Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы ОҚО кеден бекетінің қызметкерлері мен бірнеше азаматтың үстінен қозғалған қылмыстық іс қаралып жатыр. Оларға аса ірі көлемде пара алды, пара алуға ықпал етті, қылмыстық топ құрды деген айып тағылған.
Ал сотталушылар кім?
Шартты түрде «Кеденшілер ісі» деп аталған іс бойынша, сотталушы орындығында 16 адам отыр. Тергеу оларға 400 миллион теңге пара алды деп айып таққан. Айыпталушылардың бірінің адвокаты Сапар Әміртаевтың айтуынша, бұл ақша тауарды шекарадан кедергісіз өткізу үшін беріліп отырған.
«Пара берушілердің барлығы – сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар. Яғни, шетелге тауар жіберу және әкелумен айналысатын кәсіпкерлер. Олар шекарадан өтетін әрбір көлік үшін белгілі бір соманы беріп отырған. Алайда кеденшілердің көлік пен жүкті тексермеуі туралы сөз болған жоқ. Пара көліктердің кеден бекетінен кедергісіз өтуі үшін берілген», – деп нақтылады адвокат.
Айыпталушылардың басым бөлігі Сарыағаш, Қапланбек, Қазығұрт стансалары кеден бекеттерінің қызметкерлері. Сондай-ақ, олардың ішінде «помогайка» деп аталып кеткен тұрғындар да бар. Жалпы сотталушылар орындығында әзірге 8 адам отыр. Адвокаттың айтуынша, тергеуге көмек беріп, өз кінәларын жартылай мойындаған айыпталушылар қамауға алынбаған. Бірқатарының уақытша тергеу изоляторында өткізген 1 жыл ішінде денсаулығы сыр берген соң, үйқамаққа ауыстырылған.
Ал бұл істің 17-қатысушысының психикалық ауытқушылығы бар деп танылған, сондықтан ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Оның денсаулық жағдайын 2 мәрте өткізілген сараптама дәлелдеген. Десе де, айыпталушылардың барлығына бірдей айып тағылған – бірнеше рет ірі көлемде пара алу, қылмыстық топ құру, пара алуға көмектесу.
Куәгерден жауап алу
Әбинұр Қарабаевтың төрағалығымен 1 шілдеде басталған сот қазіргі кезде қаржы полициясының бұрынғы қызметкері, бүгінде ЖШС директоры, СЭҚ қатысушысы – А. деген азаматтан жауап алынып жатыр. Прокурордың кеден бекетіндегі ақша бопсалау қалай іске асқанын нақтылап айтыңызшы деген сауалына, кәугер Өзбекстан бизнесмендерімен көрші елге ет жекізу бойынша келісім-шарты бар екенін, жүк көліктері қайтарда импорт алмастыру келісімі бойынша, жеміс-жидек пен көкөніс тиеп қайтатынын айтады.
«Көрші елге жіберетін еттің құжаттары дұрыс. Бірақ маған «кеденнен өтпейсің» деді. Кеден бастығына кіріп едім, «бәрін сол шешіп береді» деп орынбасарына жіберді. Кеден бекеті бастығының орынбасары Өзбекстанға кетіп бара жатқан әр көлік үшін 50 мың теңгеден, ал Өзбекстаннан көкөніс пен жеміс-жидек тиеп келе жатқан машиналар үшін 500$ және 43 мың теңгеден бересің деді. Бұл ақшаны ауысым басшысына тапсырып отырдық», – дейді жауап беруші.
Мемлекеттік айыптаушының «кеденшілер тауардың өтуіне қалай кедергі келтіруі мүмкін және бөлек төленетін 43 мың теңге қайда кетіп жатты» деген сауалына ол: «Кеденшілер көлікті бастан-ақ, «запаскасына» дейін тексереді, тіпті көліктің дөңгелегін алдыртып, бүкіл жүкті түсіртуі мүмкін. Ал оған бірнеше күн кетеді. Апара жатқан етіміз мұздатқышта тұрғандықтан, бұзылған жоқ, бірақ шығынымыз көбейіп кетті. Кеденшілер көлікті тексергенімен, ақша алмады. Кеден қызметкерлері осы 43 мыңның ішіне бәрі кіреді деп айтты» деп жауап берді.
Прокурордың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне кедендік бекеттегі заң бұзушылықтар туралы не үшін арыз жазғанын сұрағанда, куәгер жүк тасымалына кедергі келтірген жемқорлардың лайықты жазасын алғанын қалайтынын, олармен күресу – азаматтық парызы екенін айтып өтті.
Мәселенің өзге қыры
Адвокат қойған «кенденшілердің жүкті өткізу үшін пара беру талабына қалай қарадыңыз» деген сауалына куәгердің берген жауабы, оны басқа қырынан танытқандай.
«50 мың теңге туралы естігенде, оған қалай қарадыңыз?» деп сауал тастады адвокат Әміртаев. «Дұрыс қарадым. Бұл аса үлкен ақша болмағандықтан, маған осы ыңғайлы еді», – деп жауап берді кәугер.
Қорғаушылардың «Сізден ақша бопсалап тұрғаны қаржы полициясының бұрынғы қызметкері ретінде, ашуыңызды келтірмеді ме?» деген сауалына куәгер «жоқ» деп жауап берді. 2016 жылдан бері сыртқы экономикалық қызмет қатысушысы бола тұра, содан бері көптеген заң бұзушылықпен бетпе-бет келіп жүріп, куәгер неге тек 2017 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне шағым түгіргені басы ашық күйінде қалды. Тергеудің есебі бойынша, куәгер А. бір кеден бекетінде 2,5 мың доллар және 225 мың теңге қалдырып отырған.
Қорғаушы тараптың куәгер ғана емес, мемлекеттік айыптаушыларға, бақылаушы органға да бірнеше сұрағы туындады.
Авкокат Бекенбай Әшіровтың айтуынша, тергеудің сотқа дейінгі тексерісінде бірқатар заң бұзушылық орын алған.
«Іске тігілген материалдар мен бізге берілгені – екі түрлі, Біз бәрін салыстырып шықтық. Яғни, тергеу бізге бір томды берсе, ал сотқа берілген материалдар біраз өзгерген. Кейбір материалдар қосымша тігілген. Сот төрелігіне кедергі келтіру, жалған айғақ жасау, істі бұрмалау белгілері бар», – деді адвокат Бекенбай Әшіров.
Осы орайды істі жүргізіп отырған сот төрағасы Әбинұр Қарабаев прокуратураға қорғаушылардың мәлімдемесін тексеруді тапсырды. Бұл іс тағы 2-3 айға созылуы мүмкін.