаттың 30 пайызға жуығы заңды тұлғаларға тиесілі. Ал 7,5 трлн теңге көлеміндегі негізгі бөлігі – халықтың жинағы.
Заңды және жеке тұлғалар жинағын аймақ бойынша қарастырса, Алматы қаласындағы банктерде 4,121 трлн теңге жинақталса, Нұр-Сұлтан тұрғындарының 2,3 трлн теңгесі сақтаулы.
Облыстар арасында 610 млрд теңге жинақпен өндірістік Қарағанды көш бастап тұрса, екінші орында – 4444,4 млрд теңге жинақпен ШҚО келеді. 413 млрд теңге салыммен Қостанай облысы үштікті қорытындылап тұр.
Депозитте сақталған ең аз қаржы оңтүстік облыстарға тиесілі. Айталық, Ұлттық банктің дерегі бойынша, Қызылорда облысындағы банктерде жинақталған салым көлемі 120,2 млрд теңгені құраған. Ал Түркістан облысындағы банктердегі жинақ көлемі 1 мамырда бар-жоғы 4 млрд теңгені құраған. Бұл әкімшілік-аймақтық өзгерістердің нәтижесінде, Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленіп, аймақ құрамынан шығуына байланысты.
Теңге ме, доллар ма?
Салымдардың құрылымына келер болсақ, қазақстандықтар жинағын ұлттық валютада сақтағанды жөн көреді. 1 мамырдағы дерек бойынша, заңды және жеке тұлғалардың теңгемен жинақталған салым көлемі 5,7 трлн теңгені құраған. Бір жыл бұрын бұл сома 4 трлн теңгені құраған еді. Ал депозиттердің жалпы көлемі 2018 жылы 429 млрд теңгеге артық болған.
Бұл ретте долларсыздану үрдісіне заңды тұлғалар үлкен үлес қосты. Ұлттық банктің инфляциялық шолуында корпоративтік секторда шетелдік валютадағы депозиттердің жылыстауы орын алғаны жазылған. Тамыз айында заңды тұлғалардың салымы 30 пайызға төмендеген. Олар банктегі жедел депозитте шетел валютасымен 1,2 трлн теңге ұстаса, 1,8 млрд теңгесін қажет кезінде алу үшін ұстап отырған. Бұл уақытқа корпоративтік сектор долларының көлемі 39,5 пайызды құраған. Валюталық салымдардың жылыстауы жалпы депозит қорының 1,4 пайызға төмендеуіне ықпал етті.
Биыл қаңтар айында регулятор депозиттік ұйымдарда жинақтардың өскенін байқаған, оған халықтың теңгедегі жинағының көбеюі әсер етіпті. Аймақ бойынша алып қарсақ, Алматының өзінде, шетелдік валютада сақталған салым көлемі теңгелік депозиттерден жоғары. (1,96 және 1,17 трлн теңге) Ал басқа қалаларда ұлттық валютамен сақталған депозиттердің саны басым.
Ағымдағы жылдың 1 мамырында жеке тұлғалар салымының 4,1 триллионы – теңгеде, 3,4 трлн теңгесі шетелдік валютада сақталған. Сондай-ақ, қаржылық реттеушінің есебінде жеке тұлғаның салымы қаншалықты көп болған сайын, валюталық жинақтың үлесі үлкен екені айтылады.
Әсіресе 500 млн теңгеден аса жинағы бар салымшылар конвертация жасауға құлықсыз. Ұлттық банктің инфляциялық шолуында сүйенсек, 1 ақпандағы жағдай бойынша, бұндай салымдардың 83 пайызы доллармен сақталған. 500 миллионнан аса қаржы жатқан депозиттердің саны – 903.
Шолуда айтылғандай, 50 миллион теңгеден көп қаржы жинақталған 13 мың ірі депозитте банк салымдарының 38 пайызы, яғни 3 трлн теңгесі шоғырланған. Бұл ретте жеке тұлғалардың 58,1 миллионға жуық есепшотында миллион теңгеге жетер-жетпес ақша жатқанын айта кету керек. Оның барлығын қосса, 1 триллион теңгеге де жетпейді.
Ұлттық банк деректері бойынша, халықтың 1-3 миллион теңге аралығындағы жинағы әлдеқайда аз – 648 мың, ал 5-10 миллион теңге жинақталған депозиттердің саны – 160 мың. Жалпы 20 миллион теңгеге дейінгі депозиттер барлық есепшоттың 99,9 пайызын құрайды. Олардың басым бөлігі –теңгемен ашылған депозиттер.
Қала мен облыс арасында Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жеке тұлғалардың салымдары көш бастап тұр. Одан кейін Қарағанды мен Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстары тұр.
Қайсысы тиімді?
Айта кету керек, депозиттердің 90% пайызы жедел салымдарда сақталады. Бұл өткен жылдың 1 қазанынан жинақтаушы, мерзімді немесе мерзімсіз депозит ашқан әрбір қазақстандық ақшаны сақтау мерзімі мен алу шарттарын өзі анықтауымен байланысты болуы мүмкін. Ең тиімдісі – жылдық тиімді сыйақысы 12-13,5 пайызды құрайтын жинақтаушы депозит. Салымшы жинақтаушы депозит ашып, жинақтау мерзімінде ақша шешсе де, ең жоғары сыйақы алады.
Салымның өзге түрлері бойынша сыйақы –10,5 және 12,5 пайыз аралығында. 1 маусымнан бастап валютадағы салымдар теңгедегі салымдар сияқты мерзімді, мерзімсіз және жинақ депозиттер болып топтастырылатын болады. Шетел валютасындағы мерзімі 12 ай және одан жоғары жинақ және мерзімді депозиттер бойынша максималды мөлшерлемелер 2%-ға тең болады. Ал қайтарып алынатын салымдар, сонымен қатар 12-ға дейінгі мерзімді және жинақ салымдар бойынша шекті мөлшерлемелер 1% деңгейінде сақталады.
Дегенмен, маусымның басында депозиттен ақшасын алып немесе оны теңгеден валютаға ауыстырғысы келгендердің ұзын-сонар кезегі қалыптасқаны белгілі. Оның басты себебі – валюталық нарықтағы өзгерістер еді.