Ресурстар

«Шара қолданыңдар!» Тоқаев шұғыл тапсырма берді

Қазақстан Президенті нан мен көмір бағасына қатысты пікір білдіріп, үкімет пен әкімдерге қажетті шаралар қолдану жөнінде тапсырма берді

«Әлеуметтік» нан бағасының өсуіне байланысты Үкімет пен әкімдерге шұғыл шаралар қабылдап, субсидиялауды қарастыру тапсырылды. Көмір бойынша да осындай тапсырма берілді. Көмір компанияларымен келісіп, бағаны қолдан өсіріп отырған делдалдарға жол берілмеуі тиіс. Бақылауымда болады.», – деп жазды Twitter-де Қазақстан басшысы.

Естеріңізге салсақ, әлеуметтік нан алдымен Павлодарда, одан кейін, Ақтөбеде қымбаттаған болатын. Атап айтарлығы, Ауыл шарушылығы министрлігінің (АШМ) жауапты хатшысы Қазақстанда әлеуметтік нанның бағасы қымбаттамайтынын уәде еткен-ді. Дегенмен кейбір аймақтарда баға өсуі орын алды. Алматылық наубайшылар да ұнның қымбаттығы мен бидайдың тапшылығына шағымданған еді. Бұдан бұрын ауыл шаруашылық министрі жаздың аса ыстық болуы салдарынан, бидай бітік шықпағандықтан, нан бағасының қымбаттауы мүмкін екендігі туралы айтқан болатын. Дегенмен кейінірек АШМ әлеуметтік нан бағасының қымбаттамайтындығы және 76,5 теңге деңгейінде қалатындығы туралы мәлімдеген болатын. 

16-қазанда Мәжіліс депутаты Павел Казанцев көмір бойынша баға келісімі орын алғаны туралы мәлімдеген еді.

Депутаттың айтуынша, кеніштегі көмірдің бір тоннасы 3,5−5 мың теңге тұратын болса, «түрлі делдалдардың талауына түскен отын түпкілікті тұтынушыға бір тоннасы 14-22 мың теңгеден сатылады» екен.