Жаңалықтар

Солтүстікте қалай түйе өсіріп, табыс табуға болады?

Мемлекеттен несие алып кәсіп бастау үлгісі

Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындары арасында түйе шаруашылығына экскурсия жасау танымал болып келеді. Бұл жануар облыс халық үшін экзотика болмаса да, аймақта бұдан үлкен түйе өсіретін шаруа қожалығы жоқ. Енді оның қожайыны түйе сүтінен бөлек, экскурсиядан да табыс тауып отыр.
 
Қостанайда ішкі туризмді дамытуға маманданған экскурсия бюросы қызығушылық танытқандарды түйе фермасына саяхатқа шақырады.

Туристік ұйым жетекшісі Валерий Гумиров экскурсияның бұл түрін бұрыннан қолға алғысы келгенін, алайда серіктес таба алмай жүргенін айтады. 

Еуропада шаруа қожалықтарына саяхаттау – демалыстың кең таралған түрі. Шағын шаруашылықта төрт түліктің төлімен ойнап қана қоймай, ірімшік қайнатып, жұмыртқа, жеміс-жидек жинауға да болады. Ферма жағымды көңіл-күй сыйласа, туристер осы үшін төлеуге әзір. Екі тарапқа да тиімді әріптестік. 

«Біз осындағы көптеген шаруа қожалықтарымен сөйлестік. Облыста бөдене фабрикасы, ірі шаруа қожалықтары бар, бірақ солардың ішінде тек түйе фермасының қожайыны қонақ қабылдауға келісті. Алғашқы топты өткен күзде апарған едік. Бәріне ұнады. Қазір балаларды ғана емес, ересектерді де саяхатқа апарамыз. Түрлі ұйымдар мен кәсіпорындар өз қызметкерлері үшін экскурсияға тапсырыс береді», – дейді Валерий Гумиров.  

Экскурсия құны – адам басына 5 мың теңге. Оған облыс орталығынан фермаға апарып-алып келу, кіру билеті, ыстық шәй және суретке, видоеға түсіру кіреді. 

Әрине, қожалық иесінің келісімінсіз бұл бастаманы жүзеге асыру қиынға соғар еді. Ал Алмат  Нұрмаханов – аймақта мал шаруашылығының дамуына барын салып жүрген азамат. Бұл істе тәжірибесі де мол, ол Қостанай облысына Өзбекстаннан көшіп келген, ол жақта да малмен айналысқан. 

Шаруа мемлекеттік бағдарлама аясында 4 пайыздық жеңілдетілген несие қол жеткізіп, бұл қаржыға түйе мен сүт, шұбат сақтауға қажетті құрал-жабдық сатып алады. Алдағы уақытта «Юбилейный» ауылында түйе жүні, сүті мен етін тұрақты өндіретін шаруашылық болады дейді. 

«Біз шұбат жасау үшін сүтті інгендерді алғанбыз. Шамамен 10 інген сауамыз, сүтті көп бермейді, бір сауында 1 литрдей ғана шығады. Бәрін шұбатқа жібереміз. Оның 1 лирті 900 теңге тұрады. Ел-жұрт талап алып кетеді. Күніне қанша сататынымызды нақты айта алмаймын», – дейді шаруа. 

Қазір қожалықта оншақты бота-тайлақ пен 20-ға жуық түйе-інген бар. Ересек інгеннің құны жарты миллион теңгеден басталады. Есесіне, қожайынның айтуынша, олар жем-шөп талғамайды. Айталық өзге мал бұрылып та қарамайтын күнбағыс сабанын жақсы жейді. 

«Асыл тұқымды түйелерді тек Торғайда таба алдық. Кейбірін Ақтөбе облысынан алдырдық. Олар біздің қысқа төзімді келеді, сондықтан екі жылдан соң мал басын екі есе көбейтеміз»,– деп жоспарларымен бөлісті Алмат Нұрмаханов. 
Облыстың оңтүстігінде түйе бұрыннан өсірілетін, кеңес заманында бірнеше ірі шаруашылық бар еді. Алайда қазіргі қостанайлық оқушылар үшін түйе деген экзотикалық жануармен пара-пар. Сондықтан Алмас Нұрмахановтың фермасына балалар жиі келеді. Олар екі өркешті жануарларға жақындап, жем беріп, міне алады. Фермер балалардың қолын қақпайды. Өйткені бұл жануарлар адамға үйретілген. 

«Бұдан да көп адамды қабылдауға әзірміз. Әзірге бір түйеміз мініске үйретілген. Тағы бір тайлақ өсіп келеді, оны да қолға үйретпекпіз. Экскурциялық топта 15-20 адам келсе, соның барлығы түйеге мініп көргісі келеді. Ал түйе жатып қалса болды, тұрмайды, содан экскурсиямыз үзіліп қалады», – дейді Алмат Нұрмаханов.

Шаруашылық иесі экскурсиядан түсетін табыс әзірге ауыз толтырып айтарлықтай емес дейді. Алайда туристер түйе шаруашылығы мен қожалық туралы ақпарат таратып, шұбат сатып алушылардың қатарын арттыруға ықпал етеді.