Демалыста жұмысты ойламау үшін не істеу керек?
Әркім ештеңеге алаңдамай, жұмыс туралы еш ойламастан демалғысы келеді. Алайда бұл кез-келгеннің, әсіресе басшылықтағы, компаниядағы маңызды қызметтегі адамдардың қолынан келе бермейді. Осы орайда «Курсив» «KazTransCom» АҚ HR-бизнес-серіктесі Кристина Теннің өзіңіз жоқта да командаңыздың жұмысы тиімді болуы үшін не істеу қажеттігі жөніндегі бірнеше кеңесін ұсынады.
1. Ізбасар тәрбиелеңіз
Жақсы басшыны жұмысы мен жетістігінен ғана емес, командасынан, қасындағы қызметтестерінен де таниды. Ал ізбасар тәрбиелей алу – жақсы басшының қажетті дағдысы.
Ізбасар деген кім? Бұл жетекшінің бүкіл тәжірибесін қабылдап, кез-келген уақытта компанияға залал келтірместен басшыны алмастыратын, тіпті кейбір жағдайда оның тиімділігін арттыра алатын адам. Өз ізбасарыңыздың барлық жобалардан хабардан екеніне, бүкіл бөлімдермен қарым-қатынас орната алатынына, ең бастысы – сенімнен шығатын жан екеніне көз жеткізіңіз.
Ізбасар тәрбиелеуден қорықпаңыз, өйткені ізбасардың жетістігі – табысты жетекшінің еңбегі. Өз біліміңіз және тәжірибеңізбен үнемі бөлісіп, командаңыздың сеніміне кіріп, оның тиімділігін арттырыңыз.
2. Команданың шешім шығаруына мүмкіндік беріңіз
Өз командаңызбен әрқашан ақылдасып, пікір алмасып тұрыңыз. Адамдар өз пікірін айтудан қорықпауы керек. Осыдан бірнеше жыл бұрын қызметкерлердің ойы ескерілмей, барлығын тек басшылар шешетін еді. Алайда қазір заман басқа, бүгінде «бастамашыл» қызметкерлердің бәсі жоғары. Қандай да бір қиындық туса, оны шешуге өзіңіз кірісіп кетпей, қызметкерлерге мәселенің түйінін бірге шешуге мүмкіндік беріңіз. Командаңызға жауапкершілікті өзгеге аудармай, өз мойнына алуды үйретіңіз.
Демалысқа кетердің алдында, қандай мәселелерде өздігінен шешім шығара алатындарын нақтылаңыз.
3.Тапсырманы команда мүшелерінің біліктілігін ескере отырып бөліңіз
Бәрін өз мойныңызға артпаңыз. Басшының міндеті – атқару емес, басқару. Міндеттерді дұрыс бөлу үшін, командаңызды жақсы білуіңіз шарт. Олармен тығыз қарым-қатынас орнатып, әрқайсының жақсы қабілетін табыңыз, олардың дамуына жағдай жасаңыз.
Міндет пен тапсырма команда мүшелері арасында олардың икемін, мықты жақтарын ескере отырып бөлінуі керек.
Міндеттерді дұрыс бөлгенде ғана команда мүшесі жұмыстың өзіне қатысты бөлігіне жауапты болады да, басшы тек іс барысын қадағалайды. Ал қызметкерлер өзіне қажетті бүкіл ақпаратты алып отырады.
Әр қызметкерге нақты тапсырма беріп, оны жүзеге асыру уақытын белгілеңіз. Қызметкерлеріңіз сізді толық түсінетініне көз жеткізіңіз.
4. Командаңызға сенім артыңыз
Сіз оларға сенім артқан сайын, олар жауапкершілікті сезіне түседі. Оның үстіне сіз артқан сенім қызметкерлер тарапынан материалдық емес мотивация ретінде қабылданып, басшылыққа деген ниеттестігін арттырады. Қызметкерлердің біліктілігіне сенетініңізді, олар бір жерде қате жіберсе де, оны жөндеуге көмектесуге дайын екеніңізді байқатыңыз.
Сонымен, демалысқа кетпес бұрын, ұялы телефоныңыз сөндірулі болатыны немесе почтаға жауап бере алмайтыныңызды ескертіңіз.
Сіз жоқ кезде өзіңізді алмастыратын адамды міндетті түрде ұжым мен әріптестеріңізге таныстырып кетіңіз. Стратегиялық маңызды мәселелердің бәрін демалысқа кетпей тұрып, өзіңіз шешіп кеткеніңіз жөн. Өйткені орныңызда қалған адамға бұндай мәселені шешу қиынға соғуы мүмкін.