Шығыс Қазақстанға демалысқа барарда нені білу қажет?
Шығыс Қазақстан облысында биылғы маусымда 330 демалыс орны өз жұмысын бастады. Туристік нысандардың жай-күйін кім бақылайды және демалушыларды қандай тосынсый күтуі мүмкін екенін «Курсив» анықтап көрді.
Қара теңізден арзан
Жыл сайын Бұқтырма су қоймасы мен Алакөлге жүз мыңдаған турист келеді, оның ішінде ресейліктер да бар. Желідегі 40 шақты пікірден түйгеніміз, демалушылардың басым бөлігін Шығыс Қазақстан облысының көркем табиғаты тартады екен.
Ресейліктер оған қоса жолдаманың арзандығын да атап өтіп, Бұқтырманы Қара теңіздің бюджеттік баламасы дейді.
Туристер Шығыс Қазақстандағы демалыстың кемшілігі ретінде туристік базалардағы қызмет көрсету сапасының нашарлығын, олардың санитарлық жағдайы: қоқыстың сирек шығарылуын, кәріз жүйесі жоқтығын айтады. Ал жергілікті тұрғындар демалыс орындарының айналасы қоқыс тастайтын күресінге айналып бара жатқанына наразы.
Соңғы жылдары жергілікті билік Алакөл жағалауын біршама реттесе де, Бұқтырма су қоймасы әлі күнге өз заңымен өмір сүретін құмырсқа илеуіне ұқсайды. «Аквамарин» қонақүй кешенінің өкілі, заңгер Әнет Ахметжановтың айтуынша, су қоймасы жағалауының Көк шығанақ аймағындағы демалыс орны мен тұрғын үйлер жақта кәріз жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. Осы мәселеге қатысты бақылаушы орындарға шағым да түсірген.
Заңгердің сөзіне сүйенсек, бірнеше жылдан бері тазарту жүйесі жұмыс істемейді, кәріз суы әлсін-әлсін суқоймасына жіберіліп тұрады. Сөзіне дәлел ретінде тазарту құрылғысының шөп пен ағаш басып кеткен суреті мен кәріз суының қоймаға қарай ағып жатқаны түсірілген 2017 жылғы бейнежазбаны ұсынады.
Осы ретте кәсіпкер Владимир Ефанов жағалаудың санитарлық жағдайына байланысты тағы бір мәселенің шетін шығарды. Жеке кәсіпкер демалыс аймағынан қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысады.
«Жағалаудағы 100 шақты демалыс базасының 50-і бізбен келісім-шартқа отырған. Қалған туристік нысандардың иелері қоқысты полигонға өздері апарып төкпейді. Нәтижесінде жағалауды қоқыс басып барады. Осыдан 10-15 жыл бұрын демалыс орындарын бақылаушы органдар қатаң қадағалайтын еді, олардың бірде-бірі қоқыс шығару туралы келісімге қол қоймай жатып, жұмыс бастауға рұқсат ала алмайтын», – дейді ол.
Кәсіпкердің өзі де туристік бизнеспен айналысатындықтан, маусым ашылар алдында шаруашылығын толық тексеруден өткізеді екен. Су табанын тексеріп, электржүйелерін мамандарға қаратып, демалыс аймағын кене, құрт-құмысқаға қарсы дәрімен өңдейді. Оның айтуынша, бұрын барлығына 300 мың теңгедей ақша кеткен, есесіне бұл шығын демалушылардың өміріне алаңдамауға мүмкіндік береді.
Бизнесті қорғау тұтынушыға зиянын тигізбей ме?
Туристердің пікіріне сүйенсек, туристік нысандардың барлығы демалыс маусымына толық дайындалмайды. «Курсив» туристік нысандар қаншалықты жиі тексерілетінін анықтау үшін облыстық туризм және сыртқы байланыс басқармасына сұранысхат жіберген еді.
Мекеме басшысы міндетін атқарушы Меруерт Ниязованың айтуынша, бұл базалар мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудан өтеді. Олар жұмысын тексеруші орган оң қорытындысын берген соң ғана бастай алады.
Шығыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бұл ақпаратты растап, тексеріс кестеге сай, жарты жылда бір жүретінін айтады. Биыл тексеріс маусымда басталған, бұл кезде жағалауда туристер молынан жүрді.
«Тексеріс сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, азық-түлікті сақтау, жатын орын, ғимаратты желдету, қалдықтарды сақтау мен тасымалдау, төсек-орын жабдығын жуу талаптарын реттейтін қолданыстағы санитарлық ережелеге сай жүргізіледі», – дейді департамент басшысы Ғазез Сүлейменов.
Мекеме өкілдерінің айтуынша, ҚР Кәсіпкерлік Кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты, былтыр жоспарлы тексеріс жүргізілмеген. Демалыс орындарының санитарлық жағдайын мамандар биыл да тексере алмайды. Өйткені ашылғанына 3 жыл болмаған нысандарды тексеруге заң тыйым салады. Ал жаңадан ашылғандардың қатарында 50-ге жуық нысан бар.
Енді осы «жаңалардың» қатарынан табылу үшін жаңа база салып, оны ашудың қажеті жоқ. Салық қызметкерлерінің айтуынша, бизнесті қайта тіркетсе жеткілікті. Тексеруші мемлекеттік орган өкілдері сөзіне сүйенсек, кейбір қу кәсіпкерлер тексерістен қашып, бизнесті қорғау мен қолдауға бағытталған мемлекеттік шараларды жеке бас пайдасына пайдалануы мүмкін. Нәтижесінде бұдан тұтынушы зардап шегеді.
ШҚО ТЖД мамандары да жұмысын жаңадан бастаған базалар өрт қауіпсіздігі ережелерін қаншалықты сақтап отырғанын тексере алмайды. Жалпы, инспекторлар 100-ден аса адам орналасатын, қатер деңгейі жоғары нысандарды ғана жоспарлы түрде бақылай алады.
Түйткіл бар, бірақ шағым жоқ
Жоспардан тыс тексеріс тек тұтынушы шағым түсірген жағдайда қолға алынуы мүмкін. Алайда бақылаушы мекеме өкілдерінің айтуынша, шағым түсіру үшін адам өмірі мен қоршаған ортаға келтірілген зиян туралы нақты дәлел болуы керек.
Жеке тұлғалар сонымен қатар, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін кемшіліктер туралы да шағымдана алады. Ең дұрысы – шағымданушы мемлекеттік мекемеге нақты фото-видео дәлелмен келуі қажет.
Статистикаға қарасақ, демалушылар шағым түсіру құқығын сирек пайдаланады екен. 2018 жылы жеке тұлғалардан түскен арыз-шағымның негізінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары 4 демалыс орнын тексерген. Ғазез Сүлейменовтың айтуынша, олардың бірінен санитарлық талаптарды бұзу фактісі анықталған. Нәтижесінде 48,1 мың теңге айыппұл салыныпты.
Алайда демалыс орындарының басым бөлігі орналасқан Алтай ауданы тұрғындары мен туристер Бұқтырма су қоймасындағы жағдай мемлекеттік органдардың бірді-екілі тексерісі емес, демалыс аймағына ерекше мәртебе беріп, миллиардтаған инвестиция құйғанда ғана оңалады деп тұжырымдайды.