5G желісі 2023 жылы енгізіледі

Жарияланды
Шенеуніктердің болжамы осындай

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәжілістегі үкімет сағаты барысында елімізде 5G желісін енгізу жұмыстары қашан басталатынын айтып берді.

«Министрлік тарапынан  Қазақстанда 5G желісін енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Соған байланысты Жол картасы бекітілген. Қазіргі кезде 5G жаңа мобильді байланыс технологиясының стандарттары анықталуда. 5G мобильді байланысының тесттік сынағы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында өткізілді»,– деді министр.

Асқар Жұмағалиев сынақ нәтижесі бойынша, Интернеттің заттарды, телемедицинаны, өнеркәсіп пен тау-кен өндірісін цифрландыруды және «ақылды» қалаларды дамытуда қандай мүмкіндік беретініне сараптама жасалатынын айтады.

«5G технологиясын енгізу үшін тартылатын инвестиция көлемі қомақты болғандықтан, алғашқы кезеңде бұл технологияны еліміздің үш мегаполисінде енгізу жоспарланған. Осылайша, 2021 жылдың аяғына дейін Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев университеті мен ЭКСПО-да, сонымен қатар, 2022 жылы әуежай пен вокзалдарда, сауда орындарында 5G технологиясын енгіземіз. Ал 2023 жылдан барлық облыс орталықтарында осы жұмыс жалғасын табады», –деді Асқар Жұмағалиев.

Айта кетсек, өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласында «Astana Hub» аумағында 5G желісі іске қосылған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз