Жаңалықтар

Қазақстандық балмұздақты шетелге шығаруға не кедергі?

Осы нарықтың ерекшеліктері туралы Еуропа және ТМД елдеріндегі балмұздақ индустриясының сарапшысы Дмитрий Докин айтып берді

Euromonitor International агенттігінің зерттеуіне сүйенсек, 2019 жылы балмұздақ нарығы қаржылай 9% -ға, яғни, 84,8 млрд теңгеге, ал сандық тұрғыда 3% -ға артып, 27 мың тоннаға жеткен. Бір балмұздақтың орташа бағасы 6 пайызға қымбаттаған. Осы орайда ТМД және Еуропадағы балмұздақ индустриясының халықаралық сарапшысы Дмитрий Докин «Курсивке» аталмыш нарықтың беталысы қандай және отандық өндірушілер өз өнімін экспортқа шығарарда нені ескеруі керектігін айтып берді.

Дмитрий Докиннің пайымдауынша, қазақстандық балмұздақ өндірушілерінің экспорттық әлеуеті айтарлықтай жоғары. Атап айтқанда, сарапшының пікірінше, ішкі нарықтағы көшбасшы – «Шин-Лайн» компаниясының өз тауарын Қазақстан нарығына ғана емес, сонымен қатар экспортқа шығаруға барлық мүмкіндігі бар. 

Қазіргі кезде қазақстандық балмұздақ Ресей, Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Беларусь және Қытайға экспортталады. Компания алдағы уақытта Украина нарығына шығуды жоспарлап отыр. 

«Ресейге экспорт көлемі заттай 40 пайызға, ал қаржылай  тұрғыда 50 пайызға артты. Дегенмен біз Өзбекстанның нарығын мұқият бақылап отырмыз, өйткені Өзбекстан – Орта Азия аймағындағы ең үлкен нарық. Сонымен қатар, біздің көрсеткіштеріміз де жаман емес. Биылғы өсім 280% құрады. Беларусь нарығындағы сатылым динамикасы жақсы. Айтпақшы, олар біздің өнімді көріп, таң қалды. Өйткені ол жақта қазақстандық тауарды көрмеген. Әзірбайжан еліндегі сатылым жақсы жүреді деген ойдамыз. Украинада Өзбекстандағыдай тұтынушы қатары қалың, сондықтан бұл нарыққа шығуға дайындалып жатырмыз»,– деді 20 тамызда өткен журналистермен кездесуде халықаралық сарапшы, «Шин-Лайн» компаниясы балмұздақ санатының директоры Дмитрий Докин.

Қытайлық тұтынушылардың ерекшелігі

Сарапшы посткеңестік елдермен салыстырғанда, Қытайда тауар сату және брендті таныту әлдеқайда қиын екенін айтады. Өйткені күншығыс елі тұрғындарының өзіндік талғамдары бар, сондықтан экспортқа бағыт алған өндірушіге осы ерекшеліктерді ескеруге тура келеді. Сонымен қатар, нарықты мұқият зерттеу қажет.  

«Біз бұл нарықты ұзақ зерттеп, ол жақта тауар сатылымын арттыру үшін қытайларға арнайы дәмі бөлек өнім шығару керек деген тұжырымға келдік. Оларға біз үйреніп кеткен аса тәтті балмұздақ ұнамайды. Айталық, өзбектер біздің балмұздақтың дәмін татып көргенде «о, қандай дәмді» деп бірден ұнатты. Ал қытайлар тура сол өнімді жеп көргенде «туу, тәтті екен» деп аса қуана қоймады»,–дейді сарапшы.
   
Қытайдағы тұтынушылардың тағы бір ерекшелігі – олардың әдет-дағдылары. Қытайлар балмұздақты онлайн сатып алғанды жөн көреді. Бұл қазақстандық экспорттаушыларға өнім қаптамасы көрнекі қылып жасауға тура келеді деген сөз.
«Әрине, Қытайдың Алматыдан 240 шақырымда жатқаны, тұтынушы санының миллиардтан асатыны – бәрі қызықтырады. Алайда бұл нарыққа шығу оңай емес, үлкен еңбекті қажет етеді», – деп тұжырымдайды Дмитрий Докин. 

Экспортқа саясат кедергі келтірмейді 

Ал Қырғыстан жайлы айта келе, сарапшы соңғы 7 айда заттай сатылым көлемі 54 пайызға артса, қаржылай 73 пайызға өсті дейді. Докин мырзаның айтуынша, Моңғолия нарығы да 25 пайыз өсім болжамымен тұрақты сатылым байқатуда. 
Осы орайда өзге қазақстандық өндірушілердің шетелдік нарыққа шығуы неге қиынға соғатынын айта келе, сарапшы мәселенің бәрі білім мен тәжірибеге келіп тіреледі деп тұжырымдайды.

«Мәселен пломбирдің өзін алайық. Олар оның түрі қандай болуы керек, тұтынушыға қалай ұсыну қажеттігін білмейді. Экспортқа шығып жүрген бәсекелестеріміз әйтеуір тауарын сатып жатыр, ал біз сол нарықты зерттеп, тауарды соған ыңғайлап шығарамыз», – дейді Дмитрий Докин.

Қазақстандық өндіруші бет алған Украина нарығының да өзіндік ерекшелігі бар. Бұл ретте Докиннің айтуынша,отандық өндірушіге өнімін аталмыш нарыққа шығаруға ештеңе кедергі келтіріп тұрған жоқ. «Егер біз ресейлік компания болсақ, онда қазір ғана емес, бұдан бұрын да бірқатар қиындықтар туындар еді. Халықаралық Nestle компаниясының өзі  ұзақ уақыт украин нарығына кіре алмады, өйткені олардың тауарының қаптамасында «Мәскеу облысы, Жуковский» деген мекен-жай көрсетілген. Ал бізді қазақстандық компания болғанымыз құтқарып тұр. Нарық туралы сөз қозғағанда, ең бірінші ауызға ілігетіні – тұтынушы, ал олар қалтасының қалыңдығына қарай таңдау жасайды. Біз балмұздақты ақырындап украин нарығына шығарып көрдік, бұл ретте олардың бізге, біздің өнімге деген көзқарасы өте жақсы», – деп атап өтті сарапшы. 

Нарықтағы «Бомба» 

Дмитрий Докиннің ақпараты бойынша, қазақстандық балмұздақ нарығы да, өндіру көлемі де жыл сайын 3 пайызға артады. 

Тұтынушы нарығына халықаралық стратегиялық зерттеу жүргізетін Еuromonitor зерттеу агенттігінің бағалауынша, оның көлемі жылына 36-40 мың тоннаға жетіп жығылады. Салыстыру үшін айтсақ, Ресейде де жан басына шаққандағы көлем тура осындай екен. 

Халықаралық агенттіктің есебі бойынша, Қазақстан нарығындағы көшбасшы үштікті 35 пайызбен «Шин-Лайн» компаниясы бастап тұр. Ал екінші орынға «Балмұздақ» ЖШС (18%) жайғасса, үшінші орында 11,4% үлеспен «Инмарко» компаниясы келеді.

Сонымен қатар, танымал брендтер бойынша сараптама да қызық. Ең көп сатылатын балмұздақ – «Бомба» болса, екінші орында «Aiza» ЖШС шығаратын «Белый медведь» балмұздағы тұр. Ал сатылым бойынша үшінші орынды «Инмарко» компаниясының «Золотой стандарт» балмұздағы иеленген.