Еңбек нарығын алдағы бес жылда не күтіп тұр
Ұлттық экономика министрлігінің болжамы бойынша, технологияның дамуы жұмыс орындарының қысқаруына әкеп соғады. Бұл ретте, өндіріске қызмет көрсету саласында жаңа жұмыс орындары құрылмақ.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың айтуынша, қазір қызметкерлерге қойылатын талаптар артып келеді. Кәсіби білікті мамандарға сұраныс жоғары. Аса үлкен білім мен білікті қажет етпейтін жұмыс орындары қысқарып жатыр. Сондықтан еңбек нарығында сұраныстан түсіп қалмас үшін, маман жан-жақты, еңбекке икемді болуы тиіс.
«Қазіргі таңда 2025 жылға дейін жүзеге асырылатын, жалпы құны 41,6 трлн теңгені құрайтын инвестициялық жобалар пулы құрылды. Осы пул негізінде 2025 жылға дейін жаңадан даярланған мамандарға деген сұраныс 1,3 миллион көлемінде қалыптаспақ. Ең көп жұмыс орны туризм, көлік, агрокәсіп, сауда және АКТ (ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – Kursiv.kz) салаларында ашылады. Бұл үшін білікті кадрларды көптеп даярлау қажет», – деді министр.
Дәленовтың дерегіне жүгінсек, 2019-2025 жылдары 2,6 млн жаңа жұмыс орындары құрылады екен. Оның жартысына жуығы 41,6 трлн теңгеге жүзеге асырылатын жаңа инвестициялық жобалардың арқасында пайда болады.
Бұл ретте, осы 2,6 миллионның ішіндегі 600 мыңы – жұмыс күшінің таза өсімі болса, қалған 2 миллионы экономиканың түрлі салаларындағы жұмыс күшінің ағынымен қамтамасыз етіледі. Жалпы, жұмыспен қамтылған жұрттың қатары 2025 жылға қарай, 2018 жылғы 8,7 миллионнан 9,3 миллионға дейін өсуі тиіс.
Сонымен қатар, еңбек нарығы құрылымында сапалы өзгерістер орын алады деп күтілуде. Мәселен, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың үлесі 7,5%-ға азайып, агроөгеркәсіп кешені және өңдеуші өнеркәсіптегі ірі инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен экономиканың нақты секторында жұмыспен қамтылғандардың үлесі 3%-ға өседі. Туризм мен қызмет көрсету саласының үлесі 2%-ға артуы тиіс.