Кеңес Рақышевтың компаниясы 393 млн теңгеге жуық дивиденд төлейді

Миллионер Кеңес Рақышевқа тиесілі «Fincraft Resources» акционерлік қоғамы артықшылығы бар акция иелеріне дивиденд төлейтінін хабарлады. Компания 2025 жылдың шілдесі мен 2026 жылдың шілдесі аралығындағы кезең үшін жалпы сомасы 392,6 млн теңге бөлуді жоспарлап отыр.
Қазақстан қор биржасының (KASE) баламалы алаңында SATCp кодымен саудаланатын әрбір артықшылықты акцияға 1 теңгеден дивиденд есептелген.
Қаражатты акционерлердің ағымдағы шоттарына аудару 2026 жылдың 24 шілдесінен басталады. Төлем алатын бағалы қағаз иелерінің тізімі 2025 жылғы 23 шілдедегі сағат 00:00-дегі жағдай бойынша жасақталған.
Айта кету керек, «Fincraft Resources» 2024-2025 жылдары жай акциялар бойынша дивиденд бөлмеген. Компанияның 78,85% үлесі «Fincraft Group» холдингіне, ал 15,72% үлесі «БТА Банкіне» тиесілі. Акционерлік қоғамның түпкі иесі – Кеңес Рақышев.
2024 жылы Fincraft Resources бірнеше активін иеліктен шығарды. Былтыр маусым айының соңында Nomad west oil мұнай компаниясының 50 пайыздық үлесінен құтылса, Батыс Қазақстан облысында гипс өндіріп жүрген «Индергипс» компаниясындағы үлесін сатты. Одан бөлек, жұмыс істемей тұрған «Орталық Азия инвестиция-консалтинг» деген еншілес мекемесін жапты.
Кеңес Рақышев Forbes журналының дерегі бойынша Қазақстандағы ең дәулетті 50 кәсіпкердің тізімінде 27-орында тұр. Оның байлығы 402 миллион АҚШ долларына бағаланған.