Қазақстандағы мыңдаған лифт күрделі жөндеуді қажет етеді
Қазақстандағы көпқабатты үйлерде 23,5 мыңнан аса лифт бар. Олардың басым бөлігі күрделі жөндеуді немесе ауыстыруды қажет етеді. Егер қазіргі қалыптасқан жағдай алдағы уақытта өзгермесе, былтыр Ақтөбеде орын алған қайғылы жағдай секілді оқыс оқиғалардың қатары арта түспек. Оның бәріне миллардтаған қаржы қажет. Елдегі лифттердің жай-күйін «Курсивтің» тілшілері анықтап көрді.
Павлодар облысындағы лифттер есепке алынбаған
Павлодар облысы – жергілікті мемлекеттік мекемелер тұрғын үйлердегі лифттердің есебін жүргізбейтін Қазақстандағы жалғыз аймақ. Бірнеше жылдан бері ҚР Индустрия және өңірлік даму министрлігінің аймақтың бөлімі – Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті мен әкімдік арасындағы дау басылмай тұр. Олар лифттерді тіркеу мен жұмысын бақылау мүмкіндігі үшін таласып жатқан жоқ, бұл міндеттер кімге жүктелгенін анықтай алмай әлек.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен өнеркәсіптік саладағы барлық қауіпті нысандар мен механизмдер, оның ішінде лифттер де бар, өнеркәсіптік қауіпсіздік бөлімінің қарамағында еді. Бес жыл бұрын ҚР Президентінің түрлі деңгейдегі билік органдарының өкілеттігін шектейтін Жарлығы жарық көреді. Содан бері есеп жүргізу және бақылау секілді міндеттердің бір бөлігі жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Оған қажетті стандарттар да пайда болды. Бірақ әкімдіктің салалық басқармасындағылар оны орындау оңай емес деп тұжырымдайды, өйткені ол жергілікті билік басшылыққа алатын басқа құжаттармен сәйкес келмейді.
«Егер бірдеңе өзгертетін болсақ, оның бәрі заң мен құқықтық актілер негізінде жүзеге асуы тиіс. Сервистік ұйымдар техникалық стандарттарды қолданады. Мәселе мынада, жергілікті атқарушы билік бұл ұйымдардың техникалық талаптарға сай жұмыс істеп жатқанын тексере алмайды. Әкімдікке бақылау функциясы берілгенімен, оны барып тексеретін құзыреті жоқ»,–дейді облыстық энергетика және тұрғын үй басқармасының өкілі Әлия Әбдіхалықова.
Ол «Кәсіпкерлік кодекс» пен «Азаматтық қорғау туралы» заңдағы қайшылықтар толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді деп тұжырымдайды. Мамандандырылған сервистік ұйымдар өз қызметінде өндірістік қауіпсіздік талаптарын басшылыққа алады. Алайда Кодекстің 138-бабында мемлекеттік органдар бақылауға алатын қызмет түрлері нақтыланғанымен, олардың қатарына «өнеркәсіптік қауіпсіздік» енгізілмеген.
Сонымен қатар, «Азаматтық қорғаныс туралы» заң әкімдіктен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы қауіпті техникалық құрылғылардың жұмысын бақылауды талап еткенімен, қадағалау, реттеу құзыретін бермеген. Аталмыш Кодекстің 139-бабына сәйкес, ол Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің департаментіне жүктелген, сондай-ақ, олар өндіріс нысандарындағы қауіпті құрылғыларды қадағалауы тиіс.
«Тұрғын үй және әлеуметтік нысандардағы лифттердің техникалық жағдайы мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді жан-жақты қарастыруға біздің мүмкіндігіміз жоқ. Біріншіден, штаттағы мемлекеттік қызметкерлер –техникалық инспектор емес. Екіншіден, қызмет көрсету ұйымдарының жұмысын біз сыбайлас жемқорлық қаупіне байланысты тексере алмаймыз.
Біздің айыппұл салатын, не басқа жолмен жазалайтын құзыретіміз жоқ. Қолымыздан келетіні – лифттердің жағдайы туралы ақпарат сұратып, сауалнамалар арқылы мәлімет жинау. Біз КСК-мен, тұрғындарымен жұмыс жасаймыз. Амалсыз шындыққа сәйкес келе бермейтін осы ақпараттарға сүйене отырып, мониторинг жүргіземіз», – дейді спикер.
Аққу, шортан һәм шаян
Әлия Әбдіхалықова лифт шаруашылығының қауіпсіздігі мәселесінде әкімдіктерге тек көмекші қызмет жүктелуін заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету қажет деп тұжырымдайды. Олар бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алатын өзге құзыретті мекемеге жан-жақты көмек беруге әзір.
Ал облыстық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті өз кезегінде қызметкерлері тек өнеркәсіптік кәсіпорындардағы жеделсаты мен басқа да қауіпті механизмдерді ғана қадағалай алатынын айтады.
«Өкілеттіктерді бөлу туралы жарлық бойынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы қауіпті нысандарды есепке алу және бақылау міндеттері жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Біз осы механизмдерді пайдалануға берген кезде комиссия құрамына кіреміз», – дейді нысандарды мемлекеттік қадағалау бөлімінің басшысы Вячеслав Каменских.
Дегенмен Қазақстанның басқа облыстарында міндеттердің бұлай бөлінуіне баяғыда-ақ келісіп, әкімдіктегілер лифттерді есепке алып жатыр.
«Бірақ бұдан бірдеңе өзгеріп, жағдай жақсарды ма? Бүгінде бұл істің мәніне, түбіне жетуді қалайтын біз ғана. Яғни, өкілеттілікті бөлу туралы даулы мәселеге нүкте қойғымыз келеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қауіпті объектілерді басқару және бақылау өкілеттігін толығымен бір мемлекеттік органға беру керек деп ойлаймыз. Егер барлық жағынан қамтамасыз етілсе, бұл іске үстірт қарау азаяды», – дейді Әлия Әбдіхалықова.
Сарапшының пайымдауынша, бұл қадамнан соң лифт шаруашылығында тәртіп орнай бастайды. Әзірге аймақтағы бұл сала өз бетінше тіршілік етіп келеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, облыстағы 554 көпқабатты тұрғын үй лифтпен жабдықталған. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында 1860 лифт бар, олардың 885-нің нормативтік қызмет ету мерзімі аяқталған, жыл сайын олардың қатары 50-80 лифтпен толығып, қызмет көрсететін компаниялардың саны да артып келеді. Өйткені бұл қызмет түрі лицензияланбайды және мұндай компаниялардың аккредитациядан өтуі талап етілмейді. Олар көбінесе қайта тіркеліп, қызмет көрсететін нысанын ауыстырып жүре береді.
Ал энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мамандандырылған бөлімі олардың қызметін бақылай алмайды. Сондықтан тұрғындар ме КСК-ны лифттерге қызмет көрсететін компания таңдағанда қырағылық танытуға шақырудан басқа амал жоқ.
Оралдағы лифттердің үштен бір бөлігі нормативтен артық жұмыс істейді
Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметтері бойынша, қалада 407 лифт бар (оның 390-ы жолаушы лифті және 17-і жүк лифті). Соның ішінде 238 жолаушылар лифті жұмыс істеп тұр, қалған 132-сінің қызмет ету мерзімі өтсе де, пайдаланылуда, ал 20 лифт мүлдем тоқтап тұр. Лифт шаруашылығы 2011 жылдан бәсеке нарығына берілген – оларға толығымен жеке компаниялар қызмет көрсетеді.
ТКШ басқамасының коммуналдық сектор меңгерушісі Жұбан Жұмағазиев қаладағы лифттердің үштен бір бөлігін ауыстыру қажеттігіне қарамастан, оралдықтардың 10-15% ғана жаңа лифт орнату үшін жаңғырту бағдарламасына қатысуға дайын екенін айтады.
Соңғы 7 жылда тұрғындар есебінен 18 лифт ауыстырылса, ал 2019 жылы жаңғырту бағдарламасы бойынша 14 лифтті ауыстыру жоспарланған.
Қауіпсіздік пе, әлде үнем бе?
«Алибилифт» ЖШС-нің иесі Әліби Айталиев Орал қаласындағы тұрғын үйлердің 120 лифтіне, кәсіпорындардағы 40 лифтке қызмет көрсететінін айтады. Сондай-ақ, компания Ақсай қаласындағы 44 лифтті өз қолына алған (Ақсайдағы лифттердің жүзге жуығы жұмыс істемейді).
Былтыр «Алибилифт» Орал қаласында жаңа 20 лифт орнатып, оларға қызмет көрсетуді өз мойнына алған. Десе де Әліби Айталиев ескі лифттерді алмауға тырысатынын мойындайды, өйткені қызмет ету мерзімі аяқталған жабдықты пайдалану өте қауіпті.
«ТКШ жаңғырту бағдарламасы бойынша лифт орнатуға тұрғындар аса үлкен ықылас танытпайды, өйткені бұл өте қымбат. Былтыр жаңғырту бағдарламасы бойынша бір лифтті ауыстырсақ, биыл оның біреуі де жоқ. Былтыр ресейлік көтергіштер орташа есеппен 10 млн теңге тұрса, енді рубль бағамының өзгеруіне байланысты, олар 15%-ға қымбаттады», – дейді Айталиев мырза.
Сонымен қатар, қызмет көрсететін компаниялардың тағы бір бас ауруы – тұрғындардың лифтті пайдалану қызметінің ақшасын төлегісі келмеуі, тұрғындардың тек 60 пайызы тұрақты түрде төлем жасап тұрады.
«Қазір жаңа лифтті іске қосар кезде, төтенше жағдайлар бөлімінің өкілін шақырамыз, олар лифтті пайдалануға қабылдап алатын мемлекеттік комиссия құрамында міндетті түрде болуы керек. Бізге қойылатын талаптар қатаңдап барады, ал тұрғындар өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінде алға қадам жасап, бізбен ынтымақтастық орнатуға құлықсыз». Оның айтуынша, лифтке жылына бір рет жоспарлы техникалық тексеру жүргізіліп отыруы тиіс, бұл қызмет құны – 25 мың теңге. Бірақ оны тұрғындардың 10-15% -ы ғана төлеуге дайын.
Кім қызмет көрсетсе, сол жауап береді
БҚО Энергетика және ТКШ басқармасының коммуналдық шаруашылықты дамыту бөлімінің басшысы Берікқали Айтқалиев өзі басқаратын бөлім тұрғын үй-коммуналдық нысандардағы қауіпті техникалық құрылғыларды тіркеумен айналысатынын айтады. Қазіргі кезде 519 құрылғы тіркелген (лифт қана емес, жүк көтергіштері, эскалаторлар). Айтқалиев мырзаның айтуынша, бұл құрылғылардың барлығына жыл сайын техникалық тексеру жүргізіледі. Егер сараптама жасайтын мекемелер олардың жұмысы адам өміріне қауіпсіз деп қорытынды шығарса, тіпті қызмет көрсету мерзімі өтіп кеткен лифттер де пайдаланыла береді. Берікқали Айтқалиев жүк көтергіш механизмдердің қауіпсіздік ережелеріне сәйкес, жұмыс істеп тұрған лифт қауіпсіздігінің жауапкершілігі сервистік компанияларға жүктелетінін айтады. Оларда жүк тасымалдайтын құрылғылармен жұмыс істеу құқығын беретін куәлік болуы тиіс.
Шымкеттің көпқабатты үйлеріндегі әрбір 6 лифт адам өмірі үшін қауіпті
Шымкент қалалық тұрғын үй және тұрғын үй құрылысы басқармасының бас маманы Перизат Тәжиеваның айтуынша, соңғы жеті жылда жаңғырту бағдарламасы аясында қаладағы 21 лифт күрделі жөндеуден өткен. «Қазір 12 лифтті ауыстыру үшін демеуші іздеп жатырмыз. Бірнеше жыл бұрын осылай бір үйдегі үш лифт бірден ауыстырылған еді», – дейді Перизат Тәжиева. Ол кезде ірі ұлттық компания қала тұрғындарына көмек қолын созған.
«Шымкентлифтмонтаж» ЖШС сервис компаниясының қызметкерлері қаладағы 90 лифтке қызмет көрсетеді. Олардың айтуынша, лифттердің үштен бір бөлігі апаттық жағдайда тұр. «Шымкентлифтмонтаж» ЖШС техникалық директоры Рысқұлбек Даурбаев 30 лифттің 25 жылдан бері пайдаланылып келе жатқанын және оларды ауыстыру қажеттігін айтады. Алайда, оның құнын көпқабатты үй тұрғындарының қалтасы көтермейді. «Лифттің өзі орта есеппен 7-8 млн теңге тұрады. Сондай-ақ оған ескі лифтті алу, орнына жаңасын қою және іске қосу құны қосылып, 12-13 миллион теңге болады», – деп түсіндірді Рысқұлбек Дәуірбаев.
Сондықтан ескі лифттерді одан әрі жөндеуге тура келеді. Мекеме есепшісі Дана Досжанованың айтуынша, ағымдағы кішігірім жөндеу жұмыстарының ақысы, электрмеханик пен лифтердің жалақысы лифтке қызмет көрсету картасы мен абоненттік төлемнен төленеді.
«Тұрғындар өз қалауы бойынша, ай сайын абоненттік ақы төлеуіне немесе карта сатып алуына болады. Абоненттік төлем кезінде пәтерде қанша адам тұратынына қарамастан, ай сайын 700 теңге алынады. Карта 1050 теңге тұрады, лифтпен әрбір көтерілу немесе түсу құны – 7 теңге. Карта бірден 100 бірлікке немесе 700 теңгеге толтырылады. Бұл ретте жөндеу жұмыстарына қажетті, бағасы 10 мың теңгеге дейінгі материалдарды алу керек болса, онда тұрғындардан ақша жиналмайды. Ал егер құны одан жоғары болса, қалғанын тұрғындар төлейді. Жөндеу жұмыстары мен орнату тегін», – деп атап өтті Дана Досжанова.
Дегенмен бұл мәселені шешу жолы бар. Қаланың лифт шаруашылығына қызмет және сараптамалық қолдау көрсететін компанияның бұрынғы қызметкерінің айтуынша, бұған дейін де Шымкент әкімдігіне осы мәселені шешетін қарапайым әрекеттер жүйесі ұсынылған.
«Бұл орайда мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнын құрып, қаладағы барлық лифттерді осы мекеме балансына алса болғаны. Тұрғындар жарық, газ, су немесе телефон секілді, лифт үшін де жыл бойы белгілі бір абоненттік төлем төлейтін болады. Сонымен қатар, бюджеттен де лифттерді жөндеуге немесе ауыстыруға қаржы бөлуге болады. Қазір бұл мәселені шешу тіпті оңай, себебі қалада «Shymkent» ӘКК құрылған. Ол жолаушылар көлігі жұмысын ұйымдастыруды өз мойнына алды емес пе, ендеше неге лифт шаруашылығын да қолға алмасқа?! Менің ойымша, ең тиімді жолы осы»,– дейді ол.
Айта кетейік, Шымкентте еліміздің басқа аймақтарындағыдай лифтпен байланысты жазатайым оқиға болған жоқ. Бірақ кейбір үйлерде лифт жұмыс істемейтіндіктен, жоғарғы қабатта тұратын тұрғындар қиналып жүр. Мүмкіндігі шектеулі адамдар тіпті түрмеге қамалғандай, пәтерлерінен шыға алмайды. Мәселен, «Нұрсәт» ықшам ауданының тұрғыны, І топтағы мүгедек Талғат Тілеубаевтың айтуынша, лифттің жұмыс істемеуінен ол тоғыз айдан бері пәтерінен шыға алмай отыр.
Пікір
Әлішер Күлешев, «Спецэнергосервис» ЖШС директоры:
«Бізде арнайы зертханалық жабдықтар бар, солардың көмегімен мамандар визуалды-өлшем бақылау, түрлі-түсті дефектоскопия жүргізе алады. Мұның бәрін бір терминмен «бұзбай бақылау» деп атайды. Яғни, біз металл құрылғының қалыңдығын өлшеп, лифт конструкциясының жарығын немесе қисық кеткен жерлерін анықтай аламыз. Көбінесе электр жүйесі істен шығып жатады. Лифттердің жай-күйіне оларды дұрыс пайдаланбау, жөндеп жинамау немесе лифтті дұрыс орнатпау әсер етеді.
Бірақ, біз негізінен өндіруші зауыт құрылғы паспортында көрсеткен нормативтік пайдалану мерзімі өткен лифттерді тексереміз. Ал бұл деректер көрсетілмесе, нормативтік құжаттар бойынша лифтті пайдалану мерзімі 25 жылды құрайды. Лифттің жай-күйіне байланысты тексеріс пен сараптаманың техникалық есебі беріледі.
Егер лифттің техникалық ақауы болса, онда техникалық есепте нені ауыстыру немесе жөндеу қажеттігі жазылады. Осы аралықта лифтті тоқтатып тастаймыз. Анықталған ақаулары жойылғаннан кейін, қайтадан сынақ жүргізіліп, содан кейін ғана үш жылдан аспайтын мерзімге пайдалануға рұқсат етіледі. Үш жылдан кейін қайтадан тексеру керек.
Лифтті есептен шығару немесе шығармау туралы шешімді иелері қабылдайды. Әдетте, тұрғындар қаржының жоқтығынан лифтті жөндеуге ниет танытады. Менің 12 жылдық тәжірибемде лифттерін ауыстырғандар некен-саяқ.
Кейінгі кезде тағы бір түйткіл пайда болды: кеңес уақытында орнатылған лифттерге қосалқы бөлшек табылмайды. Сондықтан оларды көбінесе тапсырыс беріп жасату қажет, бұл өте қымбатқа түседі. Сондықтан мұндай ескі лифттерді жөндегеннен гөрі, ауыстырған арзан болады.
Шымкент қаласындағы барлық лифттердің жай-күйі туралы толық мәлімет бере алмаймын, өйткені Түркістан облысы мен облыс орталығында тексеру жүргізетін біз секілді ондаған компания жұмыс істейді. Біз биыл тек 5 лифтті тексердік, оның барлығын жөндеу керек».
Қарағанды облысында лифт құлау фактілері сирек болса да кездеседі
Қарағанды облысындағы тұрғын үй, аурухана және әкімшілік ғимараттарда 1200-ден аса лифт жұмыс істейді. Оның 978-і Қарағандыда шоғырланған. Бұл лифттердің үздіксіз жұмысын оншақты компания қамтамасыз етеді.
«Қарағандылифт» ЖШС директоры Салават Кинзибаевтың айтуынша, 2018 жылы қабылданған лифт жабдықтарының қауіпсіз жұмысына қойылатын талаптарды қатаң реттейтін ұлттық стандарт әлі күнге орындалмай келеді. Сондықтан ол Қазақстан
Республикасының «Азаматтық қорғаныс туралы» Заңына осы стандартты пайдалануды міндеттейтін анықтамалық норма енгізілуі тиіс деп тұжырымдайды.
«Ұлттық стандарт 2014 жылдан бері қолданылып келе жатқан жүк көтергіш механизмдердің жұмысына арналған өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелерін нақтылайды. Атап айтсақ, ол компаниялардың аттестациядан өтіп, қызметкерлерін оқытуды, жоспарлы профилактикалық жөндеу жүргізу тәртібі мен жиілігін анықтауды міндеттейді. Аталмыш стандарт жасалғанымен, нақты іске қосылмағандықтан, қазір лифт шаруашылығына кім көрінген қызмет көрсетіп жүр, басқасын айтпағанның өзінде, тіпті кәсіби білікті мамандары да жоқ», – дейді бизнесмен.
«Қарағанды лифті» ЖШС директоры Олег Якубовскийдің айтуынша, қазіргі қалыптасқан жағдай жазатайым, қайғылы оқиғаларға әкеп соғуы мүмкін.
«Егер ұлттық стандарттар өз жұмысын бастаса, бұл саладағы біліксіз компаниялар екшеліп, нарықтан кетеді. Бұл мәселе Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында өте өткір тұр, бұл қалаларда не білігі, не тәжірибесі жоқ ондаған компаниялар жұмыс істеп жүр. Оларды бұлай бетімен жіберуге болмайды, әйтпесе қайғылы жағдайлар қайта орын алуы мүмкін», – деп пайымдайды спикер.
Не істесең де өзің біл
Қарағандыда тоғызы жеткен лифттердің үлесі жоғары болса да, төтенше жағдайлар сирек орын алады. Екі жыл бұрын өткен оқиға баспасөз беттерінде жарияланған-тұғын. Кабинаға бала жетектеген әйел кіргенде, лифт тоғызыншы қабаттан зулап барып, кенет тоқтап қалған. Екі жолаушыны құтқарушылар шығарып алған. Көтергіш жабдықтың дұрыс жұмыс істемеуіне не себеп болғаны белгісіз – бұл іс бойынша тергеу жүргізілген де жоқ.
«Биыл жергілікті әкімдікте осы саланы қадағалауды қолға алатын бөлім ашылады деген еді, ол сөз айтылған жерінде қалды. Жергілікті әкімдік жаңадан іске қосылған лифттерді есепке алып қана қояды. Ең жаманы, біздің жұмысымызды қазір ешкім қадағаламайды. Мен әрқашан міндетті техникалық бақылаудың қайтарылуын, мемлекеттік техникалық инспекция құрылғанын қолдаймын. Сонда ғана техникалық қызмет көрсетуге деген көзқарас өзгеріп, қауіпсіздікті сақтау талаптары орындалатын болады»,– деп пайымдайды Якубовский.
Расында, қазіргі кезде жергілікті атқарушы билік лифттердің есебін жүргізіп, тұрғындарға лифтті қалпына келтіру немесе ауыстыру үшін пайызсыз несие алуға мүмкіндік беретін «Аймақтарды дамыту– 2020» мемлекеттік бағдарламасын түсіндірумен шектеледі. Бұл мәселені мақсатты түрде қаржы жинап та шешуге болады.
«Қызмет көрсететін компанияларға айыппұл салу біздің құзыретімізге кірмейді», – деп нақтылап өтті Қарағанды облысы, Қазыбек би аудандық ТКШ және тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Саят Қарамендинов.
Шенеуніктердің пайымына сүйенсек, лифт – тұрғындардың ортақ мүлкі, яғни оның жай-күйін өздері қадағалап отыруы тиіс. Сондықтан, төтенше жағдай орын алса, оның жауапкершілігі де тұрғындардың мойнында.
Лифттің құны қанша?
Салават Кинзибаевтың айтуынша, пайдалану мерзімін өтеген лифттерді тексерудің өзіндік әдістемесі бар. Егер негізгі жиынтықтың жағдайы жақсы болса, пайдалану мерзімі ұзартылады. Алайда ол да шексіз қызмет ете бермейді, 45 жыл жұмыс істеп тұрған лифтке күрделі жөндеу жүргізудің еш мәні жоқ.
Қарағанды лифт шаруашылығының жаңаруы өте баяу: соңғы он жылдықта тұрғындар қолма-қол болсын, бөліп төлеп болсын, оншақты ғана лифт алған. Көбінесе тұрғындарды бір-бірімен келісімге келу қиынға соғып жатады, біреуге лифт керек болса, екіншісі шатыр ауыстырғанды қалайды, ал келесісін жертөленің жайы алаңдатады. Екінші жағынан, лифтті жаңалау арзан дүние емес, орта есеппен 9 млн теңге керек. Бұл ақшаға жаңа лифт сатып алу мен орнату, ескісін бұзу, қозғалқыш бөлмесінің үстіндегі шатырды ауыстыру, іске қосу мен ретке келтіру жұмыстары кіреді»,– деп нақтылады кәсіпкер.
Оның айтуынша, лифттерге техникалық қызмет көрсету дегеніміз – төтенше жағдайда көмек көрсетумен қатар, өтініш түспесе де, тұрақты түрде профилактикалық шараларды жүргізу. Бұл қызмет үшін подъезд тұрғындары айына орта есеппен 15 мың теңге төлейді. Ол ақшаны сервистік компаниялар жаңа бөлшек алуға, майлайтын материалдарға, жұмыс киіміне және қызметкерлерді оқытуға жұмсайды. Көбінесе қозғалтқыштар, лифт есігін ашып-жабатын жетек, сақтандыру тетіктері істен шығып жатады.
Жағымсыз болжам
Жыл өткен сайын лифт бизнесінің табысы азайып барады. Лифт шаруашылығындағы құрал-жабдықтардың барлығы ескіргендіктен, олардың шығыны да артып тұр.
«2008 жылдары мен ең бірінші болып Қарағандыда жеке фирма аштым. Сол кезде кіріс туралы айтуға болатын еді. Қажетті бөлшектері аса қымбат емес және жиі ауыстыруды талап етпейтін. Қазіргі кезде сапасына жолаушылардың қауіпсіздігі тікелей байланысты арқандардың өзі 1 млн теңге тұрады. Көбінесе оқыс жағдайлар осы арқанның үзіліп кетуінен болады. Қызмет көрсетуші компаниялар қосалқы бөлшектерден үнемдеуге тырасады, ал тұрғындарды олардың бағасының арзандығы қызықтырады», –деп атап өтті Олег Якубовский.
Оның болжамы бойынша, нормативтік қызмет ету мерзімі біткен лифттердің қатары 80 пайызға жеткен. Тұрғындардың лифттерді жаңғырту бағдарламасына қатысуға құлықсыз екенін ескере отырып, оқыс оқиғалардың алдын алу үшін, лифт шаруашылығында міндетті ұлттық стандарттарды енгізу – қазіргі жағдайды түзейтін жалғыз жол.
Шығыс Қазақстан облысындағы әрбір бесінші лифтті ауыстыру қажет.
Шығыс Қазақстан облысының ірі қалаларындағы көп пәтерлі үйлерде 1,5 мың лифт бар. Лифт шаруашылығы мамандарының айтуынша, пайдалану мерзімі әлдеқашан өткендіктен, осындағы әрбір бесінші лифтті ауыстыру қажет. Бұдан шығар бір ғана жол бар: ескірген лифттерді қалпына келтіру немесе әлі қызмет етіп тұрғандарын күрделі жөндеуден өткізу. Алайда, қаланың тұрғын үй қорындағы лифттерді бюджет қаражаты есебінен күрделі жөндеуден өткізуге арналған бағдарлама тек Өскемен қаласында бар. Шығыс Қазақстан облысының басқа қалаларындағы лифттерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және ауыстыру –пәтер иелерінің мойнында.
ШҚО энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Болат Акужановтың айтуынша, 1605 лифттің 488-і күрделі жөндеуді қажет етсе, тағы 318-ін ауыстыру керек. ШҚО энергетика және ТКШ басқармасының мамандары облыс аумағындағы бүкіл лифттерді жөндеуге және ауыстыруға кемінде 4,5 млрд теңге кетеді деп тұжырымдайды. «Семейлифт» мамандандырылған кәсіпорны» ЖШС директоры Сергей Калининнің мәліметіне сүйенсек, бір лифтті күрделі жөндеу құны – 1,5 -2,5 млн теңге.
Өскемен: қалаға тарту
Лифттерді жөндеу үшін жергілікті бюджеттен заңды түрде қаражат бөлу мақсатында 2007 жылы Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы лифті істемей немесе ескіріп тұрған көпқабатты үйлердің тұрғындарымен жұмыс жүргізіп, кейінгі жылдары қала бюджетінен қаражат бөлініп, лифттер кезек-кезегімен жөнделіп, ауыстырылып жатыр.
Осы себепті ШҚО ірі қалаларының ішінде тек Өскеменде ғана көп пәтерлі үйлердің лифттерін жөндеуге жыл сайын қаржы бөлінеді. Орта есеппен жылына 10-14 лифттің жұмысы қалпына келтіріледі.
Өскеменде соңғы жылдары жалпы есебі 87 лифт қалпына келтірілген. Қаржыландыру көзі – көп пәтерлі үй тұрғындарының төлемдері мен қала қазынасынан бөлінген қаражат.
Семей: өз үйің үшін өзің төле
Семей қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Светлана Заурбекованың айтуынша, 1994-1996 жылғы экономикалық құлдырау кезінде көптеген тұрғын үйлердің лифттері тоналып, қираған.
Қаладағы лифт шаруашылығының жағдайына алаңдаған жергілікті билік 1996-1998 жылдары қала қазынасы есебінен, жұмыс істемесе де, аман тұрған лифттерді бөтен адамдардың пайдалануын шектейтін металл есіктер мен құлып орнатты. Осы жұмыстың арқасында 270 лифтті сақтап қалған. Сол кезде оған жұмсалған 27 миллион теңге қала бюджеті үшін өте ауыр жүк еді.
Кейін Семейде тоналған лифттерді қалпына келтірумен айналысатын үш сервис компаниясы құрылды. Лифттерді жөндеуге кеткен қаржыны тұрғындардың бөліп төлеуіне мүмкіндік жасап, 131 лифт қалпына келтірілді. 2019 жылы тұрғындардың есебінен 11 лифт жөнделсе, әлі 39-ы жұмыс істемей тұр.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясының коммуналдық бөлім бастығы Құралай Дүйсенбаеваның айтуынша, қазіргі уақытта Семей қаласында көп пәтерлі үйлердегі лифттердің 70-80 пайызы ескірген. Осы ескі лифттерді ауыстыруға кем дегенде 223,3 миллион теңге қажет.
«Қазіргі кезде Семейдің лифт шаруашылығында 647 лифт болса, соның 631-і жұмыс істеп тұр. Алайда, 476 лифттің жарамдылық мерзімі баяғыда өтіп, ескірген», – деп түсіндірді Құралай Дүйсенбаева.
Светлана Заурбекованың айтуынша, бұлай кете берсе, лифттерді пайдалануға тыйым салу қажет болады, өйткені оларды пайдалану мерзімі барлық рұқсат етілген шамадан асып кеткен. Мәселен, 208 лифттің пайдаланылғанына 25-30 жыл болса, 132 лифттің жұмыс істеп тұрғанына – 31-35, тағы 60 лифт 36-40 жыл қызмет етіп келеді.
«Бұлар қаладағы ең ескі лифт емес. Жұмыс істеп тұрғанына 43 жылдан асқан 15 лифт бар. Ал олардың жұмысының қауіпсіздігі тұрғындар үшін де, сервистік қызмет көрсететін мекемелер үшін де бас ауруға айналып тұр», – деп нақтылады Светлана Заурбекова.
Семей қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандары соңғы жылдары қалада көп пәтерлі ғимараттағы лифттің бұзылуына байланысты апатты жағдайлар тіркелмеді дейді.
Семей қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мамандарының пікірінше, жөндеу көрмеген лифттерді қалпына келтіру жұмыстарына ірі бизнес кәсіпорындарынан қаржылық көмек тартуға болады. Бұл жобаға жұмсалатын шығын жұмыс істемейтін лифттерді қалпына келтіруге ЖСҚ дайындау құнын есептемеген күннің өзінде, 400 млн теңгеге жуықтайді. Сондай-ақ лифтілерді қалпына келтірудің тағы бір жолы –мамандандырылған ұйымдардың басқаруына беру.
Пікір
Сергей Калинин,
«Семейлифт» мамандандырылған кәсіпорны» ЖШС директоры:
«Қазіргі уақытта біз қызмет көрсететін тұрғын үйлердегі 204 лифттің 155-нің нормативтік мерзімі өтіп, ескірген. Дегенмен 40 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқандары да бар. Бұл Семей қаласының дәл орталығындағы Шәкәрім даңғылында орналасқан үйлер.
Әрине, бұның бәрі лифттердің жұмыс сапасы мен тұрғындардың қауіпсіздігіне әсер етеді. Өйткені лифттерді мұқият бақылап, үнемі жөндеп тұруымыздың өзі қауіпсіздікке толық кепілдік бермейді.
Ескіні алып, орнына жаңа лифт орнату құны 8 миллион теңгені құрайды. Көп пәтерлі үй тұрғындары үшін бұл қаражат қалта көтерерлік емес.
2011-2012 жылдары терможаңғырту бағдарламасының арқасында Семейдегі бірнеше тұрғын үйдің 11 лифт ауыстырылды. Алайда бұл бағдарлама біраз уақыт бұрын тоқтап қалған.
Жаңа лифт орнатуға қаражат жетіспейтіндіктен, барымызды үнемдеуге тырысамыз. Бұрын жұмыс істеген лифттерді қалпына келтіріп жатырмыз. Бұның бәрі тұрғындардың өз қаражаты есебінен жасалады. Жөндеуге кететін қаржы 1,5 – 2,5 миллион теңге аралығында. Тұрғындардың бәрі бұл соманы бір уақытта жинап бере алмайтындықтан,бөліп төлеу мүмкіндігін қарастырдық. Соңғы бір жарым айдың ішінде біздің компания үш лифтті қалпына келтірді.
Алайда бұл тіптен аз. Бүкіл Қазақстан бойынша көп пәтерлі үйлердегі лифттерді ауыстыруға бағытталған мемлекеттік бағдарлама қабылдау қажет».
Екатерина Гуляева, Ксения Безкоровайная, Наталья Хайкина, Людмила Калашникова, Ирина Адылканова